RU
ОҚО-да 70 жасында ұлды болған қария сексенінде сәбилі болуды армандап отыр (фото)
Жаңалықтар Қоғам

ОҚО-да 70 жасында ұлды болған қария сексенінде сәбилі болуды армандап отыр (фото)

Рассказать Вконтакте

ОҚО-да 70 жасында ұлды болған қария 80-інде де бала сүюді тілеп отыр. Сарыағаш ауданындағы Ақүй ауылының 77 жастағы тұрғыны Еламан ақсақал 12 баланың әкесі деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Еламан қария

Еламан қария

Еламан Алтаев отбасында ұлдардан жалғыз өзі, бір қарындасы бар. Ерте шаңырақ көтерген ол жарымен бір қыз, төрт ұл тәрбиелейді. Қарияның анасы немерелерімді ес біле сала үйлендіріңдер, көзімнің тірісінде немере сүйейін деген талап қояды. Кеңес үкіметінің кезі... Жастай үйленуге тыйым жоқ. Еламан Алтаевтың жары да іштей сезді ме, ұлдары 15 жасқа толған сәтте келін түсіреді.

Отау тіккен ұл ол кезде әлі мектеп қабырғасында оқитын. Немере сүйіп, шаңырақ шаттыққа кенеледі. Тек тағдырдың ащы сынағы Еламан ақсақалды айналып өтпеді. Жары 43 жасында қан қысымы кенеттен жоғарылап, қайтыс болады. Сарыағаштық тұрғын 52 жаста болатын.

Еламан қария жарымен

Еламан қария жарымен

Шиіттей баланы анасымен бірге тәрбиелеген қария араға он бір жыл салып екінші рет шаңырақ көтеруге бел буады. Бұрын тұрмыста болған, төрт қызы бар, өзінен 29 жас кіші келіншекпен осылайша отау құрады.

"Тағдыр деген болады, шырағым... Әйелім қайтыс болған соң екіншісін алдым. Онымен танысуымның өзі қызық болды. Ауылға аспаз болып бір келіншек жұмысқа тұрыпты деп достарым айтып келді. Солардың айтуымен онымен таныстым. Сөйлестім. "Тағдырдың тауқыметін осылай көріп қалдым. Шешем қартайған. Балаларым бар. Бәріміз бір үйде тұрамыз. Бала тууға денсаулығың жарай ма?" деп жағдайымды ашып айттым. Ортақ шешіммен шаңырақ көтердік. 2004 жыл болатын. Құдайға шүкір, екінші некемнен тұңғыш ұлым дүниеге келді. Кейін тағы да ұлды болдым. Үшіншім, яғни, ең кенжем де ұл. Есімі Жетпісбай. Жетпіс жасымда дүниеге келді", - дейді қария.

Еламан қария ұлымен

Еламан қария ұлымен

Жеті ұл мен бір қыздың әкесі атанған қария жұбайымен бірге келген төрт қызын өз перзенттерінен кем көрмейтінін жеткізді.

"Менің он екі перзентім бар. Жұбайымның қыздарын да өз перзенттерімдей көремін. Ешқашан бөлген емеспін. Барлығы бірдей. Себебі қайнап жатқан бір қазан болғандықтан олардың өз ұл-қыздарымнан бөлектеу дұрыс емес, қарағым", - дейді Еламан Алтаев.
Еламан қария жарымен

Еламан қария жарымен

Сұхбат барысында ақсақал берік отбасы болудың сырымен де бөлісті.

"Барлығы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қарым-қатынасына байланысты. Сыйластық, мінездердің үйлесуі, ортақ шешім. Осы үш құндылық отбасыны сақтап қалуға басты себеп", - дейді Еламан қария.

Еламан қария жарымен

Еламан қария жарымен

Ауылда өтіп жатқан өмірін баяндап берген қария әңгіме арасында 80 жасында да сәбилі болып, есімін "Сексенбай" деп қоюды ойлап жүргенін жасырмады.

"Кең дүние ғой, ол енді адамның организміне байланысты. "Сексенбайларды" дүниеге әкелудің реті келіп қалар, әлі үш жыл бар екен. 80 жасқа аман-есен төрт көзіміз түгел жетсек, періште "әумин" десе, боп қалар. Алла берсе болды ғой", - деп сөзін түйді сарыағаштық қария.

Ескерту! Материал ҚР құқықтық заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіріп басуға, таратуға немесе өзге де мақсаттарға пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
1
6
3
1
2
35
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel