RU

Астаналық келіншек дәрігерлердің қателігінен 20 жыл бойы бөтен адамның баласын баққан

Өмірдің өзі кино. Ахметовтар отбасындағы оқиға құдды бір сериал секілді. Небір қиындық, қуаныш пен көз жасын көрген олар талай асуларды артқа тастап, жоқтарын тауып, бақытқа қол жеткізген жанұя. Алайда отбасыдағы татулық пен бірлік ата-анаға оңайшылықпен келмеді деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Ендеше оқиғаның қалай болғанын Жанат Ахметованың өз сөзімен өрбітсек.

20 жыл бойы түсімде жылаған бала мен жылан көрдім

Жанат Ахметова 1993 жылдың 21 тамызында Қостанай облысы, Жангелді ауданының перзентханасында түнгі сағат екілер шамасында өмірге қыз баланы әкелген. Қызын емізіп отырып денесіндегі кішкене меңді көреді. Жаңа туған сәбиді дәрігерлер түнде балалар бөлмесіне әкетіп, ертесі басқа қыз баланы беріпті.

«Келесі күні қызыңды еміз деп сәбиді әкеліп берді. Қарасам нәрестенің көзі көкпеңбек. Мен акушерге көзі көк бала менікі емес деп едім. Сенікі деп бой бермей қойды. Кішкене күдіктеніп, баланы еміздім. Сол бойы перзентханадан шығып, үйге кеттік» деп еске алады ана.

Ауысқан қызға ата-анаcы «Гульнафиз» деген есім береді. Шақалақ туа бітті жазылмас дертке шалдығып, көп ауырады. Өсе келе шашы да сары түсетеніп, көзінің көк екені анық байқалған.

«Шыны керек Гульнафизге қарап күйеуім менен күдіктенетін. Ренжіскен күндеріміз де болды. Менің де ішім бір нәрсені сезетін еді. Себебі, күн сайын түсімде жылап жатқан сәби мен оның үстін басқан қара жыланды көру әдетке айналды. Қала берді, құрсағымнан қан кетіп, ауру болдым. Дәрігерлер болса нақты диагноз қоя алмайды. Амалдың жоғынан емші-балгер аралап кеттім. Бармаған бақсым қалмады десем болады»,- дейді Жанат Ахметова.

Түсіме енген аян

Жарнамасы жер жарған емші біткенді түгел аралап шықтым. Барлығы алаяқ, ақшамды сыпырып алды. Анау-мынау деп құрғақ сөзбен шығарып салады. Елден естіп, соңғы рет Ақтөбедегі "Қыдыр ата" дегенге бардым. Сол жерде Жанарыс Еңсептов деген емші маған "аурушаң қызың мен күйеуіңді ертіп әкел" деді. Жақындарымды жетектеп екінші қайтара барып едім, Гульнафизді ішке қалдырып бізге "сыртқа шығып жуынып кел" деп бұйырды. Айтқанын бұлжытпай орындап бөлмеге қайта кірсем, емші бетіме қарап: "Мынау сенің қызың емес, ауыстырып алғансың. Өз қызың қиналып жүр. Іздеп тап. Ал, мына қыздың шешесі башқұр" деді.

Алғашында күйеуіміз екеуміз сенген жоқпыз. 20 жыл баққан балаң "сенікі емес" дегенге кім сенсін?! Мына кісі қателескен болар деп үйіме кетіп қалдым. Содан бастап, Жанарыс Жақсылықұлын күнде түсімде көрдім. Ол кісі маған "ДНК сараптамасын өткіз" деп аян берді. Құдайдың берген белгісі шығар деп қан тапсырып, биологиялық талдау сараптамасына жібердік. Екі аптада нәтижесі шықты. Тіпті дәрігерлердің өзі маған сараптама нәтижесін айта алмай, біраз қиналды. Өзім қағазды оқып, Гульнафиздің менің қызым еместігін білдім. Отбасымыз үшін өте қиын болды. Күйеуім осы оқиғадан соң жұмысқа да шыға алмай, мен күйзеліске ұшырадым. Ұзақ уақыт өзімізге келе алмадық. Гульнафизге қарап тек жылай беретін едім.

Қызымды қалай іздеп таптым?

Қызымды Қостанай облысында босанғанмен, біз Астанада тұрдық. Арада 20 жыл өтті. Баланы қайдан, қалай іздеймін деп басым әбден қатты. Қайтадан емші атаға барып ақыл сұрадым. Ол кісі "өзің тұрған ауылыңнан ізде" деген соң Жангелді ауданының перзентханасына барып,  сараптама қорытындысын көрсетіп, бүкіл мұрағатты ақтардық. Расымен де, сол күні менімен бірге ұлты башқұрт Гөзел атты келіншек те қыз босынып, атын «Роза» қойыпты. Ол әйел Қостанайдың бір шалғай ауылында тұрады екен. Жайдан-жай барып баламыз ауысып кетіпті деп айта алмайсың. Сондықтан полицияға, прокуратураға арыз жазып, үш ай жауабын күттім.

Іс ілгерлемеген соң қызым тұрған ауылға барып, оның сынып жетекшісімен сөйлестім. Маған Розаның мұғалімі ол тұратын отбасының жағдайы төмен екенін айтты. Аштықтан кептер ұстап жеген күндері де болыпты.  Роза мектепті бітіріп оқуға кетіп қалған екен. Сұрастыра жүріп, оның Астанадағы медициналық колледжде оқитынын білдім. Астанада да біраз уақыт іздедім. Колледжден таппаған соң жол нұсқаушылардың сөзімен «Қоянды» деген ауылдан іздестірдім.

Көше бойымен келе жатсам, күлкісі күйеуім Қаныбекке ұқсайтын өте жұпыны киінген бір қыз келе жатыр. Бетіне қарап тұрып Роза екенін бірден ұқтым. Құдайдың құдыреті, осы сәтте екі омаруымнан сүт ақты. Бірақ тілім байланып, қызды шошытып алмайын деп өтірік бір мекен-жайды сұрадым. Ол маған жауап берді. Атың кім деп сұрасам, "бөтен әйелге айтпаймын" деп теріс бұрылып кетіп қалды. Осылайша оны сыртынан аңдып жүріп, үйін тауып, ақырын естірттік. Басында сенбеді. Тіпті, мені біраз уақытқа дейін "мама деп те айта алмады. Тәубе етемін, қазір бәрі орнына келді.

Гульнафиз де менің қызым

Уақыт емші ғой, бәрі өз ретімен келді. Розаны тапқанмен де мәселе түбегейлі шешілмеді. Себебі ол бұрынғы отбасында туберкулездің ашық түрін жұқтырған. Өгей әкесі Жеңіс те осы дерттен көз жұмыпты. Шындық ашылған уақытта Гульнафиздің әкесі ауруханада ауыр халде жатты. Біз барлық жайтты айтып, естірттік. Бауырларына да айттым. Гульнафизды ата-анасы көре алмады. Ал Розамды мен сол емші атаға апарып, дертінен құлан таза айықтырып алдым. Қазір үш қызым, бір ұлым бар. Роза оқуын тәмәмдап, мейірбике болып жұмыс істеп жүр.Гульнафизге үйде өзім қарап отырмын. Жиырма жыл бақтым ғой, туғанымдай жақсы көрем. Екеуі ренжімесе екен деп, бөліп жармаймын. Маған олар егіз сияқты. Сол үшін бірдей зат алып беремін. Розаның бұрынғы ата-анасын да жақсы сыйлаймын. Тірі болғанда жақын араласып тұрар ма едік, кім білсін?!  Әруақтары разы болсын деп, бастарына барып мал сойып, құран оқытып қайттым.

Дәрігерлерді ешкім жазаламады

"Балалардың ауысуына қатысты талай мәрте арыз жаздық. Солардың кейбірі жабылып қалды, кейбірі сол күйі қозғалмады. Іздеп жүріп, мені босандырған дәрігер Маржан Бикенованы да таптым. Астанада тұрады екен. Осы күнге дейін бір дәрігер менен кешірім сұрамады да. Кінәларын бетіне айтсам, мені қорқытады, "соттатып жіберемін" деп. Меніңше, бұл қателік емес, әдейі жасалған дүние сияқты. Барлығын құдайдың сотына қойдым. Қазір, тәубе деймін және ешкімнің басына менің көрген қиыншылығымды бермесе екен деп тілеймін. Тағы бір айтарым, 20 жыл бойы қан кеткен құрсағым Роза табылған соң жазылып кетті.  Ешқандай да қатерлі ісік те, ештеңе де жоқ. Бұл бір маған өмірлік сынақ немесе құдайдың берген белгісі шығар деп санаймын. Ал жолдасым өмір бойы күдіктенгені үшін менен кешірім сұрады. Алдағы уақытта басымнан өткенген оқиғаны кітап етіп жазсам деген мақсатым бар"  деп сөзін тәмамдады бақытты ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1541975-astanalyq-kelinshek-darigerlerdinh-qa.html