БЖЗҚ жастар мен студенттерге арнап дәріс өткізді
Жарияланған күні:
Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай жүйенің барлық қаржылық және ақпараттық ағынының бірыңғай әкімшісі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жас отандастарымыздың қаржылық сауаттылығын арттырып, олардың арасында зейнетақыны жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға байланысты түрлі іс-шаралар өткізді. Қатысушылар қатарында жастар мен студенттер көп болды.
Әрбір жасты болашағы ойландырары сөзсіз. Бейнетінің зейнетін көруді кез келген адам армандайды. Осы орай халықтың қаржылық сауаттылығының жоғары болуы өте маңызды.
БЖЗҚ басшылығы 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындарында студенттермен кездесіп, зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі бойынша дәріс өткізді.
Атап айтар болсақ, 22 қараша күні «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры Жанара Төлегенова Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жастарды жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қыр-сыры мен ондағы болып жатқан жаңалықтармен таныстырды. Бұдан кейін Қордың тағы бір Басқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде және Орал қаласында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, студенттермен кездесу өткізді.
Мәулен Амангелдіұлы студенттердің өтініші бойынша Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне тағы да келіп, магистранттар алдында зейнетақыны жоспарлау бойынша қызықты әңгіме жүргізді.
«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева 23 қараша күні Өскемен қаласында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен және 28 қараша күні Алматы қаласында Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің (НАРХОЗ университеті) студенттерімен кездесіп, зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі бойынша мазмұнды әңгіме өткізіп, болашақ мамандардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Ал «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Алматы қаласында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде болып, жастар алдында отандық зейнетақы жүйесінің өткені, бүгіні және болашағы жайында сөз сөйледі.
«БЖЗҚ» АҚ Астана қаласындағы филиалының директоры – Басқарушы директор Мұрат Шәріпов те М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде және Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде студенттермен кездесті. Кездесуге қатысқан жастарды әсіресе болашақ зейнетақыны жоспарлау мәселесі қызықтырды. Өйткені олардың болашақ зейнетақысының көлемі Қордағы жеке зейнетақы шотына зейнетақы жарналарының уақытылы және толық көлемде аударылуына тікелей байланысты.
Жалпы Қор басшылығы студенттер үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ерекше маңызға ие екендігіне тоқталып, зейнетақы капиталын көбейту жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар жастарды зейнетақы заңнамасындағы соңғы өзгерістермен таныстырды. Көтерілген тақырыптар, әсіресе Қор мен салымшылар арасындағы байланыс арналары, сондай-ақ, зейнетақы қызметтерін қашықтықтан алу мүмкіндіктері жастар арасында ерекше қызығушылық туғызды. Ал жұмыс істеуші студенттер азаматтық-құқықтық шарттар бойынша алған табыстан міндетті зейнетақы жарналарын қалай төлеуге болатындығы жайында сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды.
"Біздер, экономистер, зейнетақы жүйесін оқудамыз. Өйткені, бұл өте қызық. Мен бұл қаржының қалай инвестицияланатынына да қызығушылық танытып отырмын. Бүгінде өзім де тәжірибеден өтіп жүрмін. Сондықтан жұмыс берушілердің зейнетақы аударымдарын қалай жүзеге асыратынын білемін", - дейді Қазақ экономикалық университетінің (НАРХОЗ университеті) 4-ші курс студенті Лаура Ермекова.
"Бұл мәліметтердің тигізер пайдасы көп, сондықтан, маған қызықты әрі пайдалы болды. Бұл саладағы өз білімімді жетілдірдім. Аударымдардың не үшін жіберілетінін түсіндім. Өз еркімен жіберілетін аударымдар мені қызықтырып жүрген, бұлар кейін міндетті қызметке айнала ма деген сұрағыма да жауап алдым. Мен үшін бұл маңызды, себебі, бүгінде жұмыс істей бастадым. Сондықтан, зейнетақы жүйесіне жарна төлеудемін", - дейді Қазақ экономикалық университетінің тағы бір студенті әрі болашақ экономист Алина Мерзликина.
Халықаралық Еңбек Ұйымының талаптарына сәйкес құрметті демалысқа шыққанда алатын зейнетақының мөлшері зейнет жасына дейін алып жүрген орташа жалақының кемінде 40 пайызын құрауы тиіс. Демек, зейнет жасына шыққан азаматтың зейнетақысы орташа жалақыдан екі есеге дейін азайып кетеді екен. Бірақ зейнет жасында табыс азайғанымен шығындар бәрібір азаймайды ғой. Сол үшін зейнет жасында да лайықты, толыққанды өмір сүру үшін, алатын зейнетақы да қомақты болуы керек екені даусыз. Ал зейнетақы көбейтудің бірегей жолы – оны ерте бастан жоспарлау. Қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесі бұған толық мүмкіндік береді.
Ең бастысы, болашақ жас мамандар «Зейнетақыны ойлауға әлі уақыт бар, үлгереміз» - деген ойдан аулақ болулары керек. Уақыт тез зымырайды. Сондықтан жұмысқа орналаса салып, болашаққа қор жинауды, яғни зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аударуды бастаған жөн.
Өйткені зейнетақы жинақтарының комақты болуы жарналардың тұрақты жәіне толық көлемде аударылуына тікелей байланысты. Бұл ретте жалақыны конвертпен емес, ресми түрде алу маңызды. Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын Қорға уақытылы аударып отыруын қадағалап отыру қажет. Бұған зейнетақы қоры көмектеседі.
Қор негізгі қызметтерінің барлығын дерлік электрондық форматқа ауыстырған және қашықтықтан көрсетілетін қызметтерді одан әрі дамытып жатыр. Сәйкесінше қазіргі уақытта жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың жай-күйі туралы ақпарат алудың бір емес, бірнеше тәсілі бар. Соның ішінде ең ыңғайлысы, әрине, ақпаратты қашықтықтан, яғни интернет арқылы алу.
Бұл қызмет жастар арасында өте танымал болуда. Жеке зейнетақы шотын Қор бөлімшесіне келіп немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен Қордың сайты арқылы ашқан кезде ақпарат алудың интернет байланысы тәсілін таңдаған жөн.
Сонда логин мен парольді, яғни құпия сөзді пайдалана отырып, Қор сайтындағы Жеке кабинетке тіркелу арқылы немесе ұялы қосымшаға жүктелген «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы зейнетақы жинақтарының жай-күйін кез келген уақытта, кез келген жерде білуге болады. Қазір логин ретінде салымшыларға ыңғайлы болуы үшін жәке сәйкестендіру нөмірі пайдаланылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1769273-bzzk-zastar-men-studentterge-arnap-dris-tkizdi/