Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тест: Қазақтың салт-дәстүрлері жайлы не білесіз?

Опубликовано:

Жер үстелді жағалай отырған қазақтар
Киіз үйдегі дастархан басына жиналғандар. Көрнекі сурет: egemen.kz

Жер бетіндегі әрбір халықтың өзіне тән ерекшелігі бар. Музыка, қолөнері, салт-дәстүріне қарап оның қай ұлттыкы екенін айқындауға болады. Бұл ретте қазақ халқының ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін сақтау, ұрпаққа сол қалпында ұсыну - маңызды іс. Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлерін қаншалықты жақсы білесіз? Мұны анықтау үшін KAZ.NUR.KZ ұсынған тесттен өтіп, біліміңізді бағамдап көруді ұсынамыз.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері ұлттық дүниетаным қалыптастыруда, ұрпақ тәрбиелеу ісінде маңызды рөл атқарады. Ықылым заманнан бері тұрмысымен біте қайнасқан әдет-ғұрыптар осы ұлттың болмысын, мінез-құлқын көрсетеді. Қазақта нәресте дүние есігін ашқан сәттен бастап жөн-жоралғылар жасалады. Ал туыстық қатынас бойынша әр адамның өзіндік орны, жеке шекарасы белгіленген. Мәселен үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, келіннің иіліп сәлем салуы, жеңге мен қайнының жарасымды қалжыңы, нағашы мен жиен, жезде мен балдыз арасындағы байланыстың белгілі бір деңгейі бар.

Бүгінгі күні қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қандай салт-дәстүрлер жасалып жүр?

  • Бесік той, шілдехана – ағайын-туыс арасында жасалатын жаңа туған сәбиді бесікке салу рәсімі. Нәрестені үлгілі ұл-қыз тәрбиелеген, абыройлы әйел бесікке бөлейді. Ал жиынға қатысқан қыз-келіншектер шашуын, жөн-жоралғысын ала келеді.
  • Тұсау кесу – қазақ халқының ең әдемі дәстүрлерінің бірі. Бала енді ғана тәй-тәйлап жүре бастаған сәтте күрмеуін шешіп, тұсауы кесіледі. Сәбидің аяғына ақ және қара түсті жіптен есілген тұсау байланады. Бұл – ешкімнің ала жібін аттамасын, адал болсын деген ниеттен туған ырым. Ал баланың тұсауын мінезі, болмысы түзу, өсіп-өнген адамға кестіреді.
  • Сүндеттеу. Көнеден келе жатқан бұл дәстүр мұсылмандықтың нышаны әрі ер баланың азамат болғанын білдіреді. Бүгінгі күні қазақ халқы арасында үлкен жиын болып өтетін сүндет тойлар көбейген.
  • Беташар – жаңа түскен келіннің бетін ашып, көпшілікке таныстыру мақсатында жасалатын дәстүр. Беташарды сол елдің ақын жігітіне тапсырады. Ол өсиетке толы сөздерімен келіннің әулеттегі орнын білдіріп, жиналған жұртқа сәлем салғызады.
Самаурын жанындағы келіншек
Самаурын жанында отырған келіншек. Көрнекі сурет: Қызылорда қаласының әкімдігі

Қазақ халқының салт-дәстүрлері жақсылыққа үндейді

  • Сәлем салу. "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт келіп сәлем береді" деген сөздің өзінен кішіпейілділікті, ізгілікті көруге болады. Ал келіндердің иіліп салем салуы – инабаттылықты көрінісі. Қазақ әдебінде келіннің қайын жұртына сәлем салуы міндетті.
  • Бас тарту – кәде, жиын-той, аста, қонақ күткенде сойылған малдың басын қадірлі адамға сыбағалы, кәделі, сыйлы мүше ретінде тарту. Жас ғалым Т. Еришеваның "Қазақ халқының салт-дәстүрлеріндегі аймақтық ерекшеліктер" атты мақаласында бұл дәстүр туралы кеңінен жазылған. Онда бас мүшесін дүниенің, жаратылыстың, әлемнің бастаушы күші деген ежелгі наным-сенімге байланысты оны жасы үлкен, сыйлы қонаққа немесе мәртебесі жоғары адамға бас тарту байырғы ортада ежелден орныққан. Үйтілген қойдың басын піскен соң мандайынан айқастыра тіліп, табаққа салып әкеліп тарту ырымы қазақ арасында біркелкі атқарылады делінген.
  • Қалың мал. Бұл – қазақтың қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүрі. Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы "қалың мал" төлеуге тиіс. Қалың мал – қос ғашықтың үйленуі алдында жасалатын ғұрып. Қалың малдың құны ертеде малмен есептелген. Ал қазір заманға сай ақшалай есептесетін болды. "Қазақ халқының салт-дәстүрлеріндегі аймақтық ерекшеліктер" атты ғылыми мақалада бұрынғы кездері тұрмысы төмен адамдар арасындағы қалың мал мөлшері 5-6 малмен шектелсе, дәулетті отбасылар арасында 200-1000 жылқы болып белгіленгені жөнінде мәлімет берілген. Ертеден келе жатқан бұл дәстүр бүгінгі күні қазақтың кей жерлерінде ғана сақталған.
  • Енші беру. Ұлы балалы болғаннан кейін әке мен ана "Бұлар енді өз күндерін өздері көре алады" деген сеніммен, балаларына отау тігіп, бөлек шығарады. Сөйтіп малынан, мүлкінен бөліп береді, ыдыс-аяғын сыйлайды. Оған келіннің де төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шығады. "Толқын" ақпараттық агенттігінде жарияланған "Ұмытыла бастаған қазақтың салт-дәстүрлері" деп аталатын жазбада мұны енші беру деп атап көрсеткен. Ал ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкін ағасы інісіне еншібас етіп беруге тиіс.
Жылқы мінген жігіт
Жылқы үстіндегі жігіт. Көрнекі сурет: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері қандай?

  • Асату. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін. Бұл дәстүр Сәбит Мұқановтың "Халық мұрасы" кітабында толық баяндалған.
  • Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
  • Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: "Осы үйдің қазанын шегелей келдік!" - дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігін білдіреді. Үй иесі: "Қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік. Дұрыс болды!" - деп әзілмен жауап береді әрі қонақжайлық танытады, ал әйелі ет асып, қонақасы береді.
  • Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан перзент сұрап жалбарынып жылаған. Бұл салт-дәстүр бала тілегенде ғана орындалатын болған.
  • Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанда "Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!" - деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда "Ақсарбас!" - деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалған әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы ас берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс. "Ernur.kz" ақпараттық порталында жарияланған "Ақсарбас атау қандай жағдайда орындалатынын білесіз бе?" атты мақалада бұл дәстүрдің қыр-сыры тарқатылып жазылған.
  • Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне "Баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын!" - деп балаларын аунатып алатын болған. Әдетте бұл ырым елге сыйлы кісі туған жеріне келген сәтте жүзеге асырылған. Мысалы Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келген кезде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Бүгінгі таңда қазақтың кейбір салт-дәстүрлері ұмыт болып бара жатыр. Ал кейбір жөн-жоралғылар заманға ілесіп, әр аймақта түрлі сипатта орындалуда.

Құрметті, оқырман! Қазақтың салт-дәстүрлері жайлы сіз не білесіз? Төменде көрсетілген сілтемені басып, өзіңіздің біліміңізді сынап көріңіз.

Мобильді қосымша қолданушылары мына сілтеме арқылы тест тапсыра алады>>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1772650-test-kazakty-salt-dstrleri-zajly-ne-bilesiz/

pixel