Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желіде жарияланған бойжеткеннің өлер алдындағы хаты жұрттың жүрегін елжіретті (фото)

Опубликовано:

Әлеуметтік желідегі парақшада 22 жастағы Қостанай тұрғынының өлер алдындағы хаты жарияланды. Онда бойжеткен өз сырқатымен қалай күрескенін баяндап, емхана дәрігерлеріне алғыс білдірген.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген бойжеткен орта мектептердің біріне орыс тілі және әдебиеті пәнінен мұғалім болып орналасқан. Айгүлдің үшінші курстан бастап денсаулығы нашарлайды, алайда оқуға қатты берілген ол бастапқыда денсаулығына мән бермеген.

"Диплом ұсынғаннан кейін сырқатым сыр бере бастады. Өзімді нашар сезініп, көз алдым бұлдырап, әлсірейтін болдым. Дауысым өзгеретін. Алайда окулиске жүгінгенімде, дәрігер компьютерден көзіңе зақым келген деп көзге тамызатын дәрі жазып берді", - деп сөзін бастады бойжеткен.

Бойжеткен 2015 жылдан бастап денсаулығы нашарлап кеткесін талай дәрігердің табалдырығын тоздырған. Алайда ақ халаттылар оған нақты диагноз қоя алмай,  біраз сабылтқан көрінеді.

"Орталық аудандық емханада бізді кабинеттен кабинетке сабылтып қойды. Өзім зорға жүріп жүрмін, арықтап, әлсіреп кеткенмін, сөйлеуге де мұршам жоқ. Ал олар болса диагноз қоя алмай, қабаттан қабатқа жүгіртті. Ақыры дәрігер дәрі жазып берді де, бізді үйге жіберді. Бұл ақылға қонымсыз еді, мен, тіпті бір қасық су да іше алмайтын күйде болдым, ал олар болса дәрі іш дейді", - деп күйінді Айгүл.

Бойжеткен өлім мен өмір арасында арпалысумен болған. Көп ұзамай Айгүлдің тыныс алуы да қиындап кетеді.

"Жедел жәрдем шақырттық, көп ұзамай ол келді, менің құтқарушым, дәрігер-реаниматолог Әкімов С. П. Ол тәуекелге бара отырып, мені емдеуге шындап кірісті", - деп жазған Айгүл.

"Мен жансақтау бөлімінде екі күн жаттым, бастапқыда жақсарғандай болдым, алайда кейін соңғы күшіммен тыныстайтындай күйге жеттім... Мен тек амалсыз қабырғаға тесіліп жаттым, ауырғаным соншалық, медбикелерге маған өлім уколын салуын өтініп, хат жазумен болдым. Олар болса, ата-анаңды ойла, шыда деумен болды. Еңсем түсіп, үмітім үзілер шақта соңғы күшімді жинап, Жаратушыдан көмек сұрадым, ол мені естіді", - дейді бойжеткен.

"Екі апта бойы емханада жаттым. Кейін біртіндеп оңалып, басқа бөлімге ауысқанымда өте бақытты болдым. Тек сол кезде тыныстап, тамақ, су іше алуың нағыз бақыт екенін түсіндім. Анаң, әкең, жақындарың ең қиын сәтіңде қасыңнан табылғаны - бақыт. Алғаш рет күріш ботқасын жей алғанымда, ол мен үшін ең дәмді ас болып көрінді. Енді ғана барымды бағалап, өмірді сүю керек екенімді түсіндім. Тек жақсылық жасап, бәрі жақсы боларына сене білу керек", - деп жалғастырды Айгүл.

Бойжеткен аяғынан тұруға көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірді.

"Мен Құдайға сенемін, маған оңалуға қол ұшын созғандарға алғысым шексіз. Денсаулықты сатып ала алмайсың, ешбір ақшаға. Бұл - өмірдің шындығы. Ата-анамды, достарым мен жақындарымды, әпкемді сүйемін. Алда әлі ұзақ ем күтіп тұр. Алайда мен тек жақсылыққа сенемін", - деп хатында ойын түйді Айгүл.

Өкінішке қарай, дәрігерлердің және Айгүлдің емге бар күшін салғанына қарамастан, бойжеткен төрт ай бұрын қайтыс болды. 22 желтоқсан күні Айгүл 23 жасқа толар еді.

Бойжеткеннің хаты желі қолданушыларының жүрегін елжіретті.

"Қандай ақылды еді, өзі де, жаны да көрікті әрі мейірімді. Әр сөзін оқи отырып көз жасымды тоқтата алмадым. Өмір қандай қатыгез еді. Ата-аналарына күш берсін. Өте өкінішті", - деп жазған Алтынай Самурзина есімді қолданушы.

Тағы да оқыңыздар:

Алматыда 10-шы баласын дүниеге әкелген әйел аядай бөлмені жалдап тұрып жатыр (фото)

Шымкент тұрғындары қалада орыс мектептерінің азайып кеткеніне алаңдап отыр

Қазақ қыздарының басым бөлігі некеге дейін төсектес болатынын мойындаған

Храпуновтың қызы Қазақстаннан жымқырған ақшасын Трамптың жобаларына салған

Терроризммен айыпталғандарды бөлек түрмеге отырғызу керек пе?

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1289921-zhelide-zhariya-etilgen-qazaq-qyzynynh-ol/

pixel