RU

Алматылық дәрігердің қабылдауында болған қыз-келіншектер адам шошырлық күйге түсті (фото)

Танымал жұлдыздар мен белгілі саясаткерлердің өзі жарнамалайтын алматылық косметологты желі қолданушылары айыптауда. Дәрігерден зардап шегіп, құзырлы ұйымға арыз жазған қыздардың саны бүгінде он беске жеткен деп хабарлайды NUR.KZ.

Алматылық дәрігердің қабылдауында болған қыз-келіншектер адам шошырлық күйге түсті (фото)
Алматылық дәрігердің қабылдауында болған қыз-келіншектер адам шошырлық күйге түсті (фото): UGC

Өзін шетелде оқыған білікті маманмын деп таныстыратын дәрігерге алданған қыздардың барлығы денсаулықтарына зиян келтіріп қана қоймай, косметологтың қалтасына жүз мыңнан бастап миллиондаған теңгеге дейін қаражат құйғанын желіде жарыса жазуда.

"Мен Instagram желісінде оның жұмыстарын көріп, оның қабылдауына жазылдым. Ол жарты ай бойы қабылдай алмайтынын айтты. Мен бір айдан кейін тұрмысқа шығатынымды айтып, ертерек қабылдауын өтіндім. Мұрнымды кішірейтіп, маңдайымдағы әжімдерді кетіргім келген. Әңгіменің соңында олар: "Ертең келіңіз, дәрігер сізді қабылдайды" деді. Мен жолым болғанына қатты қуандым, олар отадан кейін бетімде ешқандай тыртық пен белгілер қалмайтынын айтты.

Ол бетім мен мұрнымнан бөлек, мұрын-ерін қатпарын да (носогубные складки) жасауға көндірді. Мен барлығының құны жүз мың теңге болса ғана келісетінімді айтқан едім, бірақ нәтижесінде мен оған 250 мың теңге төледім.

Ең сорақысы, үш апта өтсе де, менің мұрнымның көгергені басылмады. Той алдындағы фотосессиялардың бәрін кері шегеруге тура келді. Маңдайымдағы ботокс жансызданып, қасым мүлдем көтерілмей қалды. Осының бәрі тура өз тойымның алдында орын алып отыр",-деп жазған емделушілердің бірі.

Ол дәрігерге қайта барған кезде енді ештеңе жасай алмайтынын айтқан. Оның үстіне бойжеткен той алдында онсыз да түскен көңілін одан ары түсіргісі келмепті.

"Мен оған барғанымда ештеңе жасай алмайтынын айтты. Тура тойымның алдында көңіл-күйімді түсіріп, онымен алысатын уақытым болмады. Қыздар, бұл дәрігерге бармаңыздар!", - деп ағынан жарылды зардап шегуші.

Аталған парақшада косметологтан зардап шеккен қыз-келіншектердің барлығы өз хикаяларын жазған.

Көпшілігі дәрігердің: "Сізге ғана жеңілдік жасап беремін" деп өз құрығына түсіретінін де атап өткен.

Зардап шегуші қыздар прокуратура көмегіне де жүгінген. Бірақ косметологтың институты өз жұмысын әлі де жалғастыруда.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: UGC

Зардап шегуші қыздардың айтуынша, косметолог арыз жазған қыздарға түрлі хаттар жазып, қоқан-лоққы көрсетуде. Әкесінің белгілі хирург екенін және өзінің таныстары көп екенін де ескерткен.

Еске салсақ, біздің редакциямызға өткен жылдың жазында кредит алып, омырауын үлкейткен алматылық қыз көмек сұрап келген еді. Ол бір миллон теңгеге жасатқан төсінің бір айдан кейін солып қалғанын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1712596-almatylyk-drigerdi-kabyldauynda-bolgan-kyz-kelinsekter-adam-sosyrlyk-kjge-tsti-foto.html