18 жасында миллионер атанған шымкенттік бойжеткен кім?
Жарияланған күні:
18 жастағы Шымкент тұрғыны Шұғыла Дүйсен жас шағынан жеке бизнесін ашып, миллионер атанған бойжеткен. Бүгінде үш дәмханасы бар ару "Замана" басылымына сұхбат беріп, жетістікке жету құпиясымен бөлісті.
Шұғыла бизнестің алғашқы баспалдағын 17 жасында басқан. Ол осыдан бір жарым жыл бұрын бірінші дәмханасын ашып, оны сәтті жүргізген. Көп ұзамай тағы екі дамхананы қосып, бүгінде аяғына нық тұрған кәсіп иесі болып отыр.
"Осыдан бір жарым жыл бұрын дәмханамның бірінші сауда нүктесін аштым. Алғашқы ұстаған миллионым сол кезде еді. Бірінші тапқан табыс қашан да ыстық қой, басында керемет әсерде болдым. Кейін барлық шығындарды қарап шыққанымда қуанышым су сепкендей басылды. Бірінші айдан бастап орасан табысқа ие бола кету бизнес саласында мүмкін еместігін түсінген соң аса қатты уайымға беріле қоймады", - дейді бойжеткен.
Арудың жастайынан бизнеске араласыуына ата-анасы себеп болыпты. Айтуынша, олар отбасымен жеке кәсіппен айналысатын болғандықтан, 14 жасынан бастап кассада тұрып, қоймада жүріп, ақшаның қалай келетінін түсініп өскен.
"Басты көмекшілерім де, кеңесшілерім де, инвесторларым да – ата-анам. Себебі олар да бизнес саласында 10-15 жылдай істеп келе жатқан жандар", - дейді ол.
Шұғыла кәсібін ілгерілету үшін көптеген бизнес тренерлерден сабақ алып отыратынын айтады. Дегенмен берген білімді іске асыру үшін де адамның жеке қасиеттері маңызды рөл атқарады деп санайды.
"Ең бастысы – шыдамдылық керек. Себебі қазір кәсіп ашып, бірден табысқа кенеле қаламын деу – қателік. Кез келген кәсіпке салынған ақша өзін-өзі жаймен өтейді. Екіншіден, қол астыңдағыларға деген сый-құрмет қажет. Олармен арада жылы қарым-қатынас пен түсіністік болуы қажет. Себебі оларсыз жұмыс алға баспайтынын әрбір кәсіпкер түсінуі керек", - дейді Шұғыла Дүйсен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1753486-18-zasynda-millioner-atangan-symkenttik-bojzetken-kim/