RU

Астанада ауқатты отбасы келіндерін «күң» сияқты ұстап, күн көрсетпеген

Елордада «Highvill» тұрғын-үй кешенінде тұратын ауқатты отбасы келіндеріне күн көрсетпей, «күң» сияқты ұстаған деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Астанада ауқатты отбасы келіндеріне «күң» сияқты ұстап, күн көрсетпеген
Астанада ауқатты отбасы келіндеріне «күң» сияқты ұстап, күн көрсетпеген: UGC

Ауқатты жанұяның сараң болғаны соншалық, олар тіпті, келіндеріне күнделікті тұрмысқа қажет ақшаны да бермеген.

«Тұрмысы жақсы, өте ауқатты отбасынан шыққан бойжеткен осында Астанадағы бай жанұяға келін болып түскен. Келіншек 5 жыл бойы сол үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан. Отбасы мүшелерінің қаттылығы соншалық, тіпті, келіндеріне жарытып ақша да бермеген.
Байғұс қыз бес жыл бұрын үйінен келген киім-кешектерімен өмір сүрген, балаларының жаялығына қажет ақшаны ата-енесінен жалынып сұраған. Осының бәрін бойжеткеннің жолдасына айтқанымызда, ол «оған не жетпейді, жағдайы жасалған, баласын тауып үйде отырсын» деп өз әрекеттеріне шаң жуытпаумен болды.
Келіншек таң атпай тұрып, күнде ауылдағыдай еден жуған, одан қалса, тіпті енесінің рұқсатынсыз үйдегі кір жуатын машинаны да пайдалана алмаған, киім-кешекті қолмен жуған», - деп оқиғаны баяндады «Қорғау Астана» дағдарыс орталығының мамандары.

Мамандар отбасыдағы мұндай кикілжіңдерге жоғары білімі бар, оқыған қыздардың да тап болатынын айтып қынжылды.

«Мәселен, осы оқиғадағы М. есімді (авт. есімі автордың өтінішімен жарияланбады) бойжеткен қос бірдей шет тілін жетік меңгерген, ағылшын және француз тілдерінде мүдірместен сөйлейді, өте сымбатты, сұлу келіншек.
«Неліктен осындай қорлыққа бес жыл бойы шыдап келдіңіз?» деген сауалымызға, қазақы тәрбие көргенін, әйелі қандай жағдай болса да, еріне сыйластықпен қарау керек екенін айтты.
Егер сол жұбайына жағамын деп, барлық жағдайын жасап, кемшіліктеріне көз жұма қараса, оған үш перзент сыйласа, ал олар болса оның қадірін білмей, ойларына келгенін істесе, мұндай байлықтың, ақшаның қандай қажеті бар? Әйел адамның ең алдымен өзіне деген құрметі жоғары болуы керек», - деп сөзін қорытындылады дағдарыс орталығының жетекшісі Анна Рыль.

Қазіргі таңда отбасынан зәбір көрген келіншек жұбайымен ажырасып, үш баласымен бірге ата-анасының үйіне көшіп кеткен.

Дағдарыс орталығы мамандары бұрынғы жанұясы балаларын тартып алмауы үшін оған барлық тұрғыдан көмек көрсетіп, істің оң нәтижемен аяқталуына қол ұшын созды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1713408-astanada-aukatty-otbasy-kelinderin-k-siakty-stap-kn-krsetpegen.html