RU
Ақтөбелік таксист ауылдан шыққан жеңілтек қызға ессіз ғашық болғанын айтты
Жаңалықтар Қоғам

Ақтөбелік таксист ауылдан шыққан жеңілтек қызға ессіз ғашық болғанын айтты

Рассказать Вконтакте

Ақтөбелік таксист жігіт басқа қызбен отбасылы болса да, алғашқы махаббатына деген ғашықтық сезімі басылмағанын айтты. Сөздерінше, көңілін қалдырған ғашығы өзге адамға тұрмысқа шығып кетсе де, оны ұмыта алмай жүр екен. Бұл туралы жігіт өңірдегі NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Такси
«Интернет таксиде жұмыс жасаймын. Бала кезден бір қызға ессіз ғашықпын. Соның атына ұқсас адам такси шақырса жетіп келемін. Бала күнімнен оған ғашық болғаным сондай, әлемнің қыздарын онымен салыстырмадым. Ал ол мені ұнатпайтын. Мүмкін жақсы көретін адамдарды қарама-қарсы қылып қоя ма?..
Мен ол қызды әлі күнге дейін жақсы көремін. Былай қарасаң, ол үш баласы бар біреудің әйелі. «Ажырасып кеттім, алшы» десе алар едім», - дейді өзінің де қазір бала-шағасы бар екенін айтқан таксист жігіт.

Ол ғашық болған қызы тұрмысқа шыққанша үйленбеген. Жігіт түнгі клубтарда жүретін прокурор мен судьяның қыздарынан қарапайым малшы қызының қылығын іздегенін айтады.

«Ол қыз бір адамды шалқасынан түсіретіндей әдемі емес. Аяғы қисықтау бір қара қыз. Бірақ оған өлердей ғашық болдым. Бір ауылдың ар жағынан, тіпті түкпірінен шыққан қара қыз деймін. Одан он есе әдемі қыздарды кезіктірдім. Жақсы көре алмайын десең жақсы көре алмайды екенсің.

Әскерден кейін түнгі клубта жұмыс жасап жүрдім. Ол жаққа небір қыздар келеді. Әкелері сотта, прокуратурада жасайтын өзінше қыздардың да түрін көрдім. Олар да тартпады. Мал ауылда бірге өскен аяғы қисық қара қызымды әр қыздан іздедім. Бірақ ол абыройы тапталған қыз еді.

Жастайынан жеңілтек болды. Мен оның ең алғаш рет жігітпен қай күні болғанына дейін білемін. Қалада оны жігіттердің «Махаббат тауына» апарып топ болып мазақ қылғандарын да естідім.

Сонда да мен ол қызға «үйленемін» дедім. Жақсы көру деген осындай екен. Беті ашылмаған қызға қарамай, сол қыздың жауабын күтіп жүрдім. Мені ұнатпай басқа жігітке күйеуге шығып кетті», - дейді ол.

Әңгімесін жалғастырған жігіт қыдырысқа томай жүрген кездері қыздардың обалына қалғанын да жасырмады.

"Маған бір қыз ғашық болды. Әскерге де іздеп келген. Жақсы қыз еді. Білмеймін сенбестік болды ма, әйтеуір өзімше болып қалдым. Мен әскерде жүргенде біреулермен қыдырған шығар деп ойладым. Бірақ ол қыздың олай жасауы мүмкін емес еді. Обалына қалдым. Сондай алтын қызды бағалай алмадым.

Оның үстіне ол кезде қыдырысқа тоймай жүрген кезім еді. Түнгі клубта жасаған соң өмірдің рахаты осы екен деп клубка келген қызды құр жібермейтінбіз. Ішіп-жеудің де қызығын көрдік. Бірақ адам одан азады екен. Ақшаны шашып, қыздармен қанша қыдырсам да, кеудем қаңырап тұратын.

Кейін намазға келдім. Бес уақыт намазымды оқыған сайын жеңілдей береді екенсің. Адам қай уақытта болса да тәубеге келу керек. Алла оған мүмкіндік беріп, белгі береді. Айтайын дегенім, адам барының бағасын білу керек екен», - дейді таксист жігіт.
Сіздің реакцияңыз
6
2
6
4
2
11
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel