RU

Оңтүстіктің ең танымал байлары кімдер?

Cтатистика комитетінің есебі бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысы орташа айлық жалақы көлемі жөнінен қалтасы саяз өңірлердің қатарынан (3-орында – 103200 теңге) саналғанымен, бай-бағландарының саны жағынан ұятты емес деп жазады korrespondent.kz.

Сонымен оңтүстіктегі ең танымал байлар кімдер?

Серікжан Сейітжанов

Соңғы жылдары «Forbes» рейтингісінде Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің сапынан көрініп жүрген Серікжан Сейітжанов – осы Оңтүстіктің тумасы. Жыл сайын дәулеті артып жатқан азамат былтырғы тізімде 35-орыннан табылса, биыл екі сатыға жоғарылапты. Негізгі табысы мұнай, мұнай сервисі, құрылыс материалдарынан түсетін Сәкең өзінің отбасы мүшелерімен бірге «Оңтүстік» қаржы-сауда өнеркәсіп корпорациясын құрған.

Ол бүгінде әулетке тиесілі көптеген компаниялардың басын біріктіріп отыр. Мысалы, мұнай саласына маманданған «САУТС Ойл», Smart-Oil, North Oil атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жанар-жағармай нарығын біртіндеп жаулап жатқан SATTI ZHOL жанармай құю бекеттері желісінің Сейітжановтарға («Стандарт ресурсис» ЖШС-нің директоры Нұржан Сейітжанов) қарайтынын көпшілік жақсы біледі.

Оған 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Сайрам ауданында салынған алпауыт цемент зауытын («Стандарт Цемент» ЖШС-нің директоры Бауыржан Сейітжанов) қосыңыз.

Қайрат Балабиев

Кезінде прокуратура һәм кеден салаларында үлкен лауазымдарды атқарған Қайрат Балабиев соңғы оншақты жылда кәсіпкерлікке түбегейлі бет бұрды. Бүгінде ел ағасына айналған Қайрекең атақтан да, дәрежеден де, байлықтан да кенде емес. Биылғы наурыздағы сайлауда облыстық мәслихаттың депутаты атанды.

ОҚО базарлары қауымдастығының төрағасы саналатын оны халық Шымкенттегі «Самал», «Айна», «Дархан» базарлары мен автобекеттерінің, «Қасиет» фитнес клубының, Royal Club Fitness & SPA спорт кешенінің, «Бәйтерек» зияткерлік мектебінің, «Балаби», «Әйгерім» балабақшаларының иесі ретінде таниды. Сондай-ақ, тоқыма өнеркәсібін қолға алғалы, Рахымұлын Kazakh Textile International, «Әлем БТ» ЖШС-терінің бас директоры деп біле бастадық.

Қайрат Молдасейітов

Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Молдасейітов өзінің ауқатты адам екенін шенеунік кезінде-ақ, яғни Шымкенттің әкімі болып тұрғанында-ақ жарияға жар салып айтқан. Оның 316 миллион 200 мың теңгесі мен 3 миллион 900 мың доллары барын сол тұста аңғарғанбыз. Бизнеспен көзін ашқан бұл азаматтың қазына қоржыны одан бері молаймаса, ортаймаған шығар.

Мемлекеттік қызметке 4 жылын (2009-2013 жылдар) арнап, Түркістан мен Шымкентті тізгіндеген Қ.Құсейінұлы бүгінде «Отау құрылыс» компаниясын басқарады.

Орайы келгенде тағы бір Қайратты түгелдей кетейік. Сапарбаев ше?! Шымкенттіктер оны «Гостиничный» бизнестің королі» деп атайды. Бұл салада оның алдына түсетін ешкім жоқ. Sapar атты алғашқы қонақүйін 1996 жылы ашқан Қайрекеңнің бір басылымдағы сұхбатына сүйенсек, оның қазіргі таңда ұзын-ырғасы Шымкентте 4, Алматыда 2, Түркияда 1 отелі бар.

Сонымен қатар оның шымшаһардың орталығындағы қалалықтар жиі баратын «Кең баба» саябағы аумағы мен бірнеше мейрамханалардың да қожайыны екені әмбеге аян.

Қилыбек Тұрлыбек

Орайы келгенде, «Жібек жолы» қонақүйінің облыстық мәслихат депутаты Қилыбек Тұрлыбекке қарасты екенін айта өтейік.

Дәл осы «Кең бабаға» іргелес орналасқан «Айжарық» мейрамханасы мен бильярд клубын және Елшібек батыр көшесі бойындағы «Бухоро» мейрамханасын халық «Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Әмірбековтікі» дейді. Жалпы, Тәкең басқаратын «Айжарық» компаниялар тобы біраз серіктестікті жұдырықтай жұмылдырып отыр.

Облыс орталығындағы «Тұран» тойханасы мен «Прага 9», «Қанағат» дәмханаларының иесі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Баходир Салимов (суретте) екен. Ал Ғани Ташқараевтың ашылғанына 20 жылға жуықтаған «Маэстро» мейрамханасын қоспағанда, «МИГ» автожанармай бекеті желілері мен «Eco Village Kaskasu» демалыс кешені, сондай-ақ «Айнаш» атты «химчисткасы» барын айтады жұртшылық.

Атақты «Қазақстан-2030» тойханасының қазіргі иесі кім екенін білесіз бе? Облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметов. Қашан көрсең, тойдың көрігі қызып жататын «Жайлау-1», «Жайлау-2» мен «Нұрай» мейрамханаларының егесі ретінде әлеумет бірі шенеунік, бірі депутат Ислам һәм Нұралы Әбішевтерді атайды. Бұған қоса Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан «ЭСКО» бизнес орталығы ғимаратының да осы әулетке қатысы бар көрінеді.

Абдукахар Пайзахметов

«Нұрсәт» шағынауданына шырай беріп тұрған «Rahima-PLAZA» сауда орталығының құрылтайшысы Абдукахар Пайзахметовтің «Алтын сарай», «Гаухар сарай» секілді салтанатты кештер ұйымдастыруға арналған бірнеше нысандардың қожайыны екенінен құлағдар шығарсыздар.

Анарбек Орман

Облыс орталығына екі мәрте әкім болу маңдайына жазылған Анарбек Орманыңыз да осал емес. Жергілікті жұрт оны су патшасы Сүлейменнен кем көрмейді. Өйткені мегаполис шаһардың ауызсуы – Анекеңнің ашса алақанында, жұмса жұдырығында.

Тағы оқыңыздар:

Тұңғышбай Жаманқұлов 69 млн теңгені жымқырды деген айыппен ұсталды

Бұрын жеті жылға сотталған экс-министр бүгінде талай адамға өмір сыйлауда

Бір күнде 18 еркекке қызмет көрсеткен қазақ қызы секс-құлдықта болған азапты күндерін баяндады

Қазақстандық инженер Forbes-тегі бай-бағландардың қатарына енді

Миллиондап жалақы алатын футболшылардың айлық табысына не алуға болады? (фото)

Иранның жемқор экс-прокурорын ел алдына шығарып 135 рет дүре соғатын болды

Мамандар Лениннің өлі денесіне татуаж жасап тастады (видео)

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1304935-onhtustiktegi-enh-tanymal-baylar-kim.html