RU
Елімізге танымал үздік педагогты шәкірттері 80 жасымен құттықтады (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Елімізге танымал үздік педагогты шәкірттері 80 жасымен құттықтады (фото)

Рассказать Вконтакте

Өмірінің отыз жылдан астам уақытын ұстаздыққа арнаған Дәмелі Нұғманқызы 80 жасқа толды. Көкшетау облысының Қазақстан селосында дүниеге келген ұлағатты ұстазды шәкірттері мерейтойымен деп хабарлайды NUR.KZ.

Дәмелі Нұғманқызы. Фото: Жеке мұрағат/NUR.KZ

Дәмелі Нұғманқызы. Фото: Жеке мұрағат/NUR.KZ

Дәмелі Нұғманқызы Даниярова 1938 жылы 27 желтоқсанда Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Қазақстан селосында Нұғман атай мен Мәлике әжейдің шаңырағында дүниеге келген.

Ал 1956 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қыздар институтының физика-математика факультетіне түседі.

ЖОО-ны 1961 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолын №12 мектепте математика, физика пәндерінің мұғалімі болып бастайды.

Жас маманның бойындағы ұстаздық қабілетін байқаған, ұстаздардың бірі Әлия Дүйсенова ханым Дәмелі Нұғманқызына: "Қызым, бірге жұмыс істеп келе жатқан ұжым мүшелерінің ішінде болғаныңа мәз болма, алдында жүру мақсатың болсын", - деп батасын берген екен.

Ұстаздық ету жолында өзінің тәжірибесімен бөлісуге барын салатын Дәмелі Нұғманқызы өзі өткізген сабақ пен әдістерін теледидар арқылы Республика мұғалімдеріне таратқан. Ал олардан келген әр сауалға ерінбей жауап қайтаруды әдетке айналдырады. Осы еңбегінің нәтижесіне 1980 жылдың 15 желтоқсанында "Бүкіл Кеңестік оқу-ағарту ісінің үздігі" медалымен марапатталды.

Ал 1983 жылы аттестцияның нәтижелері бойынша "Аға оқытушы" атағына ие болған.

Арада екі жыл өткенде өзі еңбек жолын бастаған Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалады.

1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде де Дәмелі Нұғманқызы ұстаздар ұжымы мен оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, мұғалімдер мен ата-аналардан кезекшілік ұйымдастырады. Күні-түні мектепте түнеп, шәкірттерінің шалыс қадам басуына жол бермеген.

Осыдан кейін Дәмелі Нұғманқызы 1987 жылы "Еңбек ардагері" атағына, 1990 жылы "Әдіскер мұғалім" секілді көптеген мемлекеттік мақтау грамоталарына қол жеткізеді.

1995 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер деген жоғары атақтың иегері болды.

Осы орайда Дәмелі Нұғманқызының 1996 жылғы түлектері ұстазын сексен жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ақ тілектерін арнады.

" Құрметті Дәмелі Нұғманқызы, сіздің кенже түлектеріңіз деніңіздің саулығын, шаңырағыңызға ырыс байлығын, жүрегіңізге мәңгі жастық жалынын, көңіліңізге сезімнің шалқыған шаттығын тілейді.
Отбасыңыздан ынтымақ, басыңыздан бақ таймасын! Дос-жаран мен туған-туыс алдында абыройыңыз әрдайым артып, аңсаған арманыңыздың асуларына жете беруіңізге тілектеспіз", - деп жазды 1996 жылы мектеп бітірген 11 "В" сыныбының түлектері.

Сондай-ақ Дәмелі Нұғманқызының кенже шәкірттері ұстазына өлең жолдарын арнаған.

Алаш үшін зобалаң жыл саналған,

Қысқы қырау желтоқсанның соңында,

Қазағымның маңдайына жаралған,

Тарту болып жарық жұлдыз жанған-ды.

Осы өмірдің ауыртпалық, тарлығын

Бар қиындық, тайғақтарын кешсе де,

Еш мойымай, алға тартты көтеріп

Басын тіктеп, Қызқарағай тәрізді.

Дәмелі апай біздер үшін дана жан,

Өмір бойы тәрбиеге жан салған.

Формула мен теорема сан түрлі,

Баршамыздың жадымызда сақталған.

Алтын ұя астаналық мектептен

Мықтыларын азаматтың самғатқан,

Алматылық мектептердің ішінде,

Он екінің орны бөлек шалқытқан.

Ақ бесігі, нағыз қара шаңырақ,

Талай жасты ақсамастан самғатқан.

Арасында мықты азамат ұшырған,

Ардақты ұстаз, Дәмелі апай өзіңіз.

Жетелеген кенже сынып ішінде,

Төрт Данияр оқитұғын бақандай.

Жалғыз емес, екі облысты басқарған

Азматтың ұлын бізбен жеткізген. 

Шығарарда тақта алдына, сабақта

Сыныптағы төрт Данияр тығылған.

Саусағымен журналдағы тізімнен

Оқушыны құрбан болар аңдыған.

"Ал, тақтаға шығады..., Данияр ..." - деп

Тегімізді атарда жан қалған ба... ?

Таңдалған соң арамызда жан пида,

Күрсінумен отырдық біз тағы да...

Кеңестік дәуір өтіп кетсе дағы,

Жүруші едік бұрыңғы бәз қалыппен.

Басқалары тағынуды қойса да,

Біз ақ жүрдік тағып, қызыл галстукпен.

Жылдар өтті, жаздар менен қыстар да

Ана болып, кеше жүрген қыздар да.

Дәмелі апай, асқар тұлға тәрізді

Еш өзгермей, сол қалыппен қалыпсыз.

Сексен жылда қасықтап сіз жинаған

Абыройды айрандай біз төкпедік.

Жалпы алғанда барлық түлек тер төгіп,

Адал еңбек етудеміз бәріміз.

Құтты болсын сіздің мерей тойыңыз,

Деніңізге біз саулықты тілейміз.

Келер күннің шуағы боп сәулелі

Еңбектің сіз зейнетін тек көріңіз", - деп ұстазына өлең жолдарын арнады түлектер.

Айта кетейік, Дәмелі Нұғманқызы 1976 жылы үш баласының әкесі, қорғаны болған азаматынан айырылады. Ұстаз басына төнген қара бұлтқа қарамастан, Жанна, Абзал, Сағдана есімді үш баласын жалғыз жеткізген..

Сіздің реакцияңыз
0
0
1
0
0
5
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel