RU

Алматыдағы базар маңында сатылған қой бағасы 70 мыңға жеткен (фото)

Мұсылмандардың қасиетті мейрамында құрбандық шалатын алматылық тұрғындардың саны биыл арта түскен деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Бұл туралы «Таугүл» мешітінің бас имамы айтып берді.

«Менің осы мешітте бас имам болып отырғаныма биыл төртінші жыл. Алғашқы жылдары біздің мешітте 140 бас қой құрбандық шалынса, былтыр 180 қой сойылды. Биыл 200 бас ұсақ малды құрбандыққа шалу жоспарлануда», - деді мешіт имамы Нұржан Талапұлы.

Расында да, айт намазынан соң бір сағат ішінде жиырма шақты мал бауыздалса, тағы соншама адам кезегін күтіп тұрған еді.

Алматыда 49 мешіт болғанымен санитар мамандар оншақты мешітке ғана құрбандық малын союға рұқсат берген. Соның бірі - осы «Таугүл» мешіті.

Молдалардың сөзінше, мал сойылатын орындарда су құбырлары мен қатар, канализация да жұмыс жасауы тиіс. Ал, мешіт ішінде сатылып жатқан қойлардың бағасы 30 мыңнан басталып 40 мың теңгеге дейін жетеді.

Тағы оқыңыздар: Дұға еткенде көз жасын тыя алмаған астаналық имам барша жұртты егілтіп жіберді

Мешіт ішінде құрбандық шалдырту үшін жиналған жергілікті жұрттың қарасы көп.

«Әрбір мешітте оншақты қасапшы жұмыс жасайды. Олардың барлығы арнайы мал сою курсын тәмәмдап, санитарлық тексеруден өткен, құжаттары бар нағыз мамандар. Біз мешіт ішіне кіргізілген қойлардың өзін іріктеуден өткізгеннен соң ғана сатуға рұқсат берілді. Мұндағы қойлардың қымбат болуы олар екі-үш жасар», - деп түсіндірді имам.

Шаһардағы ең көп мал сатылып жатқан жердің бірі Рысқұлов даңғылының бойы. Мұнда мал тиеген кемі қырық көлік тіз қатар тұрып сауда жасауда. Тұрғындардың сұранысы бойынша еліміздің барлық өңірінен келген малшылар қойларын әлдеқайда арзан бағалауда.

«Тоқтылар (18 кг) 15 мың, ал төрт жасар қошқарлар (40-45 кг ) 60-70 мың теңге», - деді Жарас есімді сатушы.

Тағы оқыңыздар: Василий Левит әлем чемпионатында кубалық боксшыдан жеңіліп қалды

Биыл құрбандық шалушылардың көптігін саудагерлер де растады.

«Халық екі жасар қой мен үлкен қошқарды көп алып жатыр. Көбісі ірі денелі, қымбат қойларды құрбандыққа шалуда. Бәсекелестік үлкен болған соң мал бағасы да төмен. Ренжуге болмайды сауда керемет жүріп жатыр», - деді Алмасбек есімді саудагер.

Расымен де, кейбір малшылар айт намазы біткеннен кейінгі екі сағатта алпыс қойды сатқандарын айтып «тәубе» етуде. Тіпті үлкен камаз ішінде екі қойы ғана қалған саудагерлер де кетуге жиналып жүр.

Тағы бір айта кетерлігі, құрбандыққа қой, ешкі, түйе, сиыр шалуға рұқсат болғанымен Алматыда тек қой ғана сатылуда. Саудагерлердің сөзінше халық малдың мүшесін түгендегеннен гөрі қай өңірден келгені қызықтырады екен.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбе облысында тұратын өзбек әйел азаматтық алу үшін үш млн сұрады

«Біреулер Қордайдың қойын, ал түріктер Нарынқолдың қойын сұрап келеді. Сосын «ақ қой», «қазақы қой керек» деп сұрайды. Аса саудаласып та жатқан жоқ, халықтың көңілінен шығып жатырмыз»,- деді қой сатушы Рамза.

Алматы қаласы бойынша жағдайы төмен 270 отбасы мешіттерге арыз жазып тегін ет алуға кезекке тұрған.

Имамдардың сөзінше, барлық өтініш білдірген жамағат ескерусіз қалмайды, әр отбасыға жарты немесе қойдың үштен бір бөлігін үлестіру жоспарланып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1604370-almatyda-biyl-qurbandyq-shalushylardy.html