RU

Түркістанда жалақысының 25 мың теңгесі ұшты-күйлі жоғалған дәрігерлер шу шығарды

Түркістан қалалық емхана қызметкерлері жалақымыздың бір бөлшегі негізсіз ұсталды деп шу көтерді. Айтуларынша, олар 12-25 мың теңге аралығындағы қаржыдан қағылған, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Редакциямызға хабарласқан ақ халаттылар маңдай терімізбен тапқан жалақымызды басшылық еш түсіндірместен ұстап қалды деп отыр. Мән-жайды анықтамақ болып Түркістанға жол тартқан тілшіміз наразы қызметкерлермен тілдесіп қайтты. Бір емес, емханадағы тұтастай бір бөлімнің медбикелері осылай деп шағым айтты.

«Тамыз айындағы жалақымыз 31 тамызда түсті. Әркімнен әртүрлі ақша ұсталды. Ал кейбірінен мүлдем ұсталмаған. Егер заңды болса, неге барлығынан тұтастай қаржы алынбайды?» деген ақ халаттылар бұл мәселені бөлім басшысы алдында көтерген де екен.

Бухгалтерия бөліміндегілер ұсталған қаржы өткен жылдың табыс салығына алынған деп түсіндіріпті. Мұны естіген қызметкерлер салықтың ол түрі жалақы алған сәтте автоматты түрде төленгенін алға тартып, түсінбегендерін жеткізді.

«Мен бұл салада еңбек еткеніме отыз жыл болды. Менен 20 мың теңге ұсталыпты. Ал менімен категориясы да, еңбек өтілі де, тіпті жалақысы да бірдей басқа маманнан 13 мың теңге алынған. Сосын бөлім басшысына жағдайды айтып, журналистерді шақырамын дедім. Ол кісі сенген жоқ. Бухгалтериядағылар мән-жайды түсіндіріп бергенімен, бұйрықты көрсете алмады. Оның үстіне бізге жалақымыздан ақша ұсталатынын ешкім ескерткен жоқ»,-деді балалар бөлімінің аға медбикесі Бибіайша Жұматаева.

Қызметкерлері шу шығарған соң бөлім басшысы Жеңіскүл Раева шұғыл жиналыс өткізді. Бір қызығы, Раева ханым қоластындағы медбикелерге журналистерге шағым айтып, сұхбат беруге құқықтарың жоқ деп талап қойыпты.  Дегенмен ақ халаттылар шағым айтуды тоқтатқан жоқ.

Сол сәтте емхананың ішкі жиналысы өтіп, бас дәрігер Бейбіт Төреханов ашынған қызметкерлеріне басу айтып, барлығы заң шеңберінде жүргізілгенін, ал кейбір қызметкерлерден жалақының бір бөлшегі неліктен ұсталмау себебін анықтайтынын жеткізген. Жиналыс біткен соң бас дәрігерден мән-жайды түсіндіріп беруін сұрадық. Алғашында басқарманың баспасөз хатшысы Асылбек Досалының рұқсатынсыз сұхбат бере алмайтынын айтқан ол рұқсат алған соң барып, барлығы заң шеңберінде екенін жеткізді.

Айтуынша, қалалық емхана 2015 жылы шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме болған. Яғни, жалпақ тілмен айтқан жартылай мемлекеттік. Мұнда кейбір қызмет түрлері ақылы түрде көрсетіледі.

«Біздің мекемеге тексеру комиссиясы келді. Жайықбай Әпенұлы деген азамат. Ол кісі өзіне міндеттелген тапсырмаға сәйкес тек 2016 жылдағы жағдайды тексеріп, шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме болғандықтан әрбір қызметкер еңбек демалысына шыққан кезде (еңбек демалысына төленетінін қаржы мен емделуге берілетін жәрдемақының 10 пайызы) салықтың осы түрі ұсталуы тиіс деген қорытынды шығарды. Егер оны осы тамыз айында төлемесек, іс прокуратураға өтіп, мемлекет алдында жауапты болып, салық құны өсіп кететінін айтты. Қызметкерлер тізімін сол кісінің өзі түзген»,-деген бас дәрігер әрмен қарай әңгімесін былайша өрбітті.

«Мен өзім заң бұзғым келмейді, себебі мұнда маған дейін қаржылық заңбұзушылықтар болған. Біз қазір бақылаудамыз. Заңбұзушылыққа барған маған тиімсіз, өзім жақында келдім бұл қызметке. Үш-ақ ай болды. Бұл жеке басымның пайдасы емес, мемлекетке төленетін ақша, заңда көрсетілген. Төлемесек, меніңкі дұрыс емес болады» деген Бейбіт Төреханов салықтың бұл түрі бұған дейін неліктен ұсталмағанын білмейтінін айтты.

«Мен білмеймін оны. Сол кездегі бас дәрігер жауап береді. Бізге комиссия 2016 жылға төленуі тиіс қарызды өтеу керек деді. Ол кісілер енді 2015,2017 жылды тексерген соң ол уақыттың да қарызын біз төлеуге тиіспіз. Сосын ары қарай жылына бір рет салықтың осы түрі ұсталынатын болады» деген бас дәрігер қызметкерлері арасында шудың шығуына ескерту жұмыстары жүргізілгенімен, ақпараттың дұрыс жетпеуінен екенін мойындады. Сондай-ақ, қазіргі басшы өзіне дейінгі бас дәрігердің кезінде біраз қаржының талан-таражға ұшырағанын анықтап, құжаттарды құзырлы органға жібергенін мәлім етті.

Айтпақшы, емхана медбикелері жыл басынан бері мереке мен демалыс күндері жұмысқа шыққанымыз үшін төленетін үстемақы жалақыдан да қағылдық деп ашынды. Ол аз дегендей, былтыр тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әрбір маманға берілуі тиіс 25 мың теңге көлеміндегі сыйақының тек 5 мыңын ғана беріліп, былтыр бұған дейін жыл соңында беріліп келген сыйақыны да алмапты.

Оны сол кездегі басшылық қаржының жоқтығымен байланыстырыпты. Бас дәрігер Төреханов мырза қосымша жұмысқа төленетін үстемақының қысқаруын жартылай мемлекеттік мекеменің қаржысы шектеулі болғандықтан түзілген заңды жүйе деп отыр.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1608602-turkistanda-zhalaqysynynh-25-mynh-tenhgesi.html