RU

18 жаста тұрмысқа шығудың басты артықшылықтары қандай? (фото)

Қазіргінің қыз-келіншектері «не мансап, не отбасы» деп екінің біреуін таңдай алмай бас қатырып жүр. Көптеген бойжеткендердің «отбасын құрсам, үйде отырып қаламын» деген қорқынышы басым. Сондықтан олар күйеуге шығуға асықпайды.

NUR.KZ порталына 18 жасында тұрмыс құрып, бүгінде көпбалалы ана атанған, қызметінде табысқа жете білген танымал тележурналист Салтанат Қалиева арнайы сұхбат берді.

Бес баланың анасы Салтанат ханымның сымбатының сыры неде?

Жасы 40-тан асса да, сырт келбеті мен сымбаты сақталған Салтанат Қалиева мұның сырын ішкі жан дүниесінің жастығымен және тұқымқуалаушылықпен байланыстырады.

«Негізі, сымбатты сақтау туралы енді ойланып жүрмін. 40-тан асқан соң ғана қартайып бара жатқанымды сезе бастадым (күледі). Ең қызығы, біздің отбасында ағам да, әпкем де өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді. Бәлкім, қаннан берілетін шығар. Онда тұрған ешқандай құпия жоқ. Керемет күтініп жүрмін деп айта алмаймын. Ел қатарлы таңертең-кешке бетімді жуып, крем жағамын. Дене сымбатына келер болсам, төрт баламды өзім босандым. Үшінші қызымнан кейін мені «семізсің» деп эфирге жібермей қойған. Жаңалықтарды жанымдай сүйгенім соншалық аз уақыттың ішінде арықтап эфирге қайта оралдым. Қосқан артық салмақтан спортпен шұғылдану арқылы арылып жүрдім. Ал кенжемді босанған уақытта тағы да біраз салмақ қосып алдым. Кесар тілігі әдісімен босанған соң бұл жолы дәрігерлер дене шынықтыруға рұқсат бермеді. Оның үстіне үйде күнде ет, бауырсақ, қонақ деген бар. Содан соң, өз-өзімді қолға алып, аз калориялы диетаға отыру арқылы 10 келіге дейін салмақ тастадым. Адам алдына мақсат қойса, оған деген ынтасы болса, бәрі де мүмкін. Жалпы, жастық сезім бойда емес, жүректе болады. Менің кеудемде әлі сол арманшыл, қиялшыл кішкентай қыз отыр. Ол қызды мен жақсы көремін және оны ешқашан сатып кетпеймін. Мүмкін бар құпиям осында шығар», - дейді тележурналист.

Ене мектебі

Салтанат Қалиева жан жары Бағдат Қожахметовпен отасқанына биыл 23 жыл толыпты. Жақында олар тұңғыш қыздары Айдананы ұзатқан болатын. Қазақы дәстүрге сай тұңғыштарын ата-апасының қызы деп атайды екен. Ата енесімен төрт жыл бір шаңырақ астында тұрған Салтанат ханым ене мектебінен қалай өткенін баяндап берді.

«Ата енеммен төрт жыл бірге тұрдық. Қыз кезімде үйдің жұмысынан гөрі қар күреп, от жаққанды, даланың жұмыстарын жақсы көретін едім. Тұрмысқа шығып, енемнен көп нәрсе үйрендім. Ол кісі маған тамақтың түр-түрін пісіруді үйретті. Осы 23 жылда бір дауыс көтергенін естімеппін. Енемді үлгі тұтамын. Мен үшін анам екеуі қатар тұр», - дейді Салтанат Қалиева.

Жас отбасыға ата-ананың араласпағаны дұрыс

Жастай тұрмыс құрған Салтанат ханым «Жас отбасының аяқтан тұрып кетуі неге байланысты?» деген сауалға жауап іздеп көрді.

«Меніңше, отбасы болып қалыптасуы үшін ата-аналар мүлде кіріспеуі керек. Екеуі не көрсе де өздері шешсін. Өздері көмек сұраса, қол ұшын созсын. Келіп ақыл сұрап жатса, ақыл-кеңесін айтсын. Осының өзі жеткілікті. Егер көмектескің келсе, кедергі жасама дейді емес пе?!

Екіншіден, отбасының бақыты екі жастың өздеріне тікелей байланысты. Көп жағдайда табысты ер адамның артында әйелдің еңбегі жатыр. Бірақ әйел қанша жерден барлық қиыншылықтарға төзіп жүре берсе, ал жолдасы өзгермесе, оның бәрі бекер. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты шаңырақтың шайқалмауына әйел де, еркек те жауапты.

Бағдат екеуміз екі сөмкені арқалап, Алматыға арман қуып келдік.Біраз жыл пәтер жалдап тұрдық. Барлық қиыншылықтарды бірге көрдік. Астанада екі қызымызбен кішкентай жатақханада да тұрдық. Қазір құдайға шүкір, балаларымызды аяқтандырдық. Мен арманшылмынмын деп айттым ғой жоғарыда, түбінде осындай деңгейге жететінімізге сендім», - дейді тележүргізуші.

Салтанат Қалиева ұл-қыздарын тәрбиелеудегі өзіндік әдістерімен бөлісті

«Қыздарымды қатал ұстаймын. Әр сағат сайын маған қай жерде, не істеп жүргендері туралы есеп беріп отырады. Қыз баланы қадағаламаса болмайды. Қабағымнан қорқады. Бірақ, өсе келе қыздарым менімен сырлас болып кетті. Өздерін құрбымдай көремін. Олардың достарын, араласатын ортасын жақсы танимын», - дейді көпбалалы ана.

Салтанат ханымның айтуынша, ер баланың тәрбиесі мүлде өзгеше. «Ұлдарға ауыр сөз айта алмайсың. Олар біреудің болашақ қамқоршысы, бір жанұяның отағасы. Сондықтан кішкентайынан біз, аналар солай тәрбиелеуіміз керек. Мен оларды болашақ жарларына дайындап жатырмын. Кейін келіндерім осы ұлдарым үшін жыламаса екен деймін», - деп жеке ойымен бөлісті журналист.

Салтанат ханым қазақ қыз-келіншектеріне арнап anabol.kz сайтын ашқан болатын. «Кенжемді босанып, декреттік демалыста бес жыл отырдым. Осы баламды еркелетіп, беске келгенше жұмысқа шықпаймын деп өз-өзіме ант бергенмін. Сол антымды орындап, үйде бала тәрбиесімен айналыстым. Бес жылда Instagram парақшама тек тамақ әзірлеу, үй шаруасы, бала тәрбиесі туралы жазбалар салатынмын. Бұрыннан ойлап жүрген идеяма бір оқырманымның «осы парақшада көп сұрақтарға жауап беріп үлгермейтіңізді байқадық. Неге сайт ашып бермеске?! деген ойы түрткі болды», - дейді Салтанат Қалиева.

Салтанат Қалиеваны қазіргі қоғамдағы шектен шығушылық алаңдатады

Салтанат Қалиеваны қазіргі қоғамдағы шектен шығушылық алаңдатады. «Әркім ойына не келсе, соны істейтін болды, тіпті, айтуға ауыз бармайтын, жиіркенішті жайттар көбейіп барады.Тоқалдар тақырыбын да айналып өте алмаймыз. Жасарамыз деп пышаққа түсіп, беті қисайған бірінші әйелдерінің проблемасы өз алдына. Адамдар бұзылды ма, заман бұзылды ма?! Меніңше, бүгінгі қоғам құлдырап бара жатыр. Тек бір Аллаға сыйыну ғана қалды», - дейді журналист.

Салтанат Қалиева ешкімге ақыл айтпайтынын алға тартады. «Өйткені ақыл айту - үлкен жауапкершілік», - дейді ол.

Тағы да оқыңыздар:

Әкесінің атына көше бермей, мектепті "6"-ға оқыған шенеунік (фото)

Қанат Исламның жекпе-жегіне бару қанша тұрады?

Алматы облысында 11 жастағы бала соқыр ішегіне жасалған отадан кейін, жарымжан болып қалған

Мәдениет министрі өзін "қырындады" деп айыптаған студентімен сотта кездеседі

Қазақстан футбол құрамасы Румынияны жеңе алмады (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1280634-18-zhasta-turmysqa-shyghudynh-basty-artyqshy.html