RU
Мансабын шай құюдан бастаған қазақ актері жайлы не білеміз?
Жаңалықтар Мәдениет және шоу-бизнес

Мансабын шай құюдан бастаған қазақ актері жайлы не білеміз?

Рассказать Вконтакте

Көпшілікке "Қазақ хандығы" фильміндегі Шаһ Мұхаммед рөлі арқылы танылған Нияз Шайсұлтановтың жеке өмірі жайлы бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Жас актер өнер жолына қалай келді? "Қазақ хандығы" фильмі оған не берді? KAZ.NUR.KZ тілшісі актермен тілдесіп, аталмыш сауалдарға жауап алып қайтты.

Фото актердің жеке мұрағатынан алынды

Фото актердің жеке мұрағатынан алынды

- Нияз көпшілік сізді "Қазақ хандығы" фильміндегі, Шаһ Мұхамедтің ролі арқылы таниды және көрермендердің көбіне дәл сіздің роліңіз ұнаған. Мұның сыры неде? Жалпы бұл фильмге қалай келдіңіз?

- Бұл фильмге түсу мен үшін үлкен бақ деп санаймын. Өйткені мен бұл жобаға аяқ астынан, байқаусызда келдім. Бірде "Қазақфильмнің" дәлізінде Серікбол Өтепбергенов деген режиссер ағамыз Рүстем Әбдірашевпен әңгімелесіп тұр екен. Ол кісімен мен 2013 жылы Алматыда танысқан едім. Нақтырақ айтсам, сол кісінің түсірілім алаңында режиссерге шай құятын адам болып жұмыс істеген едім. Өздеріңіз білесіздер, бірінші келген кезде, кастингке, жұмысқа ешкім алмайды. Бірақ үлкен қалада күн көріп, тіршілік ету керек қой? Сондықтан кез келген жұмысқа келісуге тура келді. Сұраққа қайта оралайын, сол Серікбол Өтепбергенов Рүстем Әбдірәшевке: "Мынау Нияз деген бала кез келген жұмыстан қорықпайды" деп таныстырып, қолдау көрсеткен-ді. Сол кезде Рүстем аға: "Әй, сен Шайбан шахтың баласы емессің бе?" деп салды. Мен сасқанымнан: "Жоқ, мен Шайсұлтанның немересімін" дедім. Рүстем аға сөйтіп мені "фотопробаға" шақырды. Сол сәтте ағаның дәлізде тұрып: "Руша, Руша, я нашел Шах Мухамеда" дегені әлі есімде. Алдымен фотобайқау, сосын бейнебайқау болды. Мықты актерлердің арасына түскен кезде, қорыққанымды жасырмаймын. Бірақ Рүстем аға келіп: "Ойының ұнады, әлі біраз уақыт дайындалу керек" дегені есімде. Ол кезде шыны керек тілім де шала, актерлік ойыным да орташа деңгейде еді. Өйткені менде тәжірибе болған жоқ. Содан бастап классик режиссерлердің біраз кітаптарын оқып, үлкен актерлерден тәжірибе жинап, үйреніп, Шаһ Мұхамедтің образын шығардым-ау деп ойладым.

- Халықтың көпшілігі Сіздің осы роліңізге жоғары баға берді? Олармен келісесіз бе?

- Жоқ келіспеймін. Өйткені фильмдегі ойыным өзіме толықтай ұнады деп айта алмаймын. Тіпті кейде әр түсірілімнен кейін өзімнің ойнай алмаған жерлерім де байқадым. Сондай-ақ, Қайрат Кемалов, Нұржұман Ықтымбаев, Асылболат Смағұлов сынды мэтрлердің жанында жүргендіктен, уақытты босқа өткізбеуге тырыстым. Ағалық ақыл-кеңестеріне көп жүгіндім. Солардың ақылымен, ізденіп көріп, шығарылған образ. "Неліктен ол бәрінің есінде қалды?" деген сауалға келсем, себебі ол антогонист, жағымсыз кейіпкер. Жалпы сценарийде Шаһ Мұхамедтің образы ұтымды шығып тұр. Бұл жерде менің актерлік қабылетімнің еш қатысы жоқ.

- Әйгілі Шаһ-Мұхамедтің ролін тамаша алып шыққаннан кейін қазір сізді көпшілік таниды. Өнер адамдарының арасында «жұлдыз ауруы» деген болады. Ондай басыңыздан өтпеді ме? Бұрынғы Нияз мен қазіргі Нияздың арасында қандай да бір айырмашылық бар ма?

- Қазір көпшілік қатты танып жатыр деп айта алмаймын. Анда-санда адамдар "Сен Шах Мұхамед емессің бе?" деп танып қалады. Жұлдыз ауруы туралы ештеңе айта алмаймын, шын. Ол кездегі Нияз бен қазіргі Нияз да шынымен де айырмашылық бар. Өйткені 19 жасымда бірінші рет Алматыға келгенде, менің арманым халықтың алдына шығып, танымал болу болды. Бірақ актерлік мамандықты зерттеп, бас сұға бастағаннан кейін, танымалдық дегенге қызықпайды екенсің. Себебі ең алдымен түсірілім алаңындағы процеске қызығасың, солай жұмыс істеуге мүмкіндік туғанына қуанасың. Еркелеп, жұлдыз боламын деген ой мүлде жоқ.

- Бойыңыздағы актерлік қасиетті алғаш рет көре білген кім болды?

- Бірінші сыныпқа бармай тұрып, алты жасымда Нұржан Тутов ағамыздың «Тамаша» әзіл-сықақ театрында «Студент пен декан әңгімесі» деген қойылым қойғаны есімде. Сол қойылымнан алған әсерім соншалық, бәрін жаттап алып, анама көрсеткенмін. Анам: «Әдемі жақсы ойнадың, туыстарға көрсетесің» деп айтқан. Сөйтіп туыстар бір мерекеде жиналғанда, тойшы қауым бәрі шапалақтай бастады. Сол кезде мен анық түсіндім, міне осы үшін өмір сүруге болады дедім.

- Желідегі соңғы жазбаңызда: "Қазақ Хандығы киносын көрмеген адамдар да бар екен. Ұятай!" деп жазыпсыз. Мұны қалай түсінсе болады?

- Негізі бұл қазақ тарихына арналған кино болғандықтан, бүкіл қазақ халқына арналған постым деп айтар едім. Кейбір адамдардың расымен де тіпті кинотеатрға баруға мұршасы жоқ. Ондай жағдайлардың бар екенін білемін және ондай адамдарды түсінемін. Сондықтан бұл жай әзіл ретінде айтылған әңгіме. Менің достарымның арасында көрмеген адамдар бар. Сонысы ұят деп жазып, кішкене әзілдеген түрім ғой. Ал жалпы мен көрерменге, бүкіл қазақ еліне мұндай нәрсе айта алмаймын. Айтуға датым да бармайды.

- Бір сұхбатыңызда үш рет актерлік факультетке тапсырғаныммен, түсе алмадым депсіз. Осылай таныс-тамырсыз жетістікке жетуге сізді не итермеледі?

- Адамның күні адаммен ғой. Серікбол, Рүстем, Қайрат Кемалов, Төлепберген ағалармен таныстым. Сол кісілер арқылы, солардың берген ақпарат, ақылы арқылы осындай жетістікке жетуге болады деп ойлаймын. Жалпы достарымды, жақындарымды, таныстарымды, осындай өнегелі ортаны мен Алматыдан таптым. Менің осындай актер болып қалыптасуымен сол кісілердің бәрінің ықпалы зор, бәріне алғысым шексіз.

- Талабыңызға нұр жаусын, сіздің қатысуыңызбен болатын талай тамаша кинотуындыларды әлі де күтетін боламыз. Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз
1
1
1
0
1
16
4
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel