Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттегі шұлық фабрикасына Ресей мен АҚШ-тан тапсырыс түсуде (фото)

Опубликовано:

Шымкентте іске қосылған «Әлем БТ» фабрикасы жылына 16 млн жұп шұлық шығаруға қауқарлы. Назарбаевтың қатысуымен телекөпір арқылы іске қосылған фабрикада бүгінде тәулігіне 60 мың жұп шұлық шығарылуда.

Бір жұп шұлықтың тігісіне 3 минут жұмсалады. Мұның бәрі озық технологияның арқасында екен. Осы ретте NUR.KZ  тілшісі өнімнің шығарылу процесімен арнайы танысып қайтты.

Өткен жылдың соңында іске қосылған фабрикадағы барлық жабдық Оңтүстік Кореядан әкелінген. Басшылық техникаларды іске қоспас бұрын корейлік мамандардың көмегіне жүгінген. Күні бүгінге дейін сол елдің мамандары жергілікті жұмысшыларға тәжірибелерімен бөлісіп келеді.

Өндіріс орнын қажетті шикізат - жіппен Шымкенттегі «Ютекс» АҚ қамтамасыз етіп отыр. Ал бояғыштар текстиль өндірісінде әлем бойынша кең сұранысқа ие әрі сапасы жағынан нөмірі бірінші болып табылатын «Suncolours» мекемесі жеткізеді.

Фабриканың атқарушы директоры Аслан Ибадуллаевтың айтуынша, бояғыштар сапасы жағынан теңдесі жоқ өндіріс орнынан жеткізілсе де, химик мамандар оны лабораториялық сараптамадан өткізеді.

Атқарушы директордың сөзіне сенсек, бір жұп шұлықты тоқуға небәрі 3 минут жұмсалады. Әрине, ол үшін қажетті шикізат толықтай дайын болуы қажет.

Алдымен жіп қажетті түске боялады. Бұл жұмыс арнайы цехтағы қазандықтың көмегімен жүзеге асырылады. Яғни, қазандыққа бояғыш пен су құйылып, оның үстіне орамдағы жіптер салынады. Ол 120 градус нөлден жоғары температурада қайнайды. Оған 4 сағат уақыт жұмсалады. Мұнан соң кептіріліп, тігін техникаларына лайықталып орамдарға оралады. Айта кетейік, цехта тәулігіне 2 тонна жіп боялады.

Дайын болған жіптер түтікшелі тігін машинкаларына орнатылады. Бүгінгі таңда фабрикада тігін машиналарының саны – 175. Жақын күндері олардың қатары тағы да 55 техникамен толығады. Бір жұмысшы он техниканы меңгере алады. Себебі машинка электронды басқарылады. Жұмысшылар шыққан өнімнің сапасын ғана бақылап отырады. Егер тігістен ақау шықса, ол сатылымға шығарылмайды.

Тігін техникасында бір жұп шұлық 2 минутта тоқылады. Тек саусақ тұсын өзге тігін машинасы тігіп шығады. Ол бөлек цехта жүзеге асырылады. Мамандар кәдімгі қол машинасы секілді шұлықты жабдықтың тігіс тігетін тұсына туралап ұстап отыруы қажет.

Тігіліп шыққан өнімнің енді пішінін дәл түсуі үшін үтіктеледі. Бірақ, кәдімгі тұрмыстағы киімдерге қолданылатын үтікпен емес, арнайы техниканың көмегімен іске асырылады.

Үтіктелген өнім тағы да кептіргіш жабдықтың көмегімен кептіріледі.

Өнім дайын. Енді оны қаптап-орау жұмыстары қалды. Яғни, өнімге марка таңбалары жабыстырылады. Мұндағы шұлықтар «KO RE» тауар белгісімен нарыққа шығарылады. Затбелгіде шұлықтың қазақстандық өнім екенін айқындайтын «отандық өнім» белгісі де бар.

Өндіріс орнында ерлер, әйелдер және балалар шұлықтарының қыстық және жаздық түрлері тоқылады. Ал дизайны жағынан мыңға жуық шұлықты табуға болады. Олар тапсырыс берушілер мен білікті мамандардың бекітуімен тігіледі.

Фабрика 160 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Оның 30-ы мүмкіндігі шектеулі жандар. Жалақылары орта есеппен 75 мың теңге көлемінде. Өндіріс орны қаланың шетінде болғандықтан жұмысшылар мекеменің арнайы автобусымен қатынайды. Сондай-ақ олар мекеме есебінен түстенеді. Яғни, мұнда асхана да қарастырылған.

Айтпақшы, кәсіпорын қазіргі таңда тек Оңтүстік Қазақстан облысын емес, сонымен қатар Астана, Алматы секілді өзге де қалалармен тікелей жұмыс жасауда. Одан өзге Қызылорда, Батыс Қазақстан аймақтарына тікелей Шымкент арқылы төмендетілген бағамен жеткізетіндер де бар екен. Сәуір айында өндіріс орны өнімін алыс-жақын шетелдерге шығаруды жоспарлап отыр.

«Ресей мен Америка елдерінен сұраныс түсті. Сонымен қатар Еуропа мемлекеттері де біздің шұлықтарға қызығушылық танытып отыр. Соның ішінде польшалықтар 1 млн жұп шұлыққа тапсырыс беретіндіктерін жеткізді. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде»,-деді фабриканың атқарушы директоры.

Фабрика құрылтайшысы Қайрат Балабиев тек шұлық өндірісімен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта брендті ерлер және әйелдер киімдері мен аяқ киімдерді, сүйретпелерді, сондай-ақ шұлықтың түр-түрін шығаруды жоспарлап қойыпты. Осылайша ондағылар текстиль өнеркәсібі бойынша отандық өнім санын арттырмақ. Өз өнімдерімен тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттау арқылы ел экономикасының артуын көздеп отыр.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1058664-shymkenttegi-shulyq-fabrikasyna-resey/

pixel