RU
Атырауда туыстары жерлеп тастаған азамат екі айдан соң үйіне оралды
Жаңалықтар Қоғам

Атырауда туыстары жерлеп тастаған азамат екі айдан соң үйіне оралды

Рассказать Вконтакте

Атырауда екі ай бұрын жер қойнына тапсырылған азамат өз үйіне аман-есен оралды. Айғали Сұпығалиевті "өлді" деп ойлаған туыстары жақындарын қайта көріп, есеңгіреп қалған деп жазады "Ақ жайық" басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: Ақ Жайық

Фото: Ақ Жайық

Оқиға Томарлы ауылында болған.

Туыстарының айтуынша, 63 жастағы Айғали Сұпығалиев осы жылдың маусым айында үйінен шығып, жоғалып кеткен. Осы уақытқа дейін оның үйден кетіп, қайта оралуы жиі орын алып тұрған екен.

Алайда бұл жолы туыстары Айғалидың ұзақ уақыт үйге келмегеніне алаңдап, 9 шілде күні полицияға адам жоғалғаны туралы арыз түсіріпті.

Уақыт өте келе тәртіп сақшылары мәйітханада белгісіз бір мәйіт бар екенін айтып, тұлғаның денесін тану үшін туыстарын шақыртады. Алайда күннің ыстығынан шіріп кеткен мәйітті тану мүмкін болмаған екен. Осыған байлансысты бекітілген ДНҚ сараптамасы дененің Айғалиға тиесілі екенін 99,92 пайызға дәлелдепті.

Фото: Ақ Жайық

Фото: Ақ Жайық

Айғалидың інісі Есенғали Сұпығалиевтің айтуынша, туыстары мәйіттің қалдығын мәйітханадан алып, барлық дәстүрге сай жерлеу рәсімін өткізген екен.

"Туыстарымыз "көңіл айту" шайына келді. Қайғырып, көңіл айтты. Ал қазан айының соңында Айғали үйге аман-есен келді. Сол кезде "өлген" ағасын көрген қызым Сәуленің жүрегі ұстап қала жаздаған",- деді ол.

Анықталғандай, жоғалған күні Айғали базарда бір адаммен танысқан. Ол танысы азаматты көрші ауданда табыс табуға көндіріп, алып кетіпті. Төрт ай жұмыс істеген Сұпығалиев үйге оралуға асығып, ауданнан Атырауға жаяу келген екен. Алайда ол үйге келгенде өзін қандай тосын сый күтіп тұрғанын білмеген көрінеді. Бұл уақытқа дейін туыстары зейнетақыны мемлекетке қайтарып, зират құлпытасына тапсырыс беріп те үлгеріпті.

Атырау облыстың сот сараптама институты бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Олар сараптама тек қайтыс болған адамның тырнағын ғана тексергенін жеткізіпті.

Облыстық полиция мен юстиция департаментінде де бұл іске қатысты еш пікір айтылмаған.

Қазір Айғали Сұпығалиевтің отбасы сотқа арыз беруге дайындалып жатыр. Олар медицина сарапшылары мен полицейлерді жазаға тартуды сұрап отыр.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
39
22
9
2
4
13
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel