"Туберкулезді емдейді": Қойдың құйрық майының қандай пайдасы бар?
Жарияланған күні:
Белгілі жазушы, тарих зерттеушісі Жәди Шәкенұлы құйрық майдың емдік қасиеттері мен оның қандай ауруды емдейтінін тізіп берді деп хабарлайды Qamshy.kz.
Алдымен ол қазақтың көшпелі өмірі мен халық емшілері құйрық майды қалай пайдаланғанын баяндады.
"Балалық және жігіттік шағым Қытайға қарасты Алтай тауының теріскей бетінде өтті. Қой баққан малшыларды, түйенің бұйдасын жетелеген көшті көрдім. Далада киіз үй тігіп, көктеу, күзеу, жайлаудың не екенін біліп өстік. Соның арқасында құйрық майдың қалай пайдаланылатынын білемін. Мысалы, 1983 жылы мен 16 жаста болдым. Осы уақытта әкем мен шешем қазақ емшілеріне баратын. Сонда оларға құйрық май қосып дәрі жасап беретін", - дейді Қазақстан және Еуразия жазушылар одағының мүшесі.
Сонымен қатар, Жәди Шәкенұлы дәрінің қалай жасалатынын, оның қандай ауруларды емдейтінін айтты.
"Дәрінің қалай жасалатынына тоқталайын. Сынаптың жарты бидайға тең келетін тамшысын екі үлкен қасық құйрық майда араластырып, әбден ерітеді. Мұны қазақтар "өлтіру" дейді. Бұл дәрі арқылы теміреткі, ешкі қотыр, күйдіргі, күбірткі және тағы басқа қотырлардың түрін емдеу үшін пайдаланған", - дейді жазушы.
Құйрық май баланың жұмсақ балғын терісін жұмсартып, қан айналымын реттейді. Нәресте қол-аяғын керіп созғанда, сәбидің буындары жазылып, денесі сымбатты болып өседі.
"Бұл майдың біз білетін және білмейтін емдік қасиеттері көп. Атап айтсақ, құйрық маймен бөбектің денесін сылағанда, бұл олардың дені сау, қуатты болып өсуіне ықпал еткен. Сондай-ақ, тұмау тимейді. Сондықтан бұрындары нәрестенің аузына құйрық май салған", - дейді Жәди Шәкенұлы.
Жазушының айтуынша, балалар мен ересектер салқын тигенде құйрық майды ыстық күйінде қасықтап ішсе, азғаға шипасын тигізеді.
"Құдайға шүкір, 8 балам бар. Олардың тамағы ауырғанда, дәрі ішіп, жөтелі басылмай қойған кезде балаларыма құйрық майды ерітіп бере қоямын. Бұл майды ерітудің екі жолы бар. Біріншіден, құйрық майды еріткеннен кейін оны бірден пайдалануға болады. Екінші жолы да бар. Еріткеннен соң, оның үстіне су құйып, біраз қайнату керек. Сонда"піскен" құйрық май болады. Оған сарымсақ қосып, біраз суыған соң, 4-5 шай қасығын балаға беру керек. Келесі күні балаңыздың тамағының ауырғаны басылып, сырылдағаны кетеді", - дейді ол.
Жәди Шәкенұлы бұл май туберкулез ауруын емдеу үшін де қолданылатынын да алға тартты.
"Құйрық майдың басты қасиеті – жұқпалы туберкулез ауруын емдеуінде. Ашытылған қымыздың ішіне құйрық майды, сәл ғана күшәла салып, араластырады. Кейін май қымызға сіңеді де, сап-сары, қою болады. Оны туберкулез, тыныс жолы ауруларын емдеу үшін ішеді. Қазақ емшілігі дәстүрінде осындай тәжірибе бар", - деп түйіндеді сөзін жазушы.
Қазақ халқы қыстың аязды күнінде бет үсімес үшін құйрық майды жаққан. Қол немесе аяқтың тілінген жеріне құйрық майды таңып қойған. Ол жараның тезірек жазылуына септігін тигізіген екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1798256-tuberkulezdi-emdejdi-kojdy-kjryk-majyny-kandaj-pajdasy-bar/