Төрт жыл жүрген жігітіне ерегіскен қыз төрт-ақ күнде басқаға тұрмысқа шығып кетті
Жарияланған күні:
Аты-жөнін атамаған ару төрт жыл жүрген жігітін тастап, төрт-ақ күнде басқа жанмен отбасын құрған. Бүгінде 10 жас үлкен жұбайымен бақытты ғұмыр кешіп жүрген келіншек кейде бұрынғы ғашығының наласына қалғандай сезінетінін айтады деп жазады "Алаш айнасы".
Кейіпкердің айтуынша, ол бұрынғы сүйіктісімен қайта-қайта сөз келіп қалатын болған.
"Бұрын жігітім болған. Екеуміз бір-бірімізді жақсы көрсек те, көп ренжісетінбіз. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын. Неше түрлі балағат сөздер, орынсыз айыптаулар мені әбден шаршатты, уақыт өте келе одан көңілім қала бастады. Бәрі қызғаныштан туындайтын. Жақсы көрген соң көнетінмін", - дейді ол.
Ақырында шыдамы таусылған бойжеткен аз-ақ уақыт ішінде басқаға тұрмысқа шығып кетіпті.
"Бірақ, не нәрсенің де шегі бар ғой, шыдамым таусылды. Кезекті ренжісіп қалған кезімізде, көзімді жұмып, күйеуге шығып кеттім. Күйеуім ұсыныс жасағанда жүрегім шымыр етіп, бір сәт ол жанды ойламадым. Кетіп бара жатқанымда да қиналмадым. Артыма да қарайламадым. Талай өткізген қызықтарым бәрі қалды. Өзімше, осындай шешім қабылдауым дұрыс болды-ау деп ойлаймын. Өйткені бұрынғы жігітіммен болашағымның жоқ екеніне, бақытты отбасы бола алмасымызға әбден көзім жетті", - дейді ол.
Ғашығының басқа біреумен отасқанын білген жігіт жылап, қайта оралуын сұрапты.
"Ал ол болса менің күйеуге шығып кеткенімді білген соң жылады, маған хабарласып, қайтадан ойлануымды өтініп жалынды. Ол менен мұндай қадамды күткен жоқ. Не жасасам да көніп жүре береді, ешқайда кетпейді деп ойлады. Мен оның маған 4 жыл тарттырған азабын, өзіне бір-ақ күнде тартқыздым. Кезінде айтатынмын "барымда бағала, мен бұлай жүре бермеймін, менің де көңілім қалатын күн туады, бір-ақ күнде тастаймын да кетемін" деп. Құдай аузыма салғандай. Жақсы жанға жолықтым. Тәубе! Шүкіршілік қыламын", - деп жалғастырды ол әңгімесін.
Бүгінде бақытты ғұмыр кешіп жүрген келіншек бұынғы жігітін әлеуметтік желіден қарап отырады екен.
"Бірақ, қорқамын сол жанның көз жасынан, наласынан. Бұрынғы жігітімнің әлеуметтік желілеріне кейде кіріп қарап қоямын. Мұңды әуендер, қайғылы картиналарға толып тұр. Осындай кезде өзімді кінәлі сезініп кетемін. Мұным дұрыс емес, білемін. Ойлаған сайын түсіме де кіреді. Шаршадым", - деп түйіндеді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1804379-trt-zyl-zrgen-zigitine-eregisken-kyz-trt-ak-knde-baskaga-trmyska-sygyp-ketti/