RU

Төрт әйелімен бақытты өмір сүретін алматылық қария жұбайларын көрсетті (фото)

Елімізде қызу талқыланатын тақырыптың бірі – көп әйелділік. Бірі – тоқал алу көненің көзі, еркектердің ермегі десе, енді бірі - Қазақстандағы кәрі қыздардың санын азайту үшін көп әйел алуды заңдастыру қажет дейді. NUR.KZ порталы назарларыңызға төрт әйел алып, жеті қыз, бір ұл тәрбиелеп, бақытқа кенелген ерекше отбасыны ұсынады.

Ыбытаевтар отбасын Алматы облысындағы Үшқоңыр ауылының тұрғындары жақсы таниды.  Себебі бұл шаңырақ иесінің бір емес төрт жары бар. Сейтқали мырза болса көп әйел алуды жас кезінде жоспарлағанын айтады.

«Алғаш рет 1977 жылы бәйбішем Балсараға үйлендім. Бірақ мен оған: «Кейін бірнеше әйел аламын, осыған көнер болсаң ғана тұрмысқа шық, талабымды орындасаң ғана отбасы боламыз», - деп алдын ала ескерттім. Шын сүйген шығар, сөзіме қарсы келмеді», - дейді Сейітқали мырза.

Өзі әскери қызметте жүрсе де Кеңес үкіметінің заңынан қорықпаған офицер 1982 жылы яғни 33 жасында Еркін есімді бойжеткенді тоқалдыққа алған. Ал, үшінші жары Ырысгүлге елуге таяған шағында үйленіпті.

«Ырысгүл бұрын менің жиенімнің жары болған. Екеуі үйленгеннен кейін жиенім кенеттен қайтыс болып, бір қызбен Ырысгүл жесір қалды. Баланы қаңғытып, біреудің босағасына жібермейік деп бауырыма басу үшін үшінші әйел болуға рұқсатын алдым. Қазір ол қызды да мен өз балам деп есептеймін», - дейді зейнеткер.

Тағы оқыңыздар: Баян Есентаева Ақтөбеге сүйіктісін ертіп келді (фото, видео)

Төртінші тоқалы Ботагөзді Сейтқали Ыбытаев 53 жасқа толған шағында ауруханадан көріп ұнатқанын жасырмайды.

«Бәйбішем Балсара - дәрігер. Жұмыс бабымен ауруханаға әйелімді іздеп барып едім, іс-тәжірибеден өтіп жүрген Ботакөз есімді жас мейірбикені көрдім. Шын жүрегіммен ұнаттым. Ішкі ойымды және үш әйелімнің барын ашық айтып тұрмысқа шығуын сұрадым. Өзі келісім бергенімен, шешесі қарсы болды. Ата-анасының алдына рұқсат сұрап барып едім Ботаның әжесі: «Қызымыз да бұл азаматты ұнатып тұр, үйленгісі келсе қарсы болмаңдар», - деп ақ батасын берді. Осылайша 20 жастағы сұлуға қазақшалап құда түсіп,  қалың малын төледім», - дейді Сейітқали Ыбытаев.

Зейнеткер төрт әйеліне байлығы асқаннан үйленбегенін айтады. Себебі, әр некесін қидырғанда ұлан-асыр той жасамаған және қалың малды да аста-төк етіп бермегенін жасырмады. Заманға сай «ана сүті мен әке күші» ақысын төлеп, беташар жасап, шағын ғана атап өтіпті.

«Төрт әйелі бар десе елдің бәрі бай болған соң алады деп ойлайды . Біздің артық бизнесіміз жоқ, үш әйелім медицина саласында қызмет жасайды. Ал, Ырысгүл – есепші. Тек жалақымен ғана өмір сүреміз. Бірнеше әйелді қалай асырайсың дегендерге айтарым, бірлік, татулық болған жерде – береке бар. Біз елден қалып, көштен озып жатқанымыз жоқ, жұрт секілді қарапайым өмір сүреміз», - дейді зейнеткер.

Қарияның сөзінше әйелдерінің ешқайсысына дауыс көтеріп ұрсып, я болмаса, еркелетпеген.

"Соңғы екі жарымның жасы менен біраз кіші болғандықтан маған «сіз, баламыздың әкесі» деп құрметпен сөйлейді. Бір жаққа баратын кезде барлығы сұранады. Үй шаруасына келгенде бәйбішеммен ақылдасады, ол кісіні де кішілері «апа» деп атап, ақылын тыңдайды. Әрқайсысы бөлек тұрғанымен, қай үйге қонақ келер болса, жүгіріп барып көмектесіп, міндеттелген шаруаларын атқарып, өзара тату-тәтті тұрып жатырмыз", - дейді ол.

Бұрынғы офицер үйінде де әскери тәртіптің барын айтты. Яғни отағасы жұмыстан оралғанда жарларымен қоса жалғыз ұлы да, бес күйеу баласы да орындарынан тік тұрып қарсы алады екен.

"Ұлым Сейітбекті ешқашан еркелеткен емеспін. Қатты ұстаймын десем болады. Ал қыз - қонақ қой, барлығы ерке болып өсті. Бірақ ешқайсысы мені жерге қаратқан емес. Екеуі мектепті "Алтын белгіге" тәмәмдап, бес қызым жоғарғы оқу орындарында грантта білім алды. Мен барлығына: "ешкімге пара бермеймін, өзім де алмағанмын, алмаймын да. Оқысаңдар өздерің үшін" деп айтып отырамын. Қазір бес қызым тұрмысқа шығып, солардан сегіз жиен сүйіп отырған жайымыз бар", - дейді зейнеткер.

Ауылдағы "Сәт" тарихи мешітінің бас имамы қызметіндегі қажының әйелдері намаз оқымайтын болып шықты.

"Дінде қинау жоқ. Мұсылманды намазға күшпен жығуға болмайды. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Екі қызым бес уақыт сәждеге бас игенімен, хиджап кимейді. Себебі, олар университетте сабақ береді. Ұлымның жасы 12-ге енді толды. "Әке мен сіз сияқты әскери адам" боламын дейді. Балаларымның тәрибесімен әйелдерім айналысады. Ер азаматтың міндеті - ол басшы, отбасыны асыраушы, шаңырақтың тізгінін берік ұстау. Еркек атына сай болса, әйелі өз орнын білетін болады", - дейді қажы.

Қарияның төрт жары отағасын қатты құрметтеп, алдында зыр жүгіреді. Күн сайын телефон арқылы қайда барып, не істеп жүргендері жайлы ақпарат беріп отырады. Ал, қария болса төрт әйелінің үйіне кезегімен түнеп, барлығының қал-жағдайын телефон арқылы біліп отыратынын айтты. Жұбайлары болса көп әйел алғаны үшін Сейтқали мырзаға ренжімейді, керісінше жетпіске толғанда тағы бір тоқал алып береміз деп өздері ұсыныс жасапты. Ал, ислам дінін берік ұстайтын ақсақал "шариғатта төрт әйелге ғана рұқсат берілген, осыған да тәубе, Алланың заңына қарсы шықпаймын" деп отыр.

Сейітқали Ыбытаев көп әйелділікті заңдастыру қажет деп есептейді. Бұл тұжырымға төрт жарының барлығына бола емес, елдің ертеңін ойлағаннан түйгенін айтады.

"Қыздарымыз өмірлік жарын таппаған соң өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жатыр. Егер тоқал алуды заң жүзінде қолдаса қарындастарымыз шетел аспас еді. Екіншіден, қазақтың саны өте аз. «Ағаштың  басын кессең, түбірі қалады. Екеудің бірі өлсе, бірі қалады. Жалғыздың өзі өлсе артындағы байлығы жауға қалады" деген сөз бар. Мына ұлан байтақ жерге ертең сол шетелдік жиендер көзін тікпей ме? Осындай жағдайларды ойлаған кезде көп әйелдікке рұқсат беру керек деп есептеймін. Кезінде ата-бабаларымыз да бірнеше жар алған. Абай атамыз үш әйеліне еріккеннен, я болмаса байлығы тасығаннан үйленбеген шығар? Ол кезде де осындай қажеттілік болған", - дейді қария.

Тағы оқыңыздар: 100 жыл бұрынғы сұлулық: Бір ғасыр бұрын көрікті әйелдер қандай болған? (фото)

Ақсақалдың сөзінше елімізде бірнеше әйелі бар азаматтар өте көп. Бірақ олар жұбайларын жұрттан жасырып, ел ортасында тек бәйбішесін ғана ертіп жүреді екен.

"Неке –деген сөз исламда жария ету деген мағынаны білдіреді. Яғни шариғат бойынша некеңді қидың ба - ол жұбайыңды жұрт білуге тиіс. Мен төрт әйелімнің барын ешкімнен жасырмаймын. Той-томалаққа, басқа да шараларға барғанда бөліп-жармай барлығын ертіп жүремін. Көбісі басында сөз етіп, жақтырмай қарайтын. Қазір басқаша, бәрі орнына келді", - деп сөзін тәмәмдады Сейтқали қажы.

Ескерту! Материал ҚР заңнамасымен қорғалған, материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1610329-tort-ayelimen-baqytty-omir-suretin-al.html