Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бесікке салу, тыштырма: жаңа туған сәбиге жасалатын қазақтың салт-дәстүрі қандай

Опубликовано:

Бесік жабдығы
Бесікке салу дәстүрі. Көрнекі сурет: Massaget.kz

Қазақ халқында нәрестені бесікке салар алдын "тыштырма", "бесікке салу" дәстүрі орындалып жатады. Әр шаңырақта осы салтты орындап болған соң, "бесікке салуға" жиналған кішкентай балалар шашылған тәттіні жарыса теріп алады. Бүгінгі материалда бесікке салу және тыштырма дәстүрі туралы кеңінен тарқатып жазатын боламыз.

Жаңа туған баланы бесікке қай кезде салады?

Қазақ халқының сәби шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап ретімен орындалатын той-томалақтарының бірі - баланы бесікке салу рәсімі. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуші Зейнеп Ахметова "Күретамыр" кітабында бесікке салу жайлы былай деген:

"Жаңа туған баланың кіндігі түскен соң ғана бесікке бөлейді. Тойға аналар қауымы ғана шақырылады. Ағайын-туыстың, жекжат-жұраттың, көрші-көлемнің әйелдері шашуын, балаға арналған жөн-жоралғы сыйлықтарын алып бесіктойға жиналады. Бөпені алғаш бесікке салу жолы - бір топ ұрпақ өсіріп, немерелі-шөберелі болған, мінезі жайдары, көпті көрген, жолы үлкен кейуанаға жүктеледі. Баланы бөлемес бұрын міндетті түрде бесікті адыраспан немесе арша түтіндетіп аластайды".

Алас, алас, алас!

Бар пәледен қалас!

Көзі жаманның көзінен сақта!

Сөзі жаманның сөзінен сақта!

Алас, алас, алас!

Ете гөр, Алла,

Жамандықтан қалас!

Бесікті неліктен аластайды? Бесік аластаудың наным-сенімнен бөлек ғылыми негізі бар делінеді. От жарығымен бесікті аластау зиянды жəндіктерден сақтандыру үшін қажет. Баланы бесіктен шешіп алған соң түбек-шүмегін жуып, көрпе-жастығы мен жөргегін күнге жайып отырады.

Бесікке салу
Бесікке салу рәсімі. Көрнекі сурет: qarmaqshy-tany.kz

Бесік - киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (аист) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз осылайша бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген.

Бесік - киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен немесе елдің тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, "тыштырма" жасап алып, баланы бесікке бөлейді.

Бесік құрылысы қандай бөліктерден тұрады?

besik.kz сайтында берілген мәліметте бесік құрылысының 9 бөліктен тұратыны жазылған:

  1. Арқалық (арыс, белағаш) - ұзындығы 70-75 см болады, ұстап тұруға ыңғайлы, бесіктің ең үстіңгі көлденең, жұмыр бел ағашы.
  2. Бөген (алдыңғы бас, артқы бас) - жас ағашты жақсылап жонып, әрлеп, қыртысын сыртына қарай иген бесіктің екі басы.
  3. Жақтау. Бесіктің төрт жақтауы болады. Екі үлкен жақтаудың ұзындығы арқалықпен бірдей, қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесік еніне тең.
  4. Шабақ. Бұл да төртеу. Екі бөгеннің аяқтарын қосып тұратын ұзын жақтауларға біркелкі қашықтықта көлденең қашалып, бекітілген бесік еніндей тақтайша.
  5. Сабау. Ол - екеу. Екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш.
  6. Жорға. Бұл да екеу. Бөгендердің иілген басына қарама-қарсы бекітіледі, оның астыңғы қыры қайқы - бесіктің табаны. Табанның қайқылығы бесіктің бірқалыпты жеңіл тербелуін қамтамасыз етеді. Жорғаны қазақ халқы табан деп те атайды.
  7. Тақтай. Бесіктің түбек орналасатын, төсек салынатын ортасындағы бөлігі.
  8. Шүмек. Бесіктегі сәбидің кіші дәреті үшін қойдың асық жілігінің бір басы тесіліп, екінші басының төменгі жағы ойылып жасалған түтікше. Кейде айрықша әппақ болуы үшін пайдаланбай тұрып сүтке қайнатып та алған.
  9. Түбек. Сәбиді бесікке бөлегенде жаялығы былғанбас үшін бесіктің ортасындағы тақтайды тесіп орнататын алмалы-салмалы киіз қалта. Кейін шағын шыны құтылар пайдаланылатын болды. Шүмектің ұшы түбекке кіріп тұрады.
Тыштырма рәсімі
Тыштырма дәстүрін жасау рәсімі. Көрнекі сурет: syrboyi.kz

Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" кітабында бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар қойылатыны жазылған. Бесікке салған адамға "бесікке салар" яғни, кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде "Бесік жыры" айтылады:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Турлі ою ойысып

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?..

Бесік жырын әркім өз ойынан ұйқастырып айта берген. Негізі оны сәбидің әжесі немесе анасы айтқаны дұрыс. Бесік жыры бала мазасызданып жылағанда немесе ұйықтай алмаған кезде де айтылады. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сыйға берілсе, басқаларына жүзік, сақина, білезік, сырға сияқты әшекей бұйымдар үлестіріледі.

Әдетте жаңа туған сәбиді аталары жатқан бесікке бөлеген. Сонымен қатар кей жерлерде нағашы жұрты жиеніне арнап бесік апарады. Бесік қарағайдан, қарағаштан жасалады. Бұл туралы "Обряд "Бесікке салу" в традиционной семейной обрядности казахов Волгоградской области" мақаласында жазылған.

Тыштырма дәстүрінің мәні неде?

Бұл ырым дүние есігін ашқан сәбидің болашақта өмірі мәнді әрі дәулетті болсын деген тілектестіктен де туындаған. Сондай-ақ, тыштырма жасау арқылы бесікте жатқан баланы дәреті қинамасын, жеңіл болсын деп ырымдайды.

"Тыштырма" орындалар сәтте бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер, жұмсақ тоқаштар өткізеді. Осыдан соң беделді үлкен әжелер мен апалар ырымын жасап, "Тышты ма?" деп қасындағыларға сұрақ қойып ырымдайды.

Ал оған отырғандар жауап қатып, "тышты, тышты" деп ырым жасайды. Осыны қазақта "Тыштырма" дейді.

Тыштырманы әйелдер ырымдап болған соң, бала-шағалырына үлестіріп береді. Сондай-ақ "тыштырманы" перзент сүймеген келіншектерге жұғысты болсын деп таратып берген.

Айта кетейік, бұл салт-дәстүр Қазақстанның әр өңірінде әр түрлі аталады.

Бесік қалай жабдықталады?

Тыштырма ырымы жасалған соң әйелдер бесік жабдықтауға кіріседі. Қазақта түбектің ішіне күл немесе құм салып, түбек қояр тесікке орналастырады. Бұл баланың дәреті өзіне шашырамауы үшін, таза болсын деген мақсатта жасалады. Түбекті орналастырған соң бесіктің басқа жабдықтары қойылады. Мысалы қойдың асық жілігінен немесе аршадан жасалған шүмек, ұзындығы мен ені бесікке дәл келетін, түбек тұсы дөңгеленіп ойылған құс төсек пен көрпеше, жайма-жөргек, бас жастық, аяқ жастық, бел көрпеше, қолбау, тізебау, бесік жапқыш секілді жабдықтары түгенделеді.

Бесік жабдықтары қандай матадан тігіледі? Әдетте бесіктің жасауы көзге көрнекі, ашық түсті маталардан тігіледі. Сыртынан оралатын қолбау, тізебаулары кестеленіп, оюланып жасалады. Бесік жабдықтары мезгілге байланысты өзгеріп тұрады. Мысалы жаз мезгілінде баланың терлемеуі үшін әрі шыбын-шіркей қонбасын деп жеңіл маталардан жасалған жапқыш қолданылса, қыс айларында қыжым, барқыт секілді жылы маталардан тігілген жабдықтар салынады.

Баланы бесікке бөлеген соң шашуға дайындалған ірімшік, кәмпит, құрт, май, бауырсақ секілді тағамдар ұсынылады. Әжелер бала бүркіттей көреген болсын деп бесікке бүркіттің тұяғын, ал егер қыз бала болса, сұлу болсын деп айна немесе тарақ байлайды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қазақ әйелдерінің ұл бала туу үшін жасайтын ырымдары жайлы айтқан болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1772267-tystyrma-dstri-zajly-ne-bilemiz/

pixel