RU

"Музарт" тобының әншісі басына түскен ауыр сынақ туралы жасырмай айтты

Танымал әнші Кенжебек Жанәбілов өзінің өміріндегі қиын жайттар туралы айтып, сырымен бөлісті. Әйеліне үлкен құрметпен қарайтын әнші жанын қинап жүрген "дерті" туралы айтты.

Әнші "Comode.kz" сайтына сұхбат берді.

Оның айтуынша, ол болашақта науқас балаларға арналған мектеп ашпақшы.

"Әрине, жеке кәсіп ашуды әрбір адам армандайтын шығар. Өнер мектебін бізге дейін 4-5 шұлықты тоздырып үлгерген әртістердің ашқаны жарасымды. Үйретерімнен үйренерім көп мен өнер саласында әзірге мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеуге дайын емеспін. Бірақ, болашақта науқас балаларға арналған мектеп ашсам деймін. Перзенттері дертке ұшырап, түндерін уайыммен өткізіп, көз ілмей жүрген ата-аналарға көмектескім келеді.

- Мұндай арман-мақсаттың пайда болуына не түрткі етті?

Өзімнің өмірімдегі үлкен сынағым себепші деп білемін. Мұңайып, тағдырыма шағым айтудан аулақпын. Алайда, ұлымның дерті мен үшін ең ауыр сынақ", - деді ол.

Өміріндегі қиындықты сынақ деп білетін ол тығырықтан шығар жол іздегенін айтады.

"Алла тағала адамға қандай сынақ берсе, содан сабақ алады ғой. Менің тұңғышым дүниеге келген кезде есту қабылеті нашар болды. Бастапқы да қателік шығар деп жақсылыққа үміттендім. Бірақ, тағдырдың тосын сынағы шығар, күні бүгінге дейін ұлымды емдету үстіндеміз. Мұндай сынақ кезінде адамға ең бастысы сабырлық керек. Мен таныс-тамыр, ағаларымыздың септігімен біраз нәрселерді ұттым. Ойлап отырсам, қолы қысқа,танысы аз қаншама қазақ балаларын емдете алмай қиналып жүр. Соларды көріп «неге осыларға көмектеспеске» деп тәсілдері мен жолдарын іздедім. Екі жыл болды ең бірінші мақсатым ретінде осы істі қолға алуға бел будым", - деді Кенжебек.

Сонымен бірге әнші баласының дерті оның жары мен ара-қатынасының беки түскеніне әсер еткенін айтуда.

"Әйел адам бізге қарағанда көбірек уайымшыл болады. Ана болғасын қатты қиналып, уайымдайды. Әрине, кейде көз жасына ерік береді. Бірақ, жарым ешқашан жарқын болашақтан үміт үзбеді. Налымады. Керісінше, маған үлкен демеу болып, ертеңіме сеніммен қарауға көмектесті. Біз үнемі жолда жүреміз. Шаршап келген кезде қабағын шытпастан ыстық шайын беріп, күліп қарсы алады. Меніңше, мұндай батылдық тек әйел адамға берілген шығар. Әйелдің қырық жаны бар деп сол себепті айтылған деп білемін.

Ұлымның жағдайы біздің бір-бірімізге деген махаббаттарымыздың күшейіп, сенімдеріміздың екі еселенуіне себеп болды. Ұлымнан кейін жеті айдан соң егіз қыздарым дүниеге келді. Өте қиын болды. Осы кезде Жәмиляның сабырына риза болдым. Егіздер түнде кезек-кезек оянады. Күндіз ұлымызға күтім керек. Мен үнемі үйде жоқпын. Оның үстіне өнер адамына да үлкен күтім мен бап керек. Осының бәріне әйелім түсіністікпен, сабырмен қарады. Кейде әйеліме қарап жаным ашып кететін.

Себебі, бізге келген көмекші қыздар ұзақ тұрақтамайтын. Сол кезде мен әйелім үшін «Я, Раббым екінші жартыма сабыр бер» деп дұға ететін едім. Менің әйелім түгелі туған бауырларым үйге келсе ұзақ отыра алмайтын. Туған әпкелерім 2-3 күнге қонуға келген кезде «Жәмиля сенің төзімің қандай мықты еді?! Мына балалармен өмір сүру мүмкін емес қой» деп таңқалатын. Сондай қиындықтарға шыдап, еш налымай жүргендіктен шығар, менің бауырларым әйелімді ерекше сыйлайды. Мен әр істен бір береке көретін жарыма дән ризамын",- деп ризашылығын білдірді.

Тағы оқыңыздар:

12 жасар қызын зорлап, жүкті қылған ер адам асылып қалды

Қостанайда буындырып өлтірілген 22 жастағы бойжеткеннің денесі табылды

Анасынан айырылған павлодарлық қыздың хаты жұрттың жүрегін елжіретті (фото)

Алматыда «қайтарымсыз несие» алып беремін деп жұртты алдап соққан алаяқтар ұсталды

Жақсыбеков Қырғызстандағы төңкеріс кезінде Бакиевті қалай алып шыққанын айтып берді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1692429-muzart-tobynynh-anshisi-kelinshegi-ekeu.html