RU

Үндістанды сұлулығымен бағындырған қазақ қызы жайлы не білеміз?

Күні кеше ғана Үндістанда өткен "Miss Asia Global" байқауының жеңімпазы атанған Әсем Есенгелдиева бұл жарыс туралы қалай білгенін айтып, жеңіске жетуінің сырымен бөлісті деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото бойжеткеннің жеке мұрағатынан алынды
Фото бойжеткеннің жеке мұрағатынан алынды: UGC

Бойжеткеннің сөзінше, ол сұлулық байқауына өзі жұмыс жасайтын агенттік арқылы жолдама алған.

"Velada модельдік агенттігінің қолдауымен, аталмыш байқауға барып қайттым.

Шыны керек, жеңімпаз атанамын деп ойламаған едім. Қарсыластарымның барлығы асқан сұлу, білімді, әрі жан-жақты арулар болды.

Бірақ мен сән байқауларына 16 жасымнан бастап қатысып келе жатырмын. Сондықтан, өз-өзіме сенімді болдым, тіпті, ештеңеден қорықпадым десем, артық айтпаспын", - дейді Әсем.

Сонымен бірге, ол байқаудың жүлде қорынан жеңіп алған сомасының жартысынан астамын күрделі отаны қажет ететінін балақайларға аударатынын атап өтті.

"Мен кішкентайымнан жақсылыққа, мейірімділікке жаным жақын болып өстім. Әрине, мен бұл сомамен, әлемдегі барлық сырқаттанған балаларды емдеп ала алмасам да, тым құрыса біреуіне көмектесуді жөн көрдім. Бұл менің шешімім, болашағымыз – балаларымыз аман болсын", - дейді ару.

Сұхбат барысында бойжеткен Үндістан жайлы әсерлерімен де бөлісті.

"Үнді еліне алғаш рет бардым. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптары қатты таң қалдырды. Бір қиыны маған ауасы тым жақпаса да, ұлттық тағамдары қатты ұнады. Олар да біз сияқты өте қонақжай халық екен" , - деді ол.

Бойжеткеннің пікірінше, қандай жетістіктерге жетсе де, ол қарапайым қазақ қызы болып қала бермек екен.

"Болашақта әлемдік брэндтермен жұмыс жасағым келеді, сол үшін барымды салатын боламын", - деді бойжеткен.

Айта кетейік, Әсем Есенгелдиева Үндістанда қарашаның 2-10 аралығында өткен "Miss Asia Global" сән байқауының жеңімпазы атанған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1763047-ndistandy-slulygymen-bagyndyrgan-kazak-kyzy-zajly-ne-bilemiz.html