Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкіммен қоштаспаймын": Мұхамедиұлы елге жүрекжарды жазбасын ұсынды

Опубликовано:

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы желідегі ресми парақшасында өзінің қызметінен кетуіне қатысты пост жариялады. Сондай-ақ, ол жаңа министр Ақтоты Райымқұлова жөнінде де өз ойын білдірді деп хабарлайды КAZ.NUR.KZ.

министр
Арыстанбек Мұхамедиулы. Фото: bnews.kz: UGC
"Достарым, бүгіннен бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі қызметіне Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы келді.

Министрлік жұмысының қыр-сырына қанық, менің орынбасарым болып талай жыл бірге қызмет атқарған бірегей маман, қайырымды адам ретінде білемін.

Сала басшылығында бұрыннан жұмыс істеп, жақын жүрген адам қалғанына ұжым да қуанышты.

Ақтоты Рахметоллақызы алға қойған мақсаттарды әдеттегідей табысты орындайды деп сенемін", - деп бастаған экс-министр жазбасын.

Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кезегінде Райымқұлованы жаңа қызметімен құттықтап, оған табыс тіледі.

2014 жылдың тамыз айынан бастап мәдениет пен спорт саласын басқарған бұрынғы министр өзі атқарған қызметіне есеп те берді.

"Мені ұжымға таныстырған күн әлі есімде, шығармашыл, ақылды, көздерінде от бар мамандар біртіндеп ашыла бастағаны да есімде. Осы жылдар ішінде Министрліктің әр қызметкерімен жақын дос болып кеттік.

Командамызбен бірлесе талай жұмыс атқардық. Әрқайсыңызға еңбектеріңіз үшін алғысым зор! Сіздердей адамдармен бірлесе жұмыс істеп, шамам келгенше пайдамды тигізгенім үшін тағдырыма ризамын!

Жаңа министр Ақтоты Райымқұлова бастамалардың бәрін жалғастыратынына, Министрліктің жұмысы қарқынды және жоғары нәтижелі қалпында болатынына сенімдімін.

Шынайы көңілмен қабыл алыңыздар, достарым! Ешкіммен қоштаспаймын - сіздерге деген достық көңілде қала беремін", - деп ағынан жарылды Мұхамедиұлы.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен басқа жұмысқа ауысына байланысты Арыстанбек Мұхамедиұлы өз қызметінен босатылған болатын.

Енді мәдениет және спорт министрлігін бұрын вице-министр қызметінде болған Ақтоты Райымқұлова басқарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1800071-eskimmen-kostaspajmyn-mhamedily-elge-zrekzardy-zazbasyn-syndy/

pixel