Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арыста 6 баласын асырау үшін тазалықшы болып жұмыс істеген әйел сотта жеңіп шықты

Опубликовано:

Түркістан облысының Арыс аудандық сотының шешімімен жұмыстан заңсыз шығарылған тазалықшы әйел өз қызметіне қайтып барды. Онымен қоса, жұмыссыз бос жүрген уақыттағы жалақысын өндіріп алды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Арыста алты баласын асырау үшін тазалықшы болып жұмыс істеген әйел сотта жеңіп шықты
Көрнекі фото: ptzgovorit.ru: Facebook

Әділдік іздеп шарқ ұрған алты баланың анасы - 48 жастағы Роза Жақсылықова сот жүйесіне алғысын жеткізгісі кеп Жоғарғы соттың төрағасы Асановтың және Арыс аудандық сотының төрағасы Ертаевтың атына алғыс хат жолдаған.

Көпбалалы ана Арыстағы туберкулезге қарсы диспансерінде тазалықшы боп 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

2017 жылы аталмыш диспансер Отырар ауданына көшіріліп, орнына облыстық психоневрологиялық диспансерінің бөлімі ашылған. Сол кезден жұмысын ары қарай жалғастырған тазалықшыны бөлім меңгерушісі жұмыстан кетуге мәжбүрлеген көрінеді.

Өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып берген ол араша сұрап облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігерінің де қабылдауына кірмек болады.

Одан еңбек инспекциясының есігін қағады. Талай табалдырықты тоздырып, әділдік іздеген тазалықшы әйел аудандық сотқа жүгінген.

"Менімен бірге тағы үш адам жұмыстан шығарылған болатын. Көп ойланып ақыры заңды жұмыс орныма оралу үшін сотқа жүгіндім.

Басқалары жүрексінді. Сотта жеңіп шыға алатынымызға, әділдікке сенбеді. Қайта оралғанмен алакөздіктен сескенді.

Арыс аудандық сотының судьясы Мекембай Гүлмираның объективтілігі мен туралығына тәнті болдым", - дейді Роза Жақсылықова. 

Қарсы тарап облыстық сотқа апелляциялық шағым келтіргенімен, сот шешімі сол күйі өзгеріссіз қалдырылған.

Айта кету керек, сот ұйғарымы заңды күшіне енген.

"Заң, бап дегеннен хабарым шамалы ғой. Сотқа жүгінгенде қатты жүрексіндім. Апелляциялық алқа бастапқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырғанда қуанғаннан жылап жібердім.
Алты бірдей баланы адал еңбекпен асырап келе жатқан мен үшін жұмыс орным қандай бағалы екендігін айтпаса да түсінікті шығар", - дейді ағынан жарылған көпбалалы ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1789546-symkentte-kpbalaly-ana-sotta-zeip-sykty/

pixel