RU

20 жастағы қыздың бетіне ыстық май шашқан маңғыстаулық азамат сотталып кетті

Маңғыстау облысында 20 жастағы Сымбат Қозыбайдың үстіне ыстық май шашып жіберген 31 жастағы Қасым Жұмаханов екі жылға сотталды. Бұл туралы "Ладаға" сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.

Жас қыздың үстіне ыстық май шашқан маңғыстаулық азамат екі жылға сотталды
Жас қыздың үстіне ыстық май шашқан маңғыстаулық азамат екі жылға сотталды: UGC

Одан бөлек сотталушы зардап шегушіге 1 373 645 теңгені моральдық және материалдық нұқсан үшін төлеуге міндеттелді.

Зардап шегуші тарап үкіммен келіспей отыр. Сымбаттың әпкесі Жаңагүл Естұрғанова сіңлісінің еміне бүгіннің өзінде бір миллионнан астам қаражат кеткенін және әлі де бірталай пластикалық от жасалу керектігін алға тартуда.

"Түрлі клиникаларға Сымбаттың суретін жібердім. Нәтижесінде отаға кемінде төрт миллионнан астам теңге қажет екенін анықтадым. Ондай ақша бізде жоқ. Ал оның отбасы көк тиын төлегісі келмейді. Олар алдымен кешірім алғылары келетіндерін айтып отыр", - дейді бойжеткен.

Ал Сымбаттың жақындары бойжеткеннің психикалық жағдайына алаңдауда. Беті, мойны, кеудесі, тіпті аяқ-қолына дейін күйіп қалған Сымбат сыртқа шығудан қалыпты.

"Ол ауырсынулардан бір орында тұра алмайды, тіпті тыныш ұйықтаудан қалды. Бұл жайтты еңсеру бізге оңайға соқпауда", - дейді Жаңагүл.

Еске салсақ, қайғылы жағдай өткен жылдың қарашасында болған. Сотталушы Сымбаттан тыйым салынған уақытта ішімдік сатуын талап етеді. Жоқ деген жауапқа ашуланған азамат бойжеткеннің үстіне бір қазан ыстық майды шашып жіберген.

Салдарынан бойжеткеннің денесінің үштен бірін күйік шалып, сотталушының үстінен бұзақылық бабы бойынша іс қозғалады. Кейін сотталушының ісін өзге бапқа ауыстырды.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1716440-20-zastagy-kyzdy-betine-ystyk-maj-saskan-magystaulyk-azamat-sottalyp-ketti.html