RU

Елімізде қатты аяздан үсіп қалғандар саны 200-ден асып кетті

Аяздан зардап шеккендер саны артып келеді. Республика бойынша 200 ден астам адам үсік шалып дәрігер көмегіне жүгінген. Оның жетпісі аураханаға жатқызылыпты деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Елімізде қатты аяздан үсіп қалғандар саны 200-ден асып кеткен
Елімізде қатты аяздан үсіп қалғандар саны 200-ден асып кеткен: UGC

Ал суықтың беті қайтар емес. Керісінше күн өткен сайын салқындап, желдің жылдамдығы күшеюде.

Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстанда дауылды ескерту жарияланса, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстанда температура минус 45 тен түспей тұр. Ал Алматы облысында бірнеше жылдан бері алғашқы рет сабақ тоқтатылды. Мамандар бұл тек басы дейді. Аяздың көкесі апта соңында сезіледі екен.

Денсаулық сақтау министрлігі 223 адамды үсік шалды деп ресми мәлімет таратты. Оның 73 аурухаға жатқызылған екен.

Тұрғындары ең көп зардап шеккен Қарағанды облысы - 87 адам. Оның 15-і емханаға жатқызылды. Шығыс Қазақстанда 54 адамды үсік шалыпты: 27-сінің жағдайы ауыр. Павлодарда - 26, Астанада - 20 адам дәрігер көмегіне жүгінсе, 11-і төсек тартқан.

Ақмола, Қостанайда - 9, Атырау, Батыс Қазақстанда 5 адам жаурап қалыпты. Зардап шеккендер Солтүстік Қазақстан, Қызылорда. Алматы облысында да бар.

Суықтан тіпті алыс жолға шығатын қоғамдық көліктер кейінге шегеріліп, адамдар жолдарынан қалып жатыр. Ал Алматыда төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды тауға шықпауға шақырып, бекеттерде есерту парақшаларын таратып жүр. Биіктеген сайын температура төмендей береді деген құтқарушылар қар көшкіні жүру қауіпін де жоққа шығармады. Бірақ мамандардың ескертуін елеп жатқандар шамалы екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1713469-elimizde-katty-aazdan-sip-kalgandar-sany-200-den-asyp-ketti.html