Еліміздің батысында соғымға сойылатын жылқылар 450 мың теңгеден сатылуда
Жарияланған күні:
Соғым маусымында саудасы қызатын базардағы мал бағасы халықтың қалтасына қолайлы ма? Қандай малдың етіне сұраныс жоғары? Тәбеттің қалауын қалта көтеріп жатыр ма? Осы сұрақтардың жауабын табу мақсатында NUR.KZ тілшісі Ақтөбедегі мал базарына арнайы барып, бірқатар маңызды мәліметтерді біліп қайтты.
Анықталғандай, бұл өңірде етке деген сұраныс өте жоғары болып шыққан. Қалталысы малды бүтіндей алса, шамасы келмегені жіліктеп алады екен. Ал оған шамасы келмегені қарызданып, қыстық соғымды бірнеше айға бөліп төлеуге бар.
Мал базарындағы сауданы жүйелеп отырған әкімшілік қызметі халықтың ет жеуден тәбеті жоғары екенін айтып берді.
"Біз базарда сатылып жатқан малдың басын санамаймыз. Бұл жақтағы сауда соғымның уақытында қызады. Адамдар өздерінің туған жерінен келген малды іздеп жүреді, өз ауылдарының етін мақтайды. Көбіне Шалқар мен Ырғыздың малды іздейді. Баға былтырмен салыстырғанда қарайлас. Биыл ірі-қара аздау. Қазір көбіне тек жылқылар келіп жатыр. Базарда жылқы мен жабағы көп. Жабағылардың бағасы 150-180 мың теңгенің арасы.
Ал жылқыдан байталдар 300 мың теңге. Биелер 400-450 мың теңгенің арасы. Қашарлар 170-200 мың болса , сиырлар 250-260 мыңға барады. Ұсақ малдарға да сұраныс жоғары. Садақа, той, құда күту, шілдехана, жамбас тарту, бас тарту деген рәсімдеріміздің барлығында қой сойылады. Сол себепті ұсақ-мал соғымға қарамай тұрақты сұраныста. Олардың бағасы 20-30 мың теңгенің арасы",- дейді мал базарының әкімшілік басшысы Ринат Нұрғалиев.
Базарда жеке малды союға арналған цех бар. Оның айналасы соғым маусымында қанға боялып жатады. Себебі қасапшылар сойылған малдың қанын бұл жерге күректеп төгеді.
"Соғым халықтың бір жылдық несібесі. Жағдайы бар отбасылар соғымға жылқы, сиыр, түйе сойып жатыр. Соны бір жылдық азық қалады. Бір малды соғым қыламын деушілер өткен жылға қарағанда аз. Күніге 10-15 сиыр, 5-6 жылқы сойылады", - дейді базардағы жеке мал сою цехының басшысы Бектібай Молдабай.
Етті жіліктеп сататындардың да өз бағасы бар.
"1987 жылдан бері ет сатумен айналысып келемін. Ет саудасының тоқтап қалған кезі болған емес. Халық ақшасын тамақтан аяп жатқан жоқ. Таныстарымыз қарызға алады. Сұраныс Шалқардың етіне көп. Ол жақтың адамы да, малы да ерекше. Күніге бір сиыр, бір жылқы сатамыз. Тұрақты алатын 4-5 мейрамханам бар. Келіншегім екеуміз үйленгелі бері осы кәсіппен айналысып келеміз. Екеуміз осылай ет сатып жүріп таныстық. Үйленіп, ертеңіне қол ұстасып етке шықтық", - дейді Амандық Нұртазин.
Малды көтерме бағамен алып, оны жіліктеп сатып жүргендердің қатарында жиырма жастан асқан жас жігіттер жүр.
"Жасым 24-те. Ет сатып жүргеніме 1,5 жылдан асты. Мамандығым электрик. Жолдас баламның ағасы осында жұмыс істейді. Сол арқылы ет сатуға шықтым. Халық қазір бірінші ақшасына қарайды . Көп жағдайда жіліктеп алады. Көтерме бағамен малды сатып алып, осында соямыз. Келілеп есептегенде жылқының еті 1500 теңге, сиыр 1450 теңгеден", - дейді Абай Құлынтай.
Ауылдағы малы бар ағайынға қып-қызыл пайда түсіретін соғым уақытының саудасы қызып тұр. Ауылдағы танысына тапсырыс беріп жатқандар мен интернет-соғым іздеп жүргендер де жоқ емес.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1769381-elimizdi-batysynda-sogymga-sojylatyn-zylkylar-450-my-tegeden-satyluda/