Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бойы екі метр: Алып денелі, сымбатты қазақ жігіттері жайлы білесіз бе?

Опубликовано:

Еліміздегі мерекелер мен той-думандарда қазақтың ұлттық киімін киген алып денелі, бойы ұзын жігіттерді көреміз. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай азаматтар өмірде немен айналысады? Олардың жеке өмірі мен қоғамның оларға деген көзқарасы жайлы el.kz хабарлайды.

Алып жігіттер. Фото: el.kz. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Алып жігіттер. Фото: el.kz. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Ұлттық мерекелерде халық алдына шығып, өнер көрсететін "алпауыттардың" көбі Алматыдағы "Арлан Жете" театрының әртіс-батырлары.

Солардың бірі – Жамбыл облысының тумасы Ербол Төлепберген.

25 жастағы жігіттің бойы - 2 метр 5 см, ал салмағы – 140 келі.

Ербол Төлепберген. Фото: el.kz
Ербол Төлепберген. Фото: el.kz: Instagram

Айтуынша, шамамен 8-9 сыныптарда оқып жүргенде бойы күрт өсе бастаған. Яғни 15-16 жасқа дейін бойы 1 метр 78 см болса, одан кейін он сантиметрлеп өсіп отырған.

Өзіне шақ келетін киім таба алмай қиналған Ербол жатар алдыңда "Я Алла Тағалам, осы бойым бір күннің ішінде кішірейіп қалса екен" деп күрсініп, жылап та алатын болған.

"Кейін ол мұңаюымның бекер екенін түсініп, осындай елден ерекше қылып, бой беріп, халықтың алдында жүруін нәсіп еткені үшін  Алла Тағалаға рақмет айттым", - дейді ол.

Айта кететіні, Ербол Төлепберген өткен жылы шаңырақ көтерген. Оның келіншегінің бойы - 170 см.

Алып жігіттің айтуынша, ол жеке темір тұлпарын алғанша, басын талай көлікке соғып ала берген.

Діттеген жеріне жету үшін көліктердің ішінде бүктеліп тұруға мәжбүр болыпты. Әсіресе жылдамдық бәсеңдеткіш жерлерден өткен кезде төбеге басын талай ұрып алыпты.

Қоғамдық көліктерде де көптеген мәселелерге кезігіп, түскенше тынысы тарылады екен. Ал қазір өзінің ұзын бойына лайықты автокөлігімен жүреді.

Ол ұшаққа отырғанда қосымша шығатын есіктің жанынан орын алғанды ұнатады. Өйткені бұл жерде аяқтарын емін-еркін созуға мүмкіндік бар. 

Әрдайым қалаған орынға отыру мүмкін болмағандықтан, алды тар орындықтардан діттеген жеріне жеткенше "таяқ" жейді екен.

Мұндай келеңсіздіктерден шаршаған Ербол әрдайым сапар алдында арнайы кассаларға барып, жайлы орынға тапсырыс беретін көрінеді. 

Алып жігіттер. Фото: el.kz
Алып жігіттер. Фото: el.kz: Instagram
Айта кетейік, алғаш құрылғанда "Арлан Жете" театрында бар-жоғы үш-ақ батыр болған. Бірақ жыл өткен сайын мүшелерінің саны көбейіп, құрамы біртіндеп кеңейе бастайды.

Қазіргі кезде мұнда шамамен 40-қа жуық батыр жиналған. Олардың ең биігінің бойы - 2 метр 14 см, ал ең кішісі – 1 метр 93 см. 

Театр жетекшісі бойымен қоса, олардан арнайы емтихан алып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандарды ғана қабылдайтынын айтады.

Талапкерлер Қазақстан тарихынан білімін көрсету үшін арнайы сұрақтарға жауап берулері тиіс. Бастысы мұнда тек 15 пен 40 жас аралығындағы қыз-жігіттер  өнер көрсетеді.

Алып жігіттер. Фото: el.kz
Алып жігіттер. Фото: el.kz: Instagram
Тағы бір айтатыны, алып денелі батырлардың киген костюмдерінің салмағы да әртүрлі. Киімдердің ең жеңілі - 10 келі. Ал ең ауыры 30 келіге жетеді.

Сауыттың салмағы 37 келі болса, қылыштың салмағы 1,5 келі болады. Олар нағыз жібек пен былғарыдан, құнды маталардан, жібектен тігіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1804165-bojy-eki-metr-alyp-deneli-symbatty-kazak-zigitteri-zajly-bilesiz-be-foto/

pixel