Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкемнің жинап-тергені": Нұралы Қиясов жанұясының кенеттен байып кетті дегенге жауап берді

Опубликовано:

Денис Теннің өліміне қатысты өтіп жатқан кезекті сот отырысында күдікті Нұралы Қиясов өзінің соңғы сөзін айтты. Ол жанұясының кенеттен байып кетпегенін түсіндіріп, ата-анасына сөз тигізбеуді сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Instagram

Күдікті әкесінің осы уақытқа дейін жинап-терген өз дүниесі бар екенін жеткізді.

"Сіздің жүрегіңізге өшпейтін дақ салдық. Оны түсінемін, себебі, менің де анам бар, әкем бар. Ұлыңыздың қайтыс болуына себепкер болдық, қайғыңызға ортақпыз. Бірақ, біздің де ата-анамыз бізді көріп, қиналып жүр. Қазір жағдайын жасап, ақша үшін істеді деп жатыр. Бірақ, ондай ештеңе болмады.
Менің атам мен әкемнің өздері жинаған малдары, өз дүниелері бар. Әкем мен анам ешқашан менің тапқан ақшама қараған емес. Олардың бәрі- әкемнің осы жасқа дейін жинап-терген дүниелері", - деді Қиясов.

Сондай-ақ, сотталушы тағы да барлығынан кешірім сұрап, әке-шешесіне тіл тигізбеуін сұрады.

"Сот әділ шешім қабылдайды деп сенемін. Барлығынан кешірім сұраймын. Бірақ, мен әке-шешеме сөз тигізбеуін қалаймын. Сот басталғалы ата-анамыз бен бауырларымыз жайлы айтылып жатыр. Олар бізді жаман жолға итермеген. Сол үшін мен өз қателігімді өзім түзегім келеді. Сондықтан, мені кешірулеріңізді өтінемін", -деді Нұралы Қиясов.

Айта кетейік, Денис Теннің өліміне қатысты кезекті сот отырысында тергеу ісіне көңілі толмаған Оксана Тен сотқа шағым түсірді.

Ал жәбірленуші жақтың қорғаушысы Нұрлан Өстеміров сотталушыларды 20 жылға бас бостандығын айыруды сұрады.

Одан бөлек, Оксана Теннің адвокаты Денистің өліміне күдікті Толыбаева екі жігітке нұсқау беріп отырғанын жеткізіп, күдікті келіншекке жазаны ауырлату қажеттігін айтты.

Күдікті Арман Құдайберген ойында адам өлтіру болмағанын айтса, Нұралы Қиясов барлығынан кешірім сұрады.

Ал Жанар Толыбаева өзін сот алдында қорқытқанын айтып, жылап қалды.

Одан бөлек, алдыңғы сот отырыстарының бірінде Оксана Тен Қиясовтың жанұясы кенеттен "байып" кеткенін айтып, күмәнданған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773552-kemni-zinap-tergeni-nraly-kiasov-zanasyny-kenetten-bajyp-ketti-degenge-zauap-berdi/

pixel