Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Іш киім алуға да ақшам жоқ": Айлығын енесі тартып алатын ақтөбелік әйел сырын ашты

Опубликовано:

Ақтөбе қаласының Сәбира есімді тұрғыны үнемі ақшадан қысылып жүретінін жеткізді. Жас келіншек мемлекеттік мекемеде жақсы қызмет атқарады. Алайда маңдай терімен тапқан табысы енесінің қалтасына кетіп отырады екен. Күйеуінің анасы Сәбираның жалақы картасын да тартып алған көрінеді. Қиын жағдайда қалған ақтөбелік келіншек жанайқайын KAZ.NUR.KZ порталына айтып берді.

Көрнекі фото: mamsy.ru
Көрнекі фото: mamsy.ru: Facebook

Сәбира тұрмысқа шыққанына биыл төрт жыл болады. Бүгінде ол екі жастағы ұлын тәрбиелеп отыр. Жас келіншек ата-енесімен бірге үлкен шаңырақтың астында тұрады Өзі жергілікті әкімшілікте бөлім басшысы болып қызмет атқарады. Алайда Сәбираның несібесі өзіне бұйырмай жүр.

"Келін болып түскенімде аяғым ауыр болатын. Біраз уақыт жұмысқа қатынап жүрдім. Бір күні үйге келсем, енем бұлқан-талқан болып жүр екен. Маған айлықты алақаныма саласың, қаржы бір қалтадан шығу керек деді. Бұл сөзді естігенімде қатты таңқалдым.
Қанша ақша тапсам да, ешқашан өз ата-анама табысымды берген адам емес едім. Тіпті ол кісілер қанша айлық алатынымды да сұраған емес. Тек қажет дүниелерін алып беретінмін", - дейді ақтөбелік келіншек.

Енесінің талабын жас келіншек күйеуіне айтып берген екен. Сөйтсе, жолдасы Еркін де жалақысын анасы беретінін айтыпты. Сол уақыттан бері жас келіншек өз ақшасын өзі жұмсап, өзі ұстау дегенді ұмытыпты.

Жуырда енесі тіпті жалақы картасын да алып қойып, ақша түскен күні өзі банкоматқа баратын болған.

"Бала күтімімен үйде отырғанымда қатты қиналдым. Күйеуім ақшасын анасына әкеліп беретін. Балаға керек жөргекті де сатып алуға зорға ақша беретін еді. Күндіз жөргек кигізбей, тозып кеткен жаялықтарды пайдаланатынмын. Қыдыру дегенді мүлдем ұмыттық", - деді Сабира.

Қазір Сәбира жұмысына барып жүр. Енесіне күнделікті терезенің алдына жолақыға жететін ақша қояды екен. Түскі тамақты үйінен алып кетеді. Бұрыңғыдай құрбыларымен кафеде отырып, дәмді тамаққа тапсырыс беруді қалайды. Алайда қалтада ақша болмағандықтан, ол күндерді еске алмауға тырысамын дейді.

"Әкімшілікте жұмыс жасағандықтан жақсы киініп жүргенді қалайсың. Ұжымда туған күнге, қайтыс болған кісіге көңіл айтуға ақша жинап тұрамыз. Мұнан бөлек түрлі мерекелер бар. Қарап отырсам үнемі жұртқа қол жайып, қарыз сұраймын да жүремін. Берешек ақшамды да әрең дегенде қайтарамын.
Әріптестерім сыртымнан әңгіме айтатынында білемін. Күйеуім айлығынан бөлек тапқан табысын тығып береді. Бірақ ол ақша барлық шығындарымды жабуға жетпейді", - деді біздің кейіпкер.

Сәбираның айтуынша, енесі ақшаға келгенде өте сараң кісі. Күйеуі екеуінің айлығына тіпті дұрыс азық-түлік те алмайды екен. Кішкентай баласына тәттілер алуға келіншектің ақшасы бола бермейді. Көп жағдайда күйеуінің анасы ақшаны тұрмысқа кеткен қыздарына береді екен.

"Қайын апам мен қайың сіңілім үйімізден шықпайды. Әсіресе, біз айлық алатын күнді біліп алған. Келіп алып, "ақша жоқ" деп жылайды. Енем менің көзімше, менің ақшамды қызына ұстатып жібергенін көрдім. Ашуға булыққаным да рас.
Бірақ күйеуім анасына қарсы келмеуімді сұрайды. Жасы жетпіске келген шешесін аяйды. Ал, қарапайым іш киімге қаржы жеткізе алмай жүрген менің сөзімді тыңдағысы келмейді. Кейде тіпті гигиеналық заттарымды да алуға ақшам болмай қалады", - деп ашынады жас келіншек.

Сәбира енесіндегі жалақы картасын жауып тастап, жаңасын ашып алғысы келетінін айтады. Алайда бұл әрекеттен кейін отбасының шырқы бұзыла ма деп қорқады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1803803-is-kiim-aluga-da-aksam-zok-ajlygyn-enesi-tartyp-alatyn-aktbelik-jel-syryn-asty/

pixel