RU
Тәртіпке бағынған ел: Жерлесіміз Кореяда жұмыс істеудің артықшылығын айтты
Жаңалықтар Қоғам

Тәртіпке бағынған ел: Жерлесіміз Кореяда жұмыс істеудің артықшылығын айтты

Рассказать Вконтакте

Бүгінде Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп баратын қазақстандықтар саны көбейген. Өмір сүру деңгейі мен тұрмыс жағдайы жоғары саналатын мемлекетте жалақының да аз еместігі анық. Осы орайда, төрт жылдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген жерлесіміз Алексей (аты өзгертіліп алынды) аталған елде жұмыс істеудің артықшылықтары мен кемшіліктерін айтты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

"Алғашында қиын болғанын жасырмаймын. 12 сағат жұмыс істеуге үйренбегенбіз ғой... Бірақ қазір үйреніп кеттім. Оның үстіне, өзім этникалық кәріспін. Мұнда "оралман" кәрістерге көзқарас жаман емес. Бірақ жақын тарту, "аға-көке", "Бәке-Мәке" деген біздегі қатынас жоқ. Бәріне тек еңбекпен жетесің. Сол үшін де кәрістер тынбай еңбек етеді. Қолы жұмыстан босамайтын халықтың автобус пен метрода ұйқыға кететінін байқаған шығарсыз. Тіпті, жұмыс кестесінің қауырттығынан ерлі-зайыптылардың бір-бірін көрмейтін, бір төсекте жатпайтын күні көп", - дейді ол.

Қысқы Олимпиада кезінде шағын кәсібі арқылы тәуір табыс тауып жүрген Алексей көпшілікті Кореяда заңсыз жұмыс істемеуге шақырды.

"Жақында бір туысымыз заңсыз жұмыс істемек ниетпен осы жаққа келді. Мен әу бастан қарсы болып, ең болмаса, жұмыс істеуге арналған виза аштыруын сұрадым. Ол тыңдаған жоқ, ақыры, танысымызды елге қайтарып жіберді. Енді оның Кореяға келуіне мүлде тыйым салынған. Сондықтан, табыс табуды ойлағандар мұндағы жүріс-тұрысын толығымен реттеп алғаны дұрыс", - дейді отандасымыз.

Алексей Оңтүстік Кореяның Қазақстаннан әлдеқайда алға кетіп қалғанын айтады. Әсіресе, білім мен денсаулық саласындағы табыстары орасан.

Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

"Кореяда әрбір тұрғын балаларына жоғары білім беру үшін жанын салады. Әке-шешесінің күніне 12 сағат бойы тынымсыз жұмыс істейтінін көрген бала жақсы қызметке тұру үшін жоғары білім қажеттігін жақсы түсінеді. Соңғы кезде кореялық жастардың арасында суицид көбейіп келеді. Мұндай қайғылы оқиғалар мектеп бітірген соң оқуға түсе алмағандар арасында көп. Яғни, Оңтүстік Кореяда жоғары білім жақсы бағаланады. Егер қарапайым кореялық жанұяның қыз баласы мектеп бітірген соң ЖОО-ға түссе, дереу бетіне пластикалық ота жасатуға рұқсат береді. Айтпақшы, мұнда әрбір екінші қыз бетіне ота жасатқан десем артық айтқаным емес", - дейді Алексей.

Жерлесіміздің айтуынша, Оңтүстік Кореяда медицина саласы жақсы дамыған. Аса қауіпті ауруларға Қазақстаннан келіп ота жасататындар көп. Тұрғындар әр ай сайын медициналық сақтандыру қорына қомақты ақша аударады.

Ал жедел жәрдем ақылы түрде қызмет етеді. Көшедегі қаңғыбастардың өзі ауырып қалса, жедел жәрдем шақырмағанын қалайды. Себебі, қаңғыбас болсаң да, ақысын төлеуге міндеттісің.

"Кореяның алға кетуіне басты себеп - тәртіпке бағынғандығы дер едім. Мұнда барлығы заңды сыйлайды. Көшеде төбелесу, ұрлық-қарлық жоқтың қасы. Өйткені, біреуді сабасаң, заң аяусыз жазалайды. Дүкендер мен базарларда сатушысы жоқ болса да, ашық тұрған бутиктерді көп көрген шығарсыз. Бұл да халықтың заңға деген сенімінен туған нәрсе. Тауарын ашық тастап кете береді. Егер біздің елде осындай тәртіп орнаса, көптеген тұрғыдан біздің де алға кетеріміз хақ", - дейді Алексей.

Алексей Оңтүстік Кореяда еңбектің әділ бағаланатынын айтады. Егер кешкі сағат сегізден кейін де жұмыс істесеңіз, күнделікті табысыңызды көтереді. Түнгі сағат 12-ден кейін еңбектенетін болсаңыз, жұмыс беруші айлығыңызға тағы да үстеме қосады. Ал сенбі-жексенбі күні жұмыс істесеңіз күнделікті табыстан әлдеқайда артық табасыз. Қазақстандықтардың Кореяда жұмыс істеуге талпынысын арттырып тұрған да осы фактор.

Отандасымыз Оңтүстік Кореяға отбасын да ала кеткен. Ол балаларының осы жақта өсіп-өніп, аяқтанғанын қалайда.

"Қазақстан - біздің отанымыз. Күндердің бір күні еліме қайта оралатын шығармын. Бірақ балаларым жақсы білім алу үшін осы жақта еңбектене тұрамын", - дейді ол.

P.S. Оңтүстік Кореядағы іссапарымыз аяқталып, Қазақстанға аттанар кезде он шақты қазақ жігітінің елге депортацияланып жатқанын көрдік. Заңсыз жұмыс істеуге келген отандастарымызды көріп, Алексейдің ең болмаса жұмыс істеуге арналған виза аштыру керектігін ескерткені есімізге түсті.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
4
1
2
0
2
44
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel