RU

Ерболат Беделхан: Шаш өсіріп, сырға таққанда тұрған ештеңе жоқ

«Орда» тобының жетекшісі, Ninety One тобының продюсері, белгілі музыкант Ерболат Беделхан атышулы топты сынға алғандарға Ikerim.kz порталына берген арнайы сұхбатында жауап берді.

Топ продюсері әрі әнші Ерболаттың айтуынша, мәселе шаш пен сырғада емес.

Ninety One тобы құрылған күннен бастап, сыни пікірлер көп айтылып жүр. Шаштарын бояп, сырға тағып шықты деп сынады. Одан қалса, бір жынысты адамдарды қолдайды деген жаңсақ пікір қалыптасты. Бұған бір жағынан Бұқаралық ақпарат құралдары кінәлі деп те ойлаймын. Өйткені, көбі бізді жаман жақтан көрсетіп, керісінше әнші жігіттердің жеткен жетістігі мен еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, ішкі болмысы туралы айтпады. Ninety One тобының өз сайты бар, соған кіріп, зерттесе, балалардың өмірбаянымен танысса, бәлкім жаңсақ пікір түбегейлі өзгерер ме еді? Бесеуі де қазақтың қарапайым баласы. Ал, шаш пен сырғаға келер болсақ, біз Америка ашып, велосипед ойлап тапқан жоқпыз. Құлағына сырға таққан, шаштарын өсіріп-бояған рок-музыканттар, түрлі хиппилер әркез болған, болады да. Қазақстанда болмаса да, әлемде бұрыннан бар. Олай болса, халықаралық деңгейге неге шықпасқа? Неліктен талпынбасқа? Мәселе шаш пен сырғада емес. Бастысы – өнер мен музыка. Жан-жақты таңдау мен талғамда. Біз осы жолда жүрген адамбыз", - дейді ол.

Ерболат Беделханның айтуынша, музыканттың бірден көзге түсетін, есте қалатын өз ерекшелігі болу керек.

"Кезінде «Орда» тобы болып, Батысқа да, Ресейге де бардық. Ол жақта, бізге Азиядан келгенсіңдер, мында қанша тырысқандарыңмен айтулы жетістікке жете алмайсыңдар деп жасырмай айтты. Ал Корея мен Жапония секілді елдерде танымал болуларың әбден мүмкін деді. Ninety One тобын құрмас бұрын, мен Кореяның поп-музыка стилін, бойз-бэнд құру жүйесін зерттедім. Нәтижесінде сол жүйені негізге алып, топ құруға заңды құқық беретін франшиза сатып алдым. Келіссөздер тоғыз ай бойы жүрді. Сары шаш, құлақтағы сырға, Zaq, AZ, Alem, Bala, Ace, деген қысқа ғана лақап аттар сол жүйеге тиімді маркетинг тәсілі. Музыканттың бірден көзге түсетін, есте қалатын өз ерекшелігі болу керек. Ол аты, келбеті, не киімі болуы мүмкін. Талантпен қатар, сауатты маркетингтің болуы әлемдік сахнаға шығуға мүмкіндік беретін негізгі жол", - деген топ продюсері сынды көтере білетін адам екенін де айтып қалды.

"Сыни пікірді көтере білемін. Оған еш ренжімеймін. Сахнада өнер көрсетіп келе жатқан үлкен ағаларымды да, халықтың еркесіне айналған інілерімді де құрметтеймін. Ойы мен көзқарасын сыйлаймын. Олардың стилі бір басқа да, біз таңдаған жол мүлдем бөлек. Десек те, сайып келгенде бәрімізді ортақтастырып отырған – өнер. Мен де өнерді дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Ешкімді алдап жүрген жоқпын, адал еңбегіммен нан тауып, отбасымды асырап жүрмін. Сыни пікірлер мен қарсылық шараларына қарамастан Қарағанды мен Шымкенттегі концерттеріміз жақсы өтті. Бізді жас жанкүйерлеріміз қолдап отыр. Өнерімізге табынушылар саны азайған жоқ. Жанкүйерлеріміздің ең көп тобы Түркия мен Ресейде. Біз жастарға жаман әдет үйретіп, қандай-да бір зомбылық насихаттап жүрген жоқпыз. Елімізде шешімін таппай келе жатқан мәселелер онсыз да көп", - дер түйді ол сөзін.

Естеріңізге салсақ, Ерболаттың продюсерлігіндегі Ninety One тобының Шымкенте өтетін концертіне бір топ белсенділер қарсы болып, видеоүндеу жариялаған. Нәтижесінде концерт кейінге шегерілген болатын. Бұдан кейін топтың Ақтөбедегі концертіне де белгісіз біреулер қарсы шығып, олардың концерті тағы да өтпей қалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл белсенділер тобы оларға белгісіз нөмірлермен қоңырау шалып, оларды жарып жібереміз деп қорқытқан.

Тағы оқыңыздар:

17 жастағы студент Алматы аруы атанды

Шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының саны 9 мыңға жақындап қалды

Атырауда екі сантехник кәріз жүйесінде тұншығып қалды

Қытайлық әжелер 50 жылдан соң ақ көйлек киіп, қайта тұрмысқа шықты

Түркиядағы жойқын жарылыс 18 адамның өмірін жалмады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1277607-erbolat-bedelkhan-shash-osirip-syrgha-taq.html