Сегіз жыл соттасқан Анджелина Джоли мен Брэд Питт ресми түрде ажырасты
Жарияланған күні:
Анджелина Джоли мен Брэд Питт сегіз жылға созылған сот процесінен кейін ортақ келісімге келіп, ресми түрде ажырасты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BBC Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әлемге танымал жұлдыздардың ақыры ажырасып тынғанын Джоли мүддесін сотта қорғаушы адвокат Джеймс Саймон жариялаған.
Заңгердің айтуынша, Анджелина істің осылай аяқталғанына қуанған.
"Сегіз жыл бұрын басталған ұзақ процесстің бір бөлігі ғана. Шынымды айтсам, Анджелина әбден шаршады, бірақ соттың осы бөлімі аяқталғанына өте қатты қуанды", - дейді адвокат People журналына.
Джоли мен Питт қол қойған келісім шарттары жарияланған жоқ.
Анджелина мен Брэд 2014 жылы үйленген. Олардың алты баласы бар. Баспасөз екеуін "Бранджелина" деп атап кеткен.
Джоли 2016 жылы ажырасу туралы арыз түсірген. Кейін оның Питті өзі мен екі баласына қол көтерді деп шағымданғаны мәлім болды. Полиция тексеру жүргізген, бірақ Брэдке айып тақпаған. Ол айыптаулардың бәрін жоққа шығарған.
Питт пен Джоли 2005 жылы "Мистер және миссис Смит" фильміне түсу кезінде танысқан. Екеуінің өмірін халықаралық БАҚ жіті бақылап келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2207318-segiz-zhyl-sottasqan-andzhelina-dzholi-men-bred-pitt-resmi-turde-azhyrasty/