RU

Ақтөбеде мұсылман қыздарға арналған фитнес-клуб ашылды

Ақтөбедегі жаттығу залы бетін бүркеген мұсылман қыздардың тұрақты келетін орнына айналған. Олар клубқа ешқандай ер адаммен кездеспей кіре алады.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Бизнестің жол картасы бойынша арнайы бағдарламамен мемлекеттен қаржылай қолдау алған ақтөбелік кәсіпкер дін жолындағы қыздарға жағдай жасап жатыр. «РИДК» клубында мұсылман қыздарға арналған  спорт бөлмесі жұмыс істейді.

«Дін жолындағы қыздар да өздерін қалыпқа келтіру керек. Оларға ешкім кедергі келтірмейді, жақсы жаттығады. Олардың арасында 4-5 балалы келіншектер де бар. «Біз бала да тууымыз керек, өзімізді де қалыпқа келтіруіміз керек» деп өздері де әзілдеп жатады. Бізге 27 мен 40 жас аралығындағы дін жолындағы қыздар тұрақты келеді», - дейді «РИДК» клубының директоры Юлия Вольф.

Клубтың ішінде өздерін ер адамдардан бөлек ұстайтын мұсылман қыздарға арналған орын бар. Олар жаттығу бөлмесіне ешқандай ер адаммен кездеспей кіре алады. Орталық жеңіл және ауыр жаттығу құралдарымен жабдықталған. Шешіну бөлмесінен кейін бірден шағын залға кіреді.

«Өткен жылы жаттығу залына мұсылман қыздар көптеп келді. Айына 30-40 әйел адам тұрақты келетін еді.  Биыл мұсылман қыздарға арналған залда 15 адам жаттығады. Дағдарысқа байланысты болу керек. Олар жаттығуға келгенде қарапайым қыздар сияқты жейде мен ыңғайлы киімдер киеді. Сыртқа шыққанда өздерінің киімдерін киіп, беттерін жауып кетеді», - дейді Юлия Вольф.

Мұсылман қыздарды фитнеске шақыру идеясын клуб директорының өзі құрған.

«Бізге жақсы жарнама керек болды. «Мұсылман қыздар бөлек жаттыға ала ма» деген көп қоңыраулар болды. Осыдан кейін бұл жобаны қолға алу керек деп шештік. Клубтың өзі тыныш ауданнан ашылды. Үйде отырған қыз-келіншектердің спортпен айналысуына барлық жағдайды жасап отырмыз. Әйел адам өз бұлшық еттерін ретке келтіру керек. Жүгіру жолағы, велосипед, әйелдерге арналған іш тартуға көмектесетін спорт құралдары бар. Осындай ұсынысты мұсылман әйелдерге арнап отырмыз. Адамдарды өзіміз шақырамыз. Көшеден мұсылман қызды көрсем, қасына барып, осындай залдың бар екенін түсіндіремін. Кейбіреулер сенімсіздік танытады», - дейді орталық қызметкерлері.

Дін жолындағы қыздарға арналған спорт бөлмесіне әртүрлі жастағы келіншектер барады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1041403-aqtobede-musylman-qyzdargha-arnalghan.html