RU

Алматыда экстремалдық жарыс қатысушысы көз жұмды

13 шілде күні Алматыда өткен экстремалдық жарыс қатысушыларының бірі Дәулет Бейсембаев доданың бірінші шақырымында өзін жайсыз сезініп, көз жұмған. Бұл туралы Nomad Race-тің Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарланды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Желіде жарияланған мәтінде спортшының жағдайы нашарлаған соң, оған дәрігерлердің екі бригадасы көмектесуге тырысқаны жазылды. Екі сағат бойы реанимациялық шаралар жүргізілген. Алайда, Дәулет Бейсембаев қайтыс болған.

Қазіргі таңда марқұмның өліміне не себеп болғаны анықталып жатыр. Жарыс ұйымдастырушылары оны кейін жария етуге уәде етті.

Nomad Race спортшының отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.

Adrenaline Nomad Race жарысының қатысушылары жолында кездескен шұңқырлар, атлас тастар мен құбырлардан сәтті өтіп, тік қабырғаға шығып түсіп, батпақты шұңқырлар мен бірқатар түрлі тосқауылдарды еңсеруге міндетті болған.

Үш пен 10 шақырым аралығындағы қашықтықта 15-тен 45-ке дейін бөгет қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1804613-almatyda-ekstremaldyk-zarys-katysusysy-kz-zmdy.html