Top.Mail.Ru

Зектілері

Этникалық қазақ Қытайдың солтүстік-батысындағы қалаға әкім болып сайланды

Жарияланған күні:

Ербол Зықанұлы
Ербол Зықанұлы: thepaper.cn

Этникалық қазақ Ербол Зықанұлы Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Чжанъе қаласына әкім болып сайланды, деп жазады Kazinform.

Ақпарат агенттігі қытайлық The Paper басылымының дерегіне сүйенген. Басылым мәліметінше, Чжанъе қалалық V Халық өкілдері жиналысында Ербол Зықанұлы қалалық әкімдік басшысы қызметіне бірауыздан сайланған.

Қытай басылымы бұған дейін Шыңжаң өлкесінің аудит басқармасын басқарған Зықанұлының 2024 жылғы қазанда қалалық партия комитеті хатшысының орынбасары, қала әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалғанын жазған.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, Ербол Зықанұлы 1973 жылғы мамырда Қытайдың Алтай өңірінде дүниеге келген, білімі – жоғары. Бұған дейін Буыршын ауданының әкімі, Алтай аймағы әкімшілік басшысының орынбасары секілді лауазымды қызметтер атқарған.

Ербол Зықанұлы – Қытайда ұлты қазақ шенеуніктері арасында Шыңжаң өлкесінен тыс жерде өңірлік маңызы бар қалаға әкім болып сайланған алғашқы тұлға.

Чжанъе – Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясына қарасты жергілікті маңызы бар қала. Мұнда 1,2 миллионға жуық халық тұрады. Қала тұрғындарының шамамен 97 пайызы – этникалық қытай.

Қалаға қарасты Сунань сарыұйғыр автономиялық ауданы Қытайды ғана мекендеген түркітілдес сарыұйғыр халқының тарихи мекені саналады. Сонымен бірге қала округінде дүнген, моңғол, тибет халықтарының өкілдері тұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2208632-halqynyng-97-paiyzy-qytailar-etnikalyq-qazaq-qytaidyng-soltustik-batysyndagy-qalaga-akim-bolyp-sailandy/