Өзінен 13 жас үлкен жігітпен бас қоспақ болған ару қалай алданып қалғанын айтты
Жарияланған күні:
Өзінен 13 жас үлкен жігітпен көңіл қоспақ болған жетімдер үйінің түлегі KAZ.NUR.KZ тілшісіне қалай алданып қалғанын баяндап берді. Гүлфайра Муликованың жасы жиырмаға енді толса да, шекесі торсықтай ұл баланы тәрбиелеп отыр.
Жігітінен жүкті болып қалған бойжеткен бүгінде елордадағы Аналар үйін паналап жүр.
"Жетімдер үйінің түлегімін. Әпкелерім бар, бірақ олардың кейбірімен дәм-тұзымыз жараспай қалды, сөйтіп араласпай кеттім. Тек ауылда тұратын, екі баласы бар әпкеммен ғана жақсы араласамын.
Негізі алты апалы-сіңлілі қыздармыз. Сосын бауырымыз бар, онымен де араласып тұрамын.
Ол оқуда және спорттық жарыстары бар, сондықтан көп кездеспей кеттік. Ал негізі маған келіп, хал-жағдайымды біліп тұратын.
Үлкен әпкемізді ғана жасы 18-ден асқандықтан тәтеміз асырап алды, қалғанымыз жетімдер үйінде тәрбиелендік", - деп әңгімесін бастады ол.
Әпкелерінен бөлек шығып, бөлме жалдап тұрған ол өзінен 13 жас үлкен адаммен көңіл жарастырғысы келген екен.
Алайда ер азамат бойжеткеннің аяғы ауыр екенін біліп, оны тастап кеткен. Қазір Гүлфайра Муликова Радмир есімді ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.
"Баланың әкесімен араласпаймыз, тек сәлеміміз түзу. Бізге көмектеспейді де. Ол кісі жасы 33-тегі, үлкен адам. Әлі күнге дейін баласы барын анасына айтпа дейді. Соған қарағанда анасының сөзіне қарсы шыға алмайтын адам деп ойлаймын.
Ал Аналар үйіне осыдан бір ай бұрын келдік. Бұл жер туралы маған құрбым айтып берді. Мен бөлме жалдап тұратынмын, бірақ баламен жұмыс істеу әрі бөлменің ақшасын төлеу қиынға соқты.
Сол себепті осында келдік, бұл жерде бізді жақсы қабылдады, қазір шүкір Аналар үйіне де үйреніп қалдық", - дейді кейіпкер.
Жас қыз болашақта кондитер курсын оқып, табыс тапсам дейді.
"Мамандығым бойынша аспазбын, енді тағы кондитерлік курсты бітіріп алсам ба деймін. Немесе дизайнды үйреніп алғым келеді. Осы жерде үйреніп, кейін осы жоспарларымды жүзеге асырмақпын", - деп әңгімесін аяқтады 20 жасар қыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1800540-zinen-13-zas-lken-zigitpen-bas-kospak-bolgan-aru-kalaj-aldanyp-kalganyn-ajtty/