RU

Сапарбаев Ақтөбедегі ерекше оқушыға батасын берді (фото)

Ақтөбе қаласындағы № 28 мектептің 11 сынып оқушысы Нарқыз Исимованы облыс әкімі үйіне құттықтап барды. Бердібек Сапарбаев үйден оқитын ерекше оқушыға ноутбук пен караоке микрофон сыйлаған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Үйден оқыса да, үздік оқушы саналатын Нарқыз әртүрлі жарыстардың жеңімпазы. Денсаулығындағы қиындықтарға қарамай қоғамдық өмірге белсене араласатын оқушыға өңір басшысы батасын берген.

"Айналайын, ең бастысы - оқу. Заңгер боламын десең, талабың оң болсын. Мен ойлаймын, әрі қарай да Алла саған көмектеседі", - деді Бердібек Сапарбаев.

Нарқыз Исимова денсаулығына байланысты 11 сыныпты үйден оқып жүр. Ахондроплазия диагнозымен ота жасатқан. Қолдары операциядан кейін әлсіз.

Нарқыз Исимова
Нарқыз Исимова: Depositphotos

Нарқыздың әкесі зейнеткер болса, анасы медбике болып жұмыс істейді. Нарқыз олардың жалғыз балалары. Әкесі қызының емі үшін несие алып, ота жасатқан.

"Нарқыз біздің ең сүйкімді, пысық оқушымыз. Ата-анасы баласына барлық жағдайын жасап отыр. Әкесі несие алып, Украинада ота жасатты. Мектеп тарапынан да балаға барлық көмек көрсетіліп жатыр. Класындағы құрбыларымен жиі араласып тұрады. Қоғамдық шараларға белсене араласатын Нарқызымызды құрбылары да жақсы көреді", - дейді №28 мектеп директоры Айгүл Баймағамбетова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1771301-saparbaev-aktbedegi-erekse-okusyga-batasyn-berdi-foto.html