RU
Елордадағы тұрғын үйлерді елес кезіп жүргені рас па?

Елордадағы тұрғын үйлерді елес кезіп жүргені рас па?

Рассказать Вконтакте

Халық арасында Нұр-Сұлтанның кейбір тұрғын үйлерінде "тылсым күштер бар" деген қауесет тараған. Атап айтқанда, "Мәскеу", "Свечки" тұрғын үйлері, сондай-ақ "Қараөткел" қабіріне қатысты алып-қашпа әңгімелер көп айтылады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Фото: sputnik/Дәурен Ерболат

Фото: sputnik/Дәурен Ерболат

Бөгенбай және Сарыарқа көшелері қиылысындағы "Свечки" тұрғын үйінде 5 жылдан аса өмір сүрген тұрғын мұнда белгісіз бір тылсым күштің барын алға тартады. Оның айтуынша, үйдегі электр құралдары жиі істен шығады. Сондай-ақ ол бұл үйде жиі басы ауыратынын, тынығып ұйықтай алмайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, дәл осы көшелердің қиылысында жол апаты жиі болып тұратын көрінеді.

2009 жылы жазда Бөгенбай көшесін кеңейту кезінде жұмысшылар 19 ғасырда жерленген төрт адамның қабірін тапқан екен.

Нұр-Сұлтанның байырғы тұрғыны Валерий Ильин Сарыарқа мен Бөгенбай көшелерінің қиылысында 1915 жылдан 1960 жылға дейін православ зираты болғанын айтады.

"Свечи" тұрғын үй кешенінің және "Астана" медицина университетінің орнында бұрын православ зираты болды. "Казахстанская правда" газетінің ғимаратына қарама-қарсы тұрған үйлер қабірдің үстіне тұрғызылған", – дейді ол.
Фото: sputnik/Дәурен Ерболат

Фото: sputnik/Дәурен Ерболат

Елордада 28 жылдан бері тұрып жатқан Айжан Арминаның айтуынша, "Мәскеу" тұрғын үй кешеніне байланысты да алып-қашпа әңгімелер көп.

"Осы үй тұрғындарының айтуынша, мұнда бір әйелдің елесі кезіп жүреді екен. Ол әйел осыдан бірнеше жыл бұрын құрбысының үйіне қонаққа келіп, 15-қабатта лифтінің шахтасына құлап кеткен. Сол жерде қаза тапқан. Сондай-ақ, бір қыз жоғары қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған. Құрбым осы үйде тұрады. Ол мұнда қайғылы оқиғалардың жиі болып тұратынын айтады", – дейді ол.

Алайда осы үйдің өзге тұрғыны Елтай Байылов бұл болжамды жоққа шығарып отыр.

"Осында тұрғаныма 11 жыл болды. Өткен жылы осында бір қыз құлап, өз-өзіне қол салды. Бірақ мұнда тылсым күш жоқ. Ал әртістің қаза тапқанын естіген жоқпын. "Елес бар" деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Әйтпесе, көшіп кетпеймін бе?", - дейді ол.
Фото: sputnik/Дәурен Ерболат

Фото: sputnik/Дәурен Ерболат

Жастар шағын ауданында орналасқан "Қараөткел" мұсылман зираты 1609 жылы салынған. Мұнда соңғы рет адамды 1962 жылы жерлепті.

"Халық арасында бұл зиратта "Кенесары ханның сарбаздары жерленген" деген әңгіме бар. Тұрғындардың бірі осыдан бірнеше жыл бұрын қала билігі қорымды сүрмекші болғанын айтады. "Бірақ халық қарсы болып, онда обамен ауырғандар жатқанын, зиратты қазған кезде ауру ауа арқылы тарауы мүмкін екенін алға тартты", – дейді қала тұрғыны.

"Қараөткел" мұсылман зиратының шырақшысы Еренбек қажы Білімбаевтың айтуынша, мұнда Кенесары ханның сарбаздары, Алашорда қайраткері Смағұл Сәдуақасов, Балуан Шолақтың ғашығы Ғалия, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтың нағашы атасы Кәрім Мәжібекұлы жерленген.

Еренбек қажы зиратты 8 камера арқылы бақылап отырады. Бұл жерде жұмыс істегеніне 1 жыл болыпты. Шырақшы мұнда ешқандай тылсым күштің жоқ екенін жеткізді.

"Зиратты елес кезіп жүрген жоқ. Мұнда күнделікті құран оқылып тұрады. Жын-шайтан жоламайды. Бұл – таза жер. Жақын маңда мейрамхана бар. Сондағы адамдар ішіп, түн ортасында темір есікті тарсылдатып қағатыны бар. Ондай кезде полиция шақырамын. Ешқандай тылсым дүние жоқ. Бұл жер Алланың назарында", - дейді ол.
Сіздің реакцияңыз
2
3
6
3
2
1
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel