Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күніне үш сағат ұйықтайтын кәсіпкер әйел әсіпті қалай табыс көзіне айналдырды?

Опубликовано:

Көне Түркістанда әсіп бизнесі кеңінен дамыған. 23 жылдан бері ұлттық тағамды сатып, нәпақа тауып отырған түркістандық ана бұл істі жасау екінің бірінен қолынан келе бермейді дейді. Күніне үш сағат ғана ұйықтайтын кәсіпкер клиентті тартудың қыр-сырымен бөлісті, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

47 жастағы Ұлжан Алпамысованың бұл бизнеске келуінің өзіндік себебі бар. Елде дағдарыс заманы орнап, халықтың көбі жұмыссыз қалғанда өзі секілді келіншектер базар жағалап, нәпақа табудың қамына кіріседі.

"Үш баламмен үйде декреттік демалыста отырдым. Күйеуім жұмыссыз қалды да қатты қиналдық. Көрші әйелдер базарға шығатын, мен де солардың қатарына қосылдым. Әсіп сатуды Түркістанда алғашқылардың бірі болып бастадым деуге болады. Ол кезде клиент көбірек еді. Оның үстіне әсіп сатушы да аз болды. Қазір бәсекелестік артты.
Бүгінгі таңда өзім Түркістандағы психоневрологиялық диспансерде жұмыс істеймін. Әсіпті базарға төмендетілген бағамен өткіземін, арнайы сатып алушы қызым бар. Оған бір порциясын 150 теңгеден беремін, ол үстіне ақшасын қосып, 300 теңгеден сатады" , - деді Ұлжан Алпамысова.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Әйел адам әсіп сатуды алғаш қолға ала бастаған кезінде көрген қиыншылықтары туралы да айтып берді.

"Ол кезде көпқабатты тұрғын үйде тұрдық. Әсіпті тазалау қиын болды. Оның үстіне жас отбасымыз, үлкен-үлкен қазан мен ыдыстар жоқ. Уақыт өте оның бәрін реттеп алдық. Шыны керек, төртінші қабаттан су тасып, әсіпке қажетті ішек-қарынды тазалау қиынның қиыны еді. Қазір шүкір, жер үйде тұрамыз. Тіпті керек десеңіз, әсіп жасайтын арнайы ас үйіміз де бар. Бірінші жағдайды жасап алу керек қой", - деп өткенін еске алды ол.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Ұлжан Алпамысованың жолдасы алғашында оны әйелдердің ісі деп көмек бергісі келмеген екен. Бірақ уақыт өте күн-түн демей, еңбек еткен келіншегінің ісіне қолдау көрсетуге шешім қабылдайды. Бүгінде нағыз маман. Әйелінің басты көмекшісі. Кейде Ұлжан апай жұмыста болып қалса, өзі әсіп пісіре береді. Тапсырысты клиентке жеткізіп беру де отағасының мойнында.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Сұхбат барысында әсіп бизнесін дөңгелетіп отырған тұрғыннан оның жасалу жолын да сұрап білдік.

"Мен әсіпті базарға шығарғаннан бөлек тапсырыс та қабылдаймын. Сондықтан күніне неше қойдың ішек-қарнын алатынымыз туралы нақты айта алмаймын. Кейде 15 қойдың ішек-қарнын аламыз, кейде одан да көбейіп кетеді. Жасалу жолына келсем, алдымен қойдың ішек-қарнын жақсылап тазалау керек.
Қарынды езіліп кетпейтіндей етіп пісіреміз. От қатты болмауы тиіс, егер қарын қатты болса, дәмі шықпай қалады. Кейін қарынмен қоса жүрек, өкпе, бүйрек, ұлтабары бар, бәрін еттартқыштан өткізесің. Дәмі шықсын деп пияз, болгар бұрышын, сарымсақ қосамыз. Кейбіреулер ащы бұрыш қосуымызды сұрап жатады.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC
Талғамға қарай қосамыз ғой. Бәрін де еттартқыштан өткізу керек. Кейін күріш араластырасыз да, бәрін ішекке тығасыз. Қазанға су құйып, бір қайнаған соң отты бәсеңдетіп, 45 минут жай қайнап тіұруы тиіс. Егер қатты қайнаса, жарылып кетуі мүмкін", - дейді кәсіпкер.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Әсіп жасаушы бір күнде 50 қойдың ішек-қарнын алып, әсіп пісірген кезі болғанын жеткізді. Ол кезде базарға шығаратын әсіптен бөлек ораза кезінде ауызашарға алған тапсырысы болған екен. Бір қойдан көп болса, он бес порция әсіп шығады. Өйткені қойдың барлық ішегі ұлттық тағамды жасауға жарамайды. Тек белгілі бір бөлігін ғана алуға тура келеді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Ұлттық тағамға көктем мен күз, жаз мезгілдерінде сұраныс көбірек. Дәл сол кезде той-тоймалақ та көбейеді, қараша халықтың базарға баруы да жиілейді. Күніне кейде үш-ақ сағат ұйықтайтын Ұлжан Алпамысова тапсырыс көбейген кезде тіпті шай ішуге де уақыт болмайды дейді. Тек Түркістан облысынан емес, Алматы, Астана қалаларынан да тапсырыс түседі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

23 жылдан бері әсіп сатумен айналысып келе жатқан Ұлжан апай бұл кәсібімді әлі де жалғастыра беремін деп отыр.

"Бір жалақымен отбасын бағу қазіргі заманда қиын ғой. Табыс тапқың келсе, тынбай еңбектену керек. Бүгін жасап, ертең демаламын десең, банкротқа ұшырайсың. Осының нанын жеп жүрген соң тастағым жоқ. Бала-шағаны да осы бизнестің арқасында оқыттым. Қолыңда үнемі ақшаң болады.
Кейде балаларым "Болды, қойыңыз енді. Шаршайсыз. Біз өстік. Өзіміз бағамыз" дейді. Бойымда қуатым болып тұрғанда неге қосымша табыс таппасқа?" , - деп сырымен бөлісті келіншек.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Сонымен қатар әсіп сату арқылы әйел адам талай танымал тұлғалармен танысқан. Тіпті ол өзі жасаған ұлттық тағамнан Қасым-Жомарт Тоқаев, Дариға Назарбаева мен Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева және тағы да өзге өнер иелері дәм татқанын мақтан тұтады. Қысқасы, Түркістанға сыйлы қонақтар келсе, Ұлжан апайдың әсібі міндетті түрде дастарханға қойылады екен.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC
"Өз үйімде дастарханнан әсіп үзілген емес. Шыны керек, күн сайын алғашқы клиентім деп немерелерімді айтуға болады (күліп). Үйге қонақ келсе, "Етіңді асып әуреленбе, бізге әсіп дайындап қойсаң болды" деп жатады. Білген адамға әсіп деген дәрумендерге бай тағам ғой" , - деп сөзін түйді түркістандық тұрғын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1756934-knine-s-sagat-jyktajtyn-ksipker-jel-sipti-kalaj-tabys-kzine-ajnaldyrdy/

pixel