RU

Ененің міндеті келін болудан кем емес һәм қазіргі енелер қандай?

Ененің міндеті келін болудан кем емес һәм қазіргі енелер қандай? Түскен шаңырағын шайқалтпай, берекесін берік ұстап, болашақ келініне үлгі болу үшін қазіргі келіндер, ертеңгі енелерге Намыс порталы өз кеңестерін ұсынды.

«Көргенсіз дегізбе…»

«Келін оңбай ұрпақ оңбайды» деп жатамыз, келін қай кезде оңады – келген жерден мейірім көргенде ғана оңады. «Мейірім көрсетпегенге мейірім жоқ», – деген сөз бекер айтылмаса керек. Кешегі тұлымы желбіреген қыз – өмірлік тәжірибесі жоқ жас бала, жат босағаның табалдырығын аттайды, келін атанады, ол үйдің жылдар бойы қалыптасқан өз қағидалары бар, өмір сүру салты бар, әдет-ғұрыптары бар. Келген келін есіктен кіре ол үйдің ағысымен ағып кете алмайды, кейде сол ағысқа қарсы келіп қалатын кездері болады, сондай кезде керістің себебін анықтап, түсініктік танытып, сабырменен тәрбиелеу – ененің тікелей міндеті. Ол келін қайдан оңады, алтын ұясынан ұшпай тұрып анасы: «Қарағым сен ертең бір үйге келін боласың, барған жеріңді көгертем десең, сол үйдің отымен кіріп күлімен шығуың керек. Ыстығына күйіп, суығына тоңсаң, сонда ғана бақытқа жетесің. «Көргенсіз, анасы үйінде не үйреткен» – деген сөзге қалма,  маған сөз келтірме!», – деп бала күнінен құлағына құймаса. «Қыз – жат жұрттық», «қыз – қонақ» деп оң босағада қызбаланы еркін ұстайды, ұйықтаса оятпай, ауыр нәрсе көтертпей барынша мәпелеп, аялап, анасы іштей аяп, «балапаным-ай, қандай жерге барар екенсің, әйтеуір менің көрген қиындығымды Аллам саған көрсетпесін!» деумен болады.

Кірпідей жиырылған ене

Келген жерінде енесі жылы қабақ танытып, «айналайын сен енді осы үйдің келінсің, осы әулеттің ұрпағын көбейтіп, ағайынды сүттей ұйытып, дәулетің артырып, жаманын жысырып, жақсысын асыр. Бар қылатын да жоқ қылатын да әйел, барыңа зар қылатын да әйел, еркектің алды тар, арты кең, аңғал, сен қалай бұрасың солай бұрылады, баламның жағасы кір болмасын, қабағы ашық болсын, шәйіңді күліп бер келген қанақты күліп қары ал…» -деп өнегелі сөзін айтып, жылы-жылы сөйлесе келін де барынша тырысып, сол үйдің тәрбиесін бойына сіңірер еді. Ал егер ене келін келген күннен кірпідей жиырылып, «кімді алып келгенсің, осы сенің теңің бе еді, қалың қыздың ішінде жүріп тапқанының түрін қарашы…» деген пікір айтылса, ол некенің баянды болуы екі талай. Келін қанша тырысып ененің ойынан шығайын дегенмен, қарсылас жағы міз бақпай мұздай болып сіресіп отырады. Сол екі ортада шайқаса жүріп дүниеге бір екі немере де келіп үлгереді, амал қанша сірескен мұзды балдай тәтті немереде жібіте алмайды, өйткені бұл біздің жүрегімізде иманға инедей де орын жоқ деген сөз, әбден қарайып алған жүректе қайдан жылу болсын, жылу жоқ жерде иманға да орын жоқ. Шыдамның да шегі бар, «жақсылықты түсінбейді екенсің деп келін қарсы шабуылға шығады», оның аяғы айтпасада түсінікті, кеше ғана үй болып, елдің ақ батасын алған ақ отаудың шаңырағы ортасына түседі.

«Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды…»

Кей кезде ананың шектен асқан балаға деген махаббаты «ішке сыйған бала сыртыма да сияды», «сен ондай қорлыққа көнуге тиісті емессің», – деп алғашқы қиындыққа төтеп бере алмай, үйіне әкеліп алады. Бұрын кеткен қызды құрметтеп, төркінге шақырмайынша келмейтін, қазір бүгін ұзатса ертең тайраңдап төркінде жүреді. Дамыған заман телефон бар, күйеуім бүй деді, енем сүйдеді деп барған жерінің хабарын сөзбе-сөз жеткізіп отырады, аяғы көңіл қалысып, екі жақ араз болып ажырасуға алып келеді. Келін жылап еңіреп баяғы өзінің қамқоры, аяулы анасына қоңырау соғып, көрген қорлығын, басынан өткезген бақытсыздығын, одан ары төзу мүмкін еместігін айтып жылайды. Сай сүйегі сырқыраған ана «қарағым-ай, ондай қорлыққа қалай көнесің, елің бар, мен бармын, ішке сыйған балам, сыртыма да сиясың деп, апай-топай көшіріп алады. Ашу үсінде ішке сыйған баланың сыртқа сыймайтынын, ішкі әлеммен сыртқы әлемнің, күнменен түндей еш қауышпайтынын ойлау мүмкін емес еді. Екі оттың ортасында бала байғұс күйеді,  асыл анасымен, сүйікті жары қайсысын таңдар, екеуі де аяулы, екеуі де қымбат жандар енді қайтпек, әрине ананың ақ сүтін қай бала аттап кетпек? Осылайша бір отбасы күйрейді, бала – жетім, әйел не жесірдің қатарына жатпайды, баласын жетектеп қаңғып қалады. Бұл біздің қоғам, соңғы елу жылда жүйелі түрде қалыптасқан сценарий, сәл-пәл өзгеруі мүмкін, жалпы мағынасы жағынан осылай.

«Келін оңбай қазақ оңбайды» дейсіз…

Еліміздің бас газеті «Егемен қазақстан» газатің үстіміздегі жылдың желтоқсан айында жаряланған аты айқайлап тұрған «Келін оңбай қазақ оңбайды» деген Жұманазар ағаның мақаласын оқып ойға қалдым. Оу ағатай-ау, бір тырнақтай келін бір өзі бүкіл қазақты қалай оңдырсын, ол әуелі өзі оңып алсын, ол оңу үшін енелер, үлкендер, біздер  оңуымыз керек деп ойлаймын, біз өзіміз жетісіп келін болып, керемет ене бола алдық па? Жақында бір құрбыма: «жас болса келе жатыр, алдымызда үлкендер қалмауға айналды, енді намаз оқып ел мен екі дүниенің тілеуін тілейік, балаларымызға өнеге болсын, сабырға келейік» десем, «күнәм шашымнан көп, қалай намаз оқимын» дейді. Сол айтпақшы күнәміз шашымыздан көп үлкендер, аналар түзелмей келін байғұс қайдан оңсын?! Түгелдей бір ұлттың жауапкершіліген өмірдің табалдырығын жаңа ғана аттаған жас келінге аудара салмай, үлкендер өзіміз атсалысайық, ақсақалдар алқасы, енелер мектебін қалыптастырып, жастарға қамқор болайық. Ата салтымыз, дәстүріміз қайда, тіліміз, дініміз қайда? Жоғалтқанымызды қайта табайық, сол бағытта жабыла жұмыс жасасау уақыт күттірмейтін ең негізгі шаруа.

«Отбасын сақтаудың он тәсілі» неге жоқ?

Иә, тәрбие әр отбасынан, одан қалаберді мектеп қабырғасынан және жоғарғы оқу орындарында жүйелі түрде жүргізілсе, ол үшін әр-бір сөзінде қорғасындай мәні бар, аса маңызды құндылықтарға толы оқулықтар керек, бір стандартпен жазылған тәрбиелік мәні бар адамзаттың дұрыс өмір сүруін ретке келтіретін лекциялар оқылса нұр үстіне нұр болар еді. Адамның аса күрделі жан дүниесіне рухани тірек болатын  қарапайым заңдылықтарды  жаңа шаңырақ көтерген отбасыларына бақыт пен қуанышқа апартын жол деп, кішігірім  кітапша етіп сыйға тартса. Таңғажайып даналыққа құрылған саф алтындай  асыл дініміз бар, ғасырлар бойы  атадан балаға мұра болып келген, керемет жүйеде қалыптасқан қайырымдылық пен ізгіліке жетелейтін  салт-дәстүріміз бар. Қоныс таңдағанша, өріс таңда деген, рухани  ой-өрісімізді кеңейтіп, қоғаммен ата-ана алдындағы парыз бен мақсат міндеттерімізді айқындап алайық. Ақпараттық интернет желілерінде дұрыс пайдаланса ол да тиімді болар еді, осы компютерді ашып қалсаң «сұлулықты сақтаудың он тәсілі» немесе «қартаймаудың он тоғыз сыры» деген сияқты жарнамалар қаптап тұр, неге бізде отбасын сақтаудың тиімді тәсілдері, ақылды келін, мейірімді, парасатты ене деген сияқты қысқа ақыл кеңес айдарын ашып қоймасқа. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген, бұл сіздің де менің де басымда кездесетін жағдай, бұл ұрпақ қамы, оны сырттан келіп бізге ешкім еш уақытта жасап бермейді, әркім өз қотырын өзі қасиды. «Мемлекет беріктігі – отбасы беріктігі, сіз болып, біз болып балаларымызға бағыт бағдар көрсетіп, сара жолға салайық, ұлдарымыз еңселі, қыздарымыз қылықты болсын. Нағыз бала тууға қабілетті, белсенді шағында отырған қыздар және жас жесірлер ұлтымыздың асыл генефоны емес пе еді?.. Осы мәселені тереңірек, толығырақ сөз етіп  талқылауға неге бет моншағымыз үзіліп отыр?» – деп толғанады Жұма-Назар аға.

Жастар тәрбиесі үшін жаныңды сал мемлекет

Иә, аға бар адам сіздей ойласа, әлде қашан отырған қыздарымыз балалы болып, халқымыздың саны едәуір өсер еді. Қыздар да ойланып оқумен қатар тоқуды меңгеріп, нағыз бақыт отбасылық бақыт екенін түсінетін уақыт келгенін білсе екен. Әйел ешқашан жалғыз жүріп бақытты бола алмайды, пұшпағы қанап бала таппаса, ол әйелдің құны көк тиын. Өмір баламен қызық, тас емшегіңді иітіп, тар құрсағыңды кеңейткен, тұла бойыңды иіткен тұңғышыңды қолыңа алғанда, әлем басқаша күйге еніп, ғажайып күй кешесің, ол бақытты ана болған жан ғана басынан кешер. Сол бақыттың тәтті дәмін дүние есігін қыз болып аттаған әрбір әйел сезініп, бақытты ана болса екен. «Отырған қыз орнын табады» деген мақал құнын жойғалы қашан, ана болу үшін алдымен жар табу керек, Алла Тағалала да бізді жұп қып жаратты. Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан. Бұл да бір толғандырған тақырып, жар құшағын аңсаумен қаншама жас қартайып барады. Әр нәрсе өз уақытымен болғанға не жетсін. Аналарымыздың күйеуге тиюге де ақылы жеткен, оны ұстап тұруға да ақылы жеткен, әулетті ұйыта білген, өмір тауқіметімен күресіп, қасіретін жеңе білген. Біз солардың жалғасымыз. Келер ұрпақ бізден озық туатынына сенімдіміз. Осы дәстүр сабақтастығын үзбей, сол жолда жабыла қызмет етейік, өркениетті еліміздің мәдениетті жастарының түтіні түзу ұшсын. Жастар тәрбиесі үшін қандай да батыл қадамдарға баруымыз керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1025313-eneninh-mindeti-kelin-boludan-kem-emes.html