RU

Үндістанда адамдар тобыры бір отбасын қырып тастады

Үндістанда адамдар тобыры сиқырмен айналысты деген күдікпен бір отбасын қырып тастады деп жазады Reuters.

Оқиға Орисса штатындағы Лаханда елдімекенінде орын алды. Жергілікті тұрғындар ерлі-зайыптыларды сиқырмен айналысып, көршілерінің балаларына ауру жіберіп жатыр деп айыптаған.

Бес адамнан құралған топ балталармен қаруланып, жәбірленушілердің үйіне басып кіріпті. Олар алдымен ерлі-зайыптыларды балталап өлтіріп, артынша олардың төрт баласына қол салған.

Тобырдың ішінде қайтыс болған ерлі-зайыптылардың туысы да болған екен. Үйдегі тағы екі бала аман қалып, болған жайтты полицейлерге солар хабарлапты.

Оқиға орнына жетіп келген полицейлер үй ауласының қанға боялып, адам мәйіттерінің бөлшектеліп жатқанын анықтады.

Тексеру барысында соққыға жығылған 4 баланың бірі шалажансар күйде жатқанын байқаған тәртіп сақшылары оны дереу ауруханаға жеткізіп, өмірін аман алып қалды.

Айта кету керек, Үндістан билігі тылсым әлемнің жоқ екенін халықа қанша түсіндірсе де жергілікті тұрғындар арасында сиқырға сенетіндердің саны көп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/820000-undistanda-adamdar-tobyry-bir-otbasy/