RU

Үш әйелінен он бала сүйген жетісайлық қария тағы үйленгісі келетінін айтты

Түркістан облысы Жетісай ауданының 72 жастағы тұрғыны Сапаралы Серікбаев үш әйелінен он ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Үш шаңырақтың балаларын тату-тәтті ұстап отырған қария төртінші рет отбасын құруға қарсы емес деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Фото:Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Фото:Sputnik / Жансая Тәуекелқызы: Instagram

Сапаралы атайдың әкесі де кезінде үш әйел алып, 20 бала өсіргендіктен бұл отбасы "көп әйел" мәселесіне шошына қарамайды.

"Әлі есімде анам әкемнің екінші әйеліне сіңлісіндей құрмет көрсететін. Үшінші "анаммен" де қарым-қатынасымыз жақсы болды. Біз тоқалдың-бәйбішенің баласы деп бөлінбейтінбіз.
Негізі марқұм әкем "биең көбейсе, құлын да көбеймек. Не істесең де адал бол. Арам жолға түспе. Некелеп ал. Ешқашан сүрінбейсің. Некеде дүниеге келген баланың да жүзі жарқын, тәрбиелі болады" деп үнемі ақылын айтып отыратын", - деген ақсақал әңгімені әріден бастады.

Сондай-ақ, Сапаралы Серікбаев екінші әйелімен некесін бәйбішесінің көзінше қидырғанын да жасырмай айтып берді.

"Кеңес үкіметі заманында көп әйел алу деген қатты бақылауда болатын. Екіншімді үйге алып келіп, түн ішінде ауылдың имамын шақырып, некемізді қара шаңырақта қидырдық. Ол үйде бәйбішеммен бірге тұрғанмын.
Өзімнің туыстарым мен қайын ағаларымды шақырып, батасын алдым. Алғашында оның ағалары қарсы болғанымен, бәйбішем өзі рұқсатын бергенін айтты", - деген атай сол кезде екі әйелін де той-томалақтан қалдырмай, бірге ертіп жүрген.

Сапаралы қария шаңырақ көтергеннен кейін біраз жыл өткенде бәйбішесі қайтыс болыпты.

Осы оқиғадан кейін сырқаттанған қарияны екінші әйелі емші келіншекке емдеуге алып барған.

Кейіннен сол шипагер әйелмен көңілі жарасып, Сапаралы Серікбаев үшінші рет шаңырақ көтереді.

Бүгінде үш әйелінен 15 немере, он шөбере сүйіп отырған ақсақал төртінші рет отбасын құруға қарсы емес екенін де сөз арасында айтып қалды.

"Немере, шөберелермен жарысып үйленіпті" демесе, негізі ойда бар (күліп). Немерелерім үйленерде сендермен бірге күйеу жігіт болып барайын" деп әзілдеймін", - деп ағынан жарылды ол.

Сапаралы қария қазіргі уақытта ажырасудың белең алуы әйел адамның тәрбиесіне қатысты екенін жеткізді.

"Қол көтерген соң ажырасып кетіпті дейтіндер бар. Бәлкім оның да себебі бар шығар. Ішімдік мәселесін тыю қажет.

Дегенмен менің түсінігімше, ажырасуға көп жағдайда пәктік мәселесі кесірін тигізеді. "Сүйем, күйем" деп бүгін қосылып, ертең күндердің күнінде "Маған дейін кіммен болды? Қайда жүрдің?" деген әңгіме міндетті түрде қозғалады.

Сондықтан пәктік мәселесін, абыройын сақтау қажеттігін жас қыздардың құлағына  бала күнінен құю керек. Бұл – үлкен мәселе", - деді Сапаралы Серікбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1768011-s-jelinen-on-bala-sjgen-zetisajlyk-karia-tagy-jlengisi-keletinin-ajtty.html