RU

«Өрлеу» Алматы қаласында ұстаздар үйін ашты (фото)

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы 2017 жылғы 29 қараша күні Алматы қаласында «Ұстаздар үйінің» жаңа ғимаратын ашты.

Аталмыш іс-шара мемлекет басшысының үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейдегі педагогикалық кадрларының кәсіби дамуының жоғары сапасын қамтамасыз етуде педагогтердің біліктілігін арттырудың жаңа моделін құру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында өткізілді.

Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Өрлеу» БАҰО» АҚ 17 филиалының бірі болып табылады. Жыл сайын «Өрлеу» филиалдарында 70 мыңнан астам мектепке дейінгі және жоғары деңгейдегі педагогтер біліктілігін арттырады.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметова Гүлнас Кенжетайқызы: ««Ұстаз болу – ерлік, ұстазға ұстаз болу – ұлылық», - деп халық жазушысы М.Әлімбаев айтқандай, бүгінде ұстаздардың біліктілігін арттыру саласы қызметкерлеріне қойылар талап та, міндет те зор. «Өрлеудің» басты мақсаты – ұстаз біліктілігін арттыру. «Ұстаздар үйінің» ашылуы мұғалімдердің біліктілігін заманға сай дамытуға зор мүмкіндік береді», - деп атап өтті.

Алматы қаласы педагогтері «Ұстаздар үйінде» біліктілігін арттыру курстарында оқытылып, жаңа инновациялық технологияларды меңгеріп, практикаға енгізеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жан-жақты игеріп, соның аясында оқу-тәрбие жұмысын жаңа талаптарға сай жүргізеді.

Алматы қалалық мұғалімдердің білімін жетілдіру Институты 1960 жылғы 26 мамырда құрылып, бүгінге дейін өзінің орналасқан жерін бірнеше рет ауыстырды. Институт екі рет балабақша ғимаратында, одан музыкалық және жалпы білім беретін мектеп жанына ауысып, көшпелі күн кешті. Институттың жеке ғимаратының болмауы білім беру қызметтерінің міндеттерін өз дәрежесінде іске асыруда айтарлықтай қиындықтар туғызып отырды.

Бүгінде Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасының қамқорлығының арқасында Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жеке ғимаратқа орналасып, ал қала мұғалімдері ұстаз қауымының ортақ шаңырағы – «Ұстаздар үйіне» қол жеткізді.

«Ұстаздар үйінің» есігі қала мұғалімдері үшін әрқашан ашық, сондықтан да ол «Ұстаздар үйі» деп аталады. «Ұстаздар үйінің» жаңа ғимаратында заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған аудиториялар, робототехника, Монтессори кабинеттері, бейне және дыбыс жазу студиялары, 200 адамға арналған салтанат залы бар. Қазіргі уақытта Алматы қаласы мұғалімдерінің кәсіби деңгейін дамыту үшін барлық жағдай жасалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1694890-orleu-almaty-qalasynda-ustazdar-uy.html