Әлемде азық-түлік бағасы өсті
Опубликовано:
Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтері бойынша, өткен айда азық-түлік бағасы өсті, деп хабарлайды kazinform.kz.
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының баға индексі шілдеде 130,1 пунктке жетті, бұл маусымдағы көрсеткіштен 1,6 пайызға жоғары. Бұл әлемде ет пен өсімдік майына деген бағаның өсуімен байланысты.
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы өкілдерінің хабарлауынша, азық-түлік бағаларының индексі 2022 жылдың шарықтау шегіне жеткен кезден 18,8 пайызға төмен. Алайда ол 2024 жылғы көрсеткіштен 7,6 пайызға жоғары болып отыр.
Дәнді дақылдар
Дәнді-дақылдар бағасының индексі орта есеппен 106,5 пунктті құрады, бұл маусым айымен салыстырғанда 0,8 пайызға төмен. Бидай мен сорго бағасының төмендеуі жүгері мен арпа бағасының өсуінен басым болды. Солтүстік жартышардағы маусымдық бидай жинау науқаны да бағаның төмендеуіне ықпал етті.
Күріштің барлық түрлері бағасының индексі 1,8 пайызға төмендеді, бұл ірі көлемдегі экспорттық жеткізілімдер мен әлсіз импорттық сұранысқа байланысты болды.
Өсімдік майы
Шілде айында өсімдік майлары бағасының индексі орта есеппен 166,8 пунктті құрап, соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 7,1 пайызға жоғары. Көрсеткіштің өсуіне пальма, соя және күнбағыс майларының қымбаттауы себеп болды.
Пальма майының бағасы әлемдік жоғары сұраныс пен бәсекеге қабілеттіліктің артуы аясында көтерілді, ал соя майының бағасы Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы биоотын саласының тұрақты сұранысы туралы болжамдардың арқасында өсті.
Күнбағыс майының қымбаттауы Қара теңіз аймағындағы экспорттық жеткізілімдердің қысқаруымен байланысты болды. Ал рапс майы, керісінше, Еуропадағы мол өнімге байланысты арзандады.
Ет өнімдері
Ет бағасының индексі орта есеппен 127,3 пунктті құрап, жаңа рекордтық деңгейге жетті. Бұл көрсеткіш маусым айымен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары. Өсім сиыр және қой еті бағасының қымбаттауымен байланысты болды, оған жоғары импорттық сұраныс, әсіресе Қытай мен АҚШ тарапынан, әсер етті.
Құс еті бағасы да сәл өсті, бұл Бразилияның құс тұмауынан таза ел мәртебесін қайта алуымен байланысты. Ал шошқа етінің бағасы, керісінше, ұсыныстың артуына байланысты төмендеді.
Сүт өнімдері
Шілде айында сүт өнімдері бағасының индексі маусым айымен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеп, 155,3 пунктті құрады. Сары май мен құрғақ сүт бағасы ірі көлемдегі экспорттық жеткізілімдер мен әлсіз импорттық сұранысқа байланысты төмендеді. Алайда әлемдік нарықта ірімшік бағасы Азия және Таяу Шығыс нарықтарындағы жоғары сұраныс пен Еуропалық Одақтағы экспорттық ұсыныстың қысқаруына байланысты өсе берді.
Қант
Қант бағасының индексі орта есеппен 103,3 пунктті құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеді. Бағаға қысым 2025-2026 жылдары қанттың әлемдік өндірісінің қалпына келетіні туралы болжамдармен, әсіресе Бразилия, Үндістан және Таиландта, байланысты болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2273700-alemde-azyq-tulik-bagasy-osti/