RU

Ақтөбелік әскеридің 13 жастағы қызға жасаған әрекеті жаға ұстатты

Алматылық келіншек кәмелеттік жасқа толмаған қызының төсін сипалап, арам ойын іске асырмақ болған әскери қызметкерді жазалай алмай жүр деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жаға ұстатар оқиға ағымдағы жылдың екінші маусымында орын алған.

«Мен, кішкене ұлым және 13 жастағы қызым үшеуміз Алматыдан Қызылордаға пойызбен жолға шыққанбыз. Бір купеде 1988 жылы туған, аға сержант шеніндегі ақтөбелік әскери жігіт және алматылық бойжеткен бәріміз жайғастық. Күндіз жол бойында ана әскери жігіт қызыма қалжыңдап тиісіп сөйлеп, ойнағансып жүрді. Мен қызымды ренжітпе деп ескерту жасадым. Түнгі сағат 22:30-да купедегі айқай-шудан оянып кеттім. Мен ұйықтап жатқанда әскери қызметкер удай мас келіп, жоғарғы қабатта жайғасқан қызымның көйлегін шешіп, төсін сипалап бастағанын төменгі төсекте орналасқан бойжеткен қыз байқап қалып айқайлаған», - деді жәбірленушінің анасы Әсел.К.

Кешірім сұраудың орнына қорқытуды бастады

Бейәдеп қылығымен ұсталған аға сержант кешірім сұраудың орнына куәгер мен жәбірленушіні балағаттап, қала берді қорқытқан. Ашынған ана Қызылордаға жете сала полиция шақырып, күдіктінің үстінен арыз жазып, ұстап берген.

«Полицияға арыз жаздым. Куәгер қыз да көргенін жазып, шағым түсірдік. Алғашында қылмыстық кодекстің 24-бабы,3-тармағы, 122-бабы 1-тармағымен іс қозғаған. Бір айдан кейін хабарлассам, қылмыстық іс тоқтап қалыпты. Әскери прокурорлар, кішкене қыздың дәлелсіз сөзімен сержантты жазалай алмаймыз дейді. Ал, куәгер қыздың жауабы мен шағымы жоғалып кетті», - дейді алматылық келіншек.

Тағы оқыңыздар: БАҚ: Қазақстандық әйел Дубайда жігітін пышақтап өлтірді

Кінәсіз болса неге басшыларымен туған-туысы кешірім сұрап, ақша ұсынды?

Өрімдей қызға азғындық жасамақ болған әскеридің ісі жабылғанымен Әсел.К. Қызылорда прокуратурасына аға сержантқа шара қолдану туралы кеше қайтадан арыз түсірген.

«Қызылорданың әскери прокуратурасы бұл істі әдейі жауып тастап отыр. Кінәсіз болса аға сержант қызмет жасайтын әскери бөлімнің командирі, ата-анасы мен әйелі неге хабарласып кешірім сұрайды?! Тіпті үлкен сомадағы сыйақы да ұсынды. Мен барлығынан бас тарттым. Себебі кішкене қыздың қойнына қолын салған азғын жазасын алу керек. Ал, ол болса жұмысында тайраңдап жүр. Осы жағдайдан кейін қызымның жүйкесі тозып, әбден қорқып қалды», -деді 13 жастағы жеткіншектің анасы.

Аталған оқиға жайлы Қызылорда гарнизонының әскери прокуроры Қасен Рахматулин өз пікірін білдірді.

"Әсел К. арызды полицияға жазып, істі тәртіп сақшылары қарап, солар тоқтатқан. Қызылордраның әскери прокуратурасы бұл істе тек қадағалаушы. Тоқтаған істі тергеуші кеше бізге әкеліп тапсырды.  Яғни, тоқтатылған іс заңды ма, әлде заңсыз ба оны біз 10 күн ішінде қарап, шешім шығарамыз. Ал, аға сержант жұмысын істеп жүр. Оған қатысты толық ақпаратты 10 күннен соң ғана бере аламыз", - деді әскери прокурор.

Айта кетерлігі күдікті деп тергеуге алынған әскери қызметкер былтыр ғана отбасы құрып, бір бала тәрбиелеп отыр екен.

Жіберіп алма: Күннің басты жаңалықтары енді сенің қолыңда - біздің Instagram парақшамызға жазыл! >>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1581040-aqtobelik-askeridinh-13-zhastaghy-qyzgha-zha.html