Алматының басты бәсекелестері 2022 жылғы қысқы Олимпиададан бас тартты

Опубликовано:

Алматы 2022 жылы ақ Олимпиаданы өткізуге басты үміткерлердің бірі атанды. 4 жылдықтың ең маңызды спорттық шарасын өзінде жасауға бәстескен қалалардың ішінде нақ осы Алматының дайындығы тиянақты екен.

Дегенмен үмкіткер болған 19 қаланың 14-і өз еріктерімен бас тартқаны бар. Тәуелсіз сарапшылары бұл Олимпиаданы өткізу ел бюджетіне залал келтірмесе бір тиын пайда әкелмейтінін түсінгендердің ісі дейді.

Ал Алматыны алға тартқан жауаптылар бұл пікірмен келіспек емес. 4 жылда бір келіп, төрткүл дүниенің демін ішіне тартқызатын спорттық дода қайсы елде өтсе, сол жұрттың төрт құбыласы тең деген түсінік ескірді қазір. Олимпиаданың жазғысы, болмаса қысқысы ма әйтеуір ұйымдастырған елдің қазынасын ортайтқаны жасырын емес.

Тарихқа тым терең бойламай-ақ бертінгісін айтса да жетер. 2008 жылы Бейжің 42 млрд доллар жұмсалыпты, бірақ қазір пайда тұрмақ шығындарын жабу мұң. Осы тұрғыда 2022 жылы Алматының ақ Олимпиаданы өткізбекке жанталасуы бекер, өйткені бұл жетіспей отырған жұрттың тапқанын желге шашу дейді сарапшылар.

"Олимпиаданы өткізу қыруар шығын. Жұмсалған ақшаны спорттық дода кері қайтару үшін арнайы бағдарлама қажет. Қазір ондай бағдарлама атымен жоқ және қолданыстағы спорт кешендерінің өзі ақшаларын өтей алмай жатыр. Гәп те осында", - дейді ардагер спортшы Вадим Куликов.

Қазір Алматыны қосқанда тек 5 қала қалды. Дегенмен біздің Олимпиада комитеті керісінше, 2022 жылы Алматы қысқы доданы өткізсе 50 мың жұмыс орны ашылатынын, тіптен қазір қала Олимпиадаға 62 пайызға дайын екенін жеткізді.

Бұл көрсеткіш 2017 жылғы Универсиададан соң 80 пайызға жетеді екен.

"Алматы үшін бұл олимпиаданың маңызын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олимпиада бізде өткізетін болса пайданың астында қаламыз. Елімізде спорт үшін салынып, артынша қараусыз қалған бірде бір стадион жоқ. Барлығы елдің қажеті үшін жұмыс істеп жатыр", - дейді Қазақстан Олимпиада комитеті атқарушы кеңесінің мүшесі Андрей Крюков.

Спорттық нысандар демекші, Олимпидаға деп арнап салынған кешендер бүгінде әлемнің әр түкпірінде қаңырап тұр.

Мәселен міне, Афина, Бейжің, Туриндегі 4 жылдық додаға деп тұрғызылған спорт кешендерінің ахуалы, адам аярлықтай. Ұйымдастыруға кеткен шығынды шығармайтыны бір, стадиондардың күн астында тот басып жататыны тағы бар.

2022 жылғы Алматыда өтуі мүмкін ақ Олимпиаданың бюджеті де осал емес. Бірақ Ұлттық Олимпиада комитеті еш нәрседен сасып отқан жоқ. Бар-жоғы екі спорт кешенін салсақ ХХІV қысқы ойындарды өткізуге сақадай саймыз деп отыр. 8 жылдан кейінгі осы дүбірлі доданың қай қалада өтетіні келесі жылы жазда Малайзияда айтылмақ.

2022 жылғы қысқы Олимпиада Алматының негізгі бәсекселестері Мюнхенге де, Давосқа да, Ослоға да, ал енді Краковқа да қажеті жоқ. Бұл еуропалық қалалар 2022 жылғы қысқы олимпиадалық ойындарды өткізуге әзір болатын, енді сайып келгенде бұл жоспарларынан бас тартып отыр", деп хабарлады Sports.kz Иносми.ру-ға сілтеме жасап.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/315598-almatynyn-basty-besekelesteri-2022-zhylgy-kysky-olimpiadadan-bas-tartty/