Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәріне үлгеру керек": Еліміздегі жалғыз министр әйел сырымен бөлісті

Опубликовано:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова отбасы мен жұмысына қалай үлгеріп жатқанын айтып берді. Ол қолы қалт еткенде балаларына барынша көңіл бөлуге тырысады екен. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Еңбек министрі
Еңбек министрі Мадина Әбілқасымова: UGC

Министрдің айтуынша, әйел адам бәріне үлгеруі тиіс екен.

"Міне бүгін ғана Астана экономикалық форумында еліміздегі гендерлік саясат тақырыбын талқыға салған едік. Сонда әйелдерге барлығы үшін екі есе күш жұмсау керек деген тезис айтылған еді. Меніңше, әйел адамдар отбасына қалай көңіл бөлсе, жұмысына дәл солай тиянақты болуы керек деп ойлаймын", - деп қысқа қайырды министр.

Ал «Министр бола тұра отбасыңыз бен қызметіңізге қалай үлгересіз?» деген сауалымызға, «Әйел адам үлгеремін десе бәріне уақыт табады» деп жауап берді.

"Менің өзімнің үш балам бар. Мен әр балама декреттік демалыс алған кезде олардың әрқайсысымен 1 жасқа дейін жұмысқа шықпауға тырыстым. Қазір менің балаларым балабақшаға, мектепке барады. Олар одан бөлек қосымша сабақтарға да барады, яғни күнімен қолдары бос емес. Ал қолым босай қалғанда әсіресе кешкі уақытымды соларға арнағым келеді. Негізінен әйел адам үлгеремін десе бәріне үлгереді", - деді Мадина Әбілқасымова.

Сондай-ақ, ол еліміздегі жалғыз министр әйел адам мәртебесін алып жүру қалай болатындығын айтып берді.

«Араб әмірлігінде министрлердің үштен бірін әйел адамдар құрайды. Ал Канада гендерлік теңдікке қол жеткізіпті. Сондықтан біз де соған тырысуымыз керек. Алдағы уақытта министрлердің ішінде нәзік жандылардың үлесі артады деген ойдамын», - деп сөзін қорытындылады министр.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада кешеден бері экономикалық форум өтуде. Оған түрлі елдерден келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1732621-brine-lgeru-kerek-elimizdegi-zalgyz-ministr-jel-syrymen-blisti/

pixel