Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мешіттен айлық алмаған молда балалары үшін ішімдік сатып кеткен

Жарияланған күні:

Алты ай мешітте білім алып, ауыл молдасы атанған азамат бүгінде балаларын асырау үшін ішімдік сатып жүр. Мешіттен жалақы алмаған Алматы облысының тұрғыны жанұясының қамы үшін дүкен кәсібімен айналысуды қолға алған деп жазады "Алаш айнасы".

Көрнекі фото: 24tv.ua
Көрнекі фото: 24tv.ua: Depositphotos

Имам ауылға ресми молда болып тағайындалғаннан бері мүлде жалақы алмағанын айтады.

"Мешіт молдаларына жалақы тағайындалмайды екен. Сондықтан құран бағыштау, жаназа шығару деген сияқты амалдардан түскен ақшаны мешіттің оны-мұнысына, отбасы қажеттілігіне пайдаланатынмын. Кейде, мешітке келіп, Алла разылығы үшін деп ақша қалдырып кететіндер де болатын. Бірақ ондайлар өте аз еді", - деді ол.

Балалары өскен соң мешіт қызметкерінің жанұясында қаржылық тапшылық туындайды. Отбасымен ақылдаса келе ол дүкен ашуды ұйғарады.

"Кішкентай дүңгіршек тұрғызып, ұсақ-түйек саудаға кірістік. Әсте-әсте сұраныс өсіп, екі-үш жылдан соң дүңгіршекті дүкенге айналдырдық", - дейді бұрынғы молда.

Күндердің күнінде дін өкілінің балалары дүкенде сыра сатуды ұсыныпты. Алғашында әбден ойланған ол онда тұрған ештеңе жоқ деп шешкен екен.

"Алғашында қарсы болғанмын, байқасам соған орай дүкенге келушілер азайып, табыстан маза кете бастапты. Егер тауар түріне сыра қоспасақ табыстан мүлде қағылатын түріміз бар екен. Өйткені, ауылда дүкен көбейген, алушылар сыра сататын дүкенге барады да қалған қажетті заттарын да сол дүкеннен алады", - дейді кейіпкер.

Уақыт өте молданың дүкенінде арақ-шарап та сатыла бастаған. Мешіт қызметкерінің бұл әрекетін көрген ауыл тұрғындары оған ашуланып, өсектеуді әдетке айналдырыпты.

Имамның айтуынша, олардың қатарында жағдайдың жақсарғанын көре алмағандар да табылған екен.

"Мен өзім арақ-шарап ішпеймін. Ешкімге де іш деп үгіт жасамаймын. Ондай болса, менің күнәм неде? Егер ауылда еш дүкен арақ-шарап сатпай, тек біздің үй ғана сатып отырса, онда айыптаумен келісер едім. Жарайды, мен арақ-шарап сатпайын, бірақ қалаушы оны басқа дүкеннен алады ғой.
Онда менің бала-шағамды кім асырайды? Маған молдалық үшін ешкім айлық бермейді ғой. Аннан-мыннан түскен азын-аулақ ақшамен балаларымды қалай жеткіземін? Сонда балаларымды елден кем қылмайын деп кәсіппен айналысқаным айып па? Молдалықтан түскен ақша бала-шағаны асырауға жетіп жатса, арақ сатып нем бар?!", - деп күйінеді ол.

Ауыл тұрғындарының "дүкеніңді өртейміз" деген қоқан-лоқысынан кейін дін өкілі молдалықты тастап, түбегейлі кәсіпкерлікпен айналысып кеткен.

Алайда, кейбір жұрт оны әлі де жаназаға шақырады екен. Бұрынғы имам атанған азамат көпшілік ішімдік сатуды күнкөрістің көзі екенін енді ғана түсініп жатыр дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1786535-mesitten-ajlyk-almagan-molda-balalary-sin-isimdik-satyp-ketken/